Қазақстан • 20 Наурыз, 2019

ОСК Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкілеттігі туралы мәлімдеме жасады

1201 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы болды.  Онда Н.Назарбаевтың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату, Сенат Төрағасы Қ.Тоқаевтың өкілеттігін тоқтату және Қазақстан Республикасының Президенті өкілеттігінің Қ.Тоқаевқа көшкені туралы мәселелер қаралған.

ОСК Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкілеттігі туралы мәлімдеме жасады

«Конституцияның 42-бабының 3-тармағына сәйкес Республика Президентінің өкілеттігі жаңадан сайланған Республика Президенті қызметіне кіріскен кезден бастап, сондай-ақ Президент қызметінен мерзімінен бұрын босатылған жағдайда тоқтатылады» делінген хабарламада.

Орталық сайлау комиссиясы атап өткендей, Конституциялық Кеңес 2019 жылғы 15 ақпандағы қаулысымен Қазақстан Президентінің конституциялық мәртебесінен оның өз еркі бойынша өкілеттігін тоқтату құқығы туындайды, ол Мемлекет басшысының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға дербес негіз болып табылады. Тиісті қаулы қабылданды.

«Конституцияның 48-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті қызметінен мерзімінен бұрын босаған жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі қалған мерзімге Парламент Сенатының Төрағасына көшеді. Өзіне Республика Президентінің өкілеттігін қабылдаған тұлға тиісінше Сенат Төрағасының өкілеттігін доғарады» делінген Орталық сайлау комиссиясының хабарында.

Тиісінше, № 885 Жарлықтың 2-тармағымен Президенттің өкілеттігі қалған мерзімге Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа көшті.

Осыған байланысты Конституцияның 48-бабының 1-тармағын және «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» нормаларды басшылыққа ала отырып, ОСК Сенат Төрағасының өкілеттігін тоқтатуға әкелетін негіздің туындағаны туралы қаулы қабылдап, Парламент Сенатына тиісті ұсыным енгізді.

Орталық сайлау комиссиясы қабылданған қаулылардың Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына сәйкес, «Қазақстан Республикасы Президентінің  өкілеттігін атқару туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің  2019 жылғы 19 наурыздағы № 887 Жарлығы негізінде қабылданғанын айтты.