14 Қыркүйек, 2012

Үлкеннің көрінбегені бірден көзге түседі

275 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үлкеннің көрінбегені бірден көзге түседі

Жұма, 14 қыркүйек 2012 7:39

Қытайда ғана емес, ел төрағасының орынбасары, алда сол төрағалыққа тағайындалатыны ресми түрде айқын болған Си Цзиньпиннің біраздан бері көпшілік алдына шықпағаны бүкіл әлемде түрлі-түрлі әңгімелерге арқау болып отыр.

 

Жұма, 14 қыркүйек 2012 7:39

Қытайда ғана емес, ел төрағасының орынбасары, алда сол төрағалыққа тағайындалатыны ресми түрде айқын болған Си Цзиньпиннің біраздан бері көпшілік алдына шықпағаны бүкіл әлемде түрлі-түрлі әңгімелерге арқау болып отыр.

Қай елде болмасын бірінші бас­шының сайлануы – айрықша оқи­ға. Ал әлемдегі жетекші елдердің басшысы кім болатыны сол әлемге ортақ оқиғадай. Өйткені, әлемдік үлкен саясат сол елдерге, оның басшыларына тікелей байланысты. Содан да сол жетекші елдер бас­шыларының сайлануы барша жұрт­тың назарына ілінеді.
Әрине, жұрт Қытай басшы­лы­ғына кімнің сайланатынына да назар аударады. Бірақ бұл елде бі­рінші басшының сайлануы өзге­ше­рек. Оны билеуші партияның бас­шылығы айқындайды. Ал мұнда кездейсоқ адамның келуі әсте де мүмкін емес. Ол жылдар бойы сынақта жүреді. Бұған дейін осылай болған. Уақыты жеткенде бі­рінші басшы ауыстырылады. Сол бірінші басшының тікелей қаты­сы­мен оның орнын басатын адам күні бұрын таңдалады және сайланады.
Билікке қазіргі ел басшысы Ху Цзиньтао да солай келген. Оның орнын басатын Си Цзиньпиннің таңдалғанына да біраз болды. Алдымен ол төрағаның орынбасары және басқа да тиісті лауазымдарға сайланды. Енді оның ең жоғарғы партиялық органда, партия съезін­де партияның Бас хатшысы қыз­ме­тіне сайлануы және ҚХР төр­­аға­лығына бекітілуі қалып отыр. Си Цзиньпиннің бұл қызметке беки­ті­ні ел ішінде ғана емес, бүкіл әлем­де мойындалып қойған. Тіпті басқа елдердің басшылығы өздерінің ресми қарым-қатынасын басқалар­мен емес, қазір Си Цзиньпинмен жүргізгенді қалайды.
Міне, сол адам жұрт көзіне түспей жүр. Егер төтенше себебі болмаса, ол мүмкін емес жай. Ел басшылығы бұл адамның көрінбей кеткені жұрт назарын аударып, түрлі әңгіме туғызатынын жақсы біледі. Сондықтан да оған жол бер­мейді. Соған қарамай, бұл адамның біраздан бері «жоғалып кетуі» шындық. Және бұған байланысты түрлі-түрлі қауесет айтылады. Оны біраз адам автомобиль апатына ұшырапты дейді, қатты сырқат екен деген де сөз бар. Ресми орындар үнсіз. Апатқа ұшырауы, ауру­лығы туралы қауесет айтылуы өз алдына, саясатшылар оны билікке қатыстыра да әңгіме етеді – партия басшылығында ішкі күрес бар екен дейді, Си Цзиньпиннің сайлануына күмән келтіріледі.
Қалыптасқан тәртіп бойынша ел басшысын сайлайтын Компартия съезі алдағы қазан айында өту­ге тиіс. Бұл жиын жайында әлі хабар жоқтығы жұртты таңданды­ра­ды. Қалай дегенде де, түсініксіз жай бар.
Сөйтсе де, Си Цзиньпин туралы азын-аулақ мағлұмат бере кеткен жөн болар. Ол партиялық ше­неуніктің отбасында дүниеге келген. Әкесі Си Чжуньсюн провинция губернаторы, ел үкіметі бас­шысының орынбасары болған. Өзі барлық партиялық басшылық буынынан өтіп, ең жоғары биікке кінә­ратсыз жеткен. Жасы – 59-да. Дәс­түрлі басшылық мерзімін өтеуге то­лық сай келеді. Күні ертең ұлы Қы­тай елінде билік тізгінін ұстай­ты­нына ешқандай күмән жоқ еді. Ал енді сондай биікке көтерілген адам­ның біраз уақыт көрінбей қалғаны қалай? Біраз жұрт онымен бірге тағы бір партия басшы­лы­ғы­ның ­ада­мы – Хэ Гуцзянның көрін­бей кет­кенінен көбірек қауіп қылады.

Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».