«Мемлекет басшысы Конституцияның 91-бабының 1-тармағына сәйкес, Парламенттің қарауына «ҚР Конституциясына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасын енгізді. Бұл жоба республика астанасының атауын Астана қаласынан Нұрсұлтан қаласына өзгертуді көздейді. «ҚР Конституциясына сәйкес, Үкімет Ата Заңымызға Астананың атауын өзгерту туралы түзету енгізу үшін Республикалық референдум өткізу жөнінде ҚР Президентіне ұсыныс жасады. Президент бұл ұсынысты референдумға шығармай, Парламенттің қарауына жіберу туралы шешім қабылдады. Бұл мәселе бойынша Конституциялық Кеңес өзінің оң қорытындысын да берді» деді Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин.
Бірлескен отырыс барысындағы талқылаудан кейін депутаттар бірауыздан Астананың атауын Нұрсұлтан қаласына өзгерту туралы шешімді қабылдады. Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент міндетін уақытша атқаруға кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының атауын Нұрсұлтан деп өзгерту туралы ұсыныс жасады.