Аймақтар • 20 Наурыз, 2019

Қостанайлықтар «Бизнес-кеңесші» курсын онлайн оқи бастады

965 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Енді «Бизнес-кеңесші» курстары алыстан-ақ оқытыла бастады. Мұндай қызметті мүдделі жандар кәсіпкерлердің «Atameken Services» порталынан тегін пайдалануына болады. Облыстағы алғашқы болып Әулиекөл ауданында өз кәсібін бастағысы келгендер онлайн-оқу негізінде сертификаттарын алды.

Қостанайлықтар «Бизнес-кеңесші» курсын онлайн оқи бастады

«Енді кәсіпкерліктің алғашқы әліпбиін оқу үшін екі күн келіп, алтын уақытын жіберіп, партада отырудың қажеті жоқ. Бұл іспен үйде айналысуға болады. Сертификат алу үшін келіп, тест тапсырса жетіп жатыр. Сонымен қатар, «Atameken Services» порталына кіріп, онлайн-режимде қалаған жобасын оқып ала алады» деді облыстық кәсіпкерлер палатасының қаржылық емес бөлім бастығы Роберт Юсупов.

Алайда, кәсіпкерлік білімді күндіз оқығысы келетіндер үшін кәсіпкерлер палатасының базасы мен оның филиалдарында өткізілетін курстар да сақталады. Екі күн бойы мұнда бизнес негізі заңнамалық және бухгалтерлік қызметтен бастап, маркетингіге дейін оқытылады. Сабақты бизнес-жаттықтырушылар, мемлекеттік органдар мен банк қызметкерлері, тағы басқа мамандар жүргізеді.

«Мен мемлекеттік қызметте де, жылжымайтын мүлік агенттігінде де, қыржы ұйымдарында да қызмет істедім. Енді өз ісімді ашқым келеді, сондықтан «Бизнес-кеңесші» курстарына келдім. Бұл туралы көптен естіп жүр едім, дұрыс келдім деп білемін. Бастамаларым бар, соған грант ұтып алғым келеді» дейді Нұрия Есмағамбетова.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

 Қостанай