Соңғы жылдары өз өкілеттіліктерінің бірқатарын атқарушы және заң шығарушы билікке тапсырған Назарбаевтың қызметтен кетуі мүмкін екендігі жиі айтылғанымен, сарапшылар бұл процесс біраз уақытқа созылады деп болжаған еді. Сол себепті оның өз өкілеттілігінен бас тарту туралы шешімі бір жағынан мәселені жіті бақылап отырған мамандарға да сюрприз болды. Мемлекет құрушы лидерлердің өздерінен кейінгі кезең қалай болатыны, өтпелі сәтте туындауы мүмкін мәселелерді қалай шеше алатыны деген мәселелер бұл аймақта әрқашан күрделі болып келген-ді. Қызметінен кетуі арқылы өзінен кейінгі билік транзитіндегі өтпелі кезеңді және жаңа буынның Қазақстанды басқару тізгінін қолына алуын Дана Көшбасшы өз көзімен көруге мүмкіндік алып отыр.
Нұрсұлтан Назарбаев «қырғи-қабақ соғыс» аяқталып, КСРО тараған соң тәуелсіздік алған мемлекеттердің арасынан Қазақстанды орасан зор табыстарға қол жеткізген елге айналдырды. Тіпті, Назарбаевтың басқаруымен Қазақстан тек Орта Азияда ғана емес, дүние жүзінде жақсы дамыған мемлекеттердің қатарына кіргеніне күмән жоқ. Кеңес одағы тараған соң пайда болған хаостан елін сәтті құтқара білген Назарбаев бүгінде Қазақстанды әлемнің қуатты экономикасы бар елу мемлекетінің қатарына қосып отыр. Он сегіз миллион халқы бар осынау мемлекеттің қол жеткізген табыстары Назарбаев пен Қазақстан үшін өте маңызды. Жан басына шаққандағы ұлттық табыс тұрғысынан Түркияны да басып озған Қазақстанның тұрақты дамудың нәтижесінде елге жыл сайын көлемді шетел инвестициясын тартуы таң қаларлық жағдай емес, әрі бұдан кейін де елге шетел инвестициясының келуі тоқтай қоймас.
Ұлттық-унитарлы мемлекет құру кезеңін 130 дан астам этностан тұратын қоғаммен бірге табысты түрде өткізу әрі елдегі қазақ ұлтының санын жетпіс пайызға жуық мөлшерге шығара білуі Назарбаевтың ең үлкен жетістіктерінің бірі. Кеңес одағы тәрізді полиэтносты қоғамнан шығып ұлттық мемлекет құру, ұлтты ұйыстыру оңай-оспақ іс емес. Қазақстан бұл тұрғыдан қарастырар болса шағын Кеңес одағын еске түсіретін еді. Кеңес одағы тәрізді ол да бөлшектеніп кетуі ықтимал болатын. Тіпті батыстың бірқатар сарапшыларының болжамы бойынша осы ерекшеліктің салдарынан елде тұрақсыздық пайда болып, ұлтаралық қақтығыстар шығып, қантөгістер болуы, мемлекеттің ыдырап кетуі мүмкін еді, алайда Назарбаевтың көрегендігі мен қайреткерлігі мұндай болжамдардың тас-талқанын шығарды. Елде бірде-бір этникалық қақтығыс болған жоқ, керісінше полиэтностан құралған қоғамнан ұлттық-унитарлы мемлекет жүйесі пайда болды.
Сыртқы саясат болса Назарбаевтың ең үлкен табыстарға қол жеткізген келесі бір саласы еді. Халықаралық тепе-теңдіктің сақталуын ескере отырып бір жағынан Ресеймен одақтас ретінде әрекет жасауы, екінші жағынан әлемнің өзге де саяси орталықтарымен Қазақстанның мүддесі тұрғысынан жақсы байланыстар құра білгені Назарбаевты да, Қазақстанды да посткеңестің елдерде ғана емес, дүниежүзінде беделді мемлекетке айналдырды. Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрушы мүшесі болған Қазақстан екінші жағынан Иран және Израильмен де жақсы қарым-қатынас орнатқан мемлекет. Түркиямен байланыстарға айырықша мән берген Назарбаев Ресей ұшағының атып түсірілуінен кейінгі дағдарыс кезінде даналығын тағы да көрсетті. Назарбаевтың салмақты, көреген һәм мемлекет мүдделерін алдыңғы қатарға қоятын осынау сыртқы саясат ұстанымы елін Украина мысалында көрініс берген қанды қақтығыстер мен бөлшектену қаупінен құтқарды.
Қазақстан жайлы сөз еткенде көңілді алаңдататын ең үлкен мәселе Назарбаевтан кейін елде не болады деген сұрақ төңірегінде туындайтын. Әдетте, мұндай мемлекет құрушы лидерлердің барлық жағдайды бақылауында ұстай алатын харизматик тұлғасы саяси сахнадан кеткен соң көптеген елдерде күрделі мәселелер туындап жататыны бар. Мұндай жағдайлар Қазақстанда да қалыптасып, ел іші бүліншілікке ұрынар ма екен деген сауал аймақты бақылап отырған әрбір зерттеушінің көкейінде жүретін. Ал, Дана Көшбасшы болса 19 наурызда қызметінен кету арқылы бұл сауалдарға бірден жауап берді. Қазақстанда билік транзиті кезеңі шиеленіске толы болмайды; өйткені өтпелі кезең Дана Көшбасшының көзі тірісінде әрі елдің конституциялық құрылымы аясында бейбіт түрде өтеді.
Дана Көшбасшы өз өкілеттілігін тоқтататыны жайлы мәлімдеме жасаған сәтінде атап өткеніндей, Қазақстанның келер буынына да зор сенім артатынын байқатты. «Мен кетсем елімнің халі не болады?» деген сауалдың орнына жаңа буын өсіріп, елді солардың басқаруына қалдыру тәрізді ерекше дәстүр бастады. Осылайша өзі іргесін қалаған әрі елдің астанасы, байтағы мағынасын беретін атауға ие Астана (Осман империясы кезінде Ыстамбул қаласын да жиі-жиі Аситане деп атайтын) қаласының аты Нұрсұлтан болып өзгерді. Әлемде санаулы ғана ел мемлекет құрушы лидердің атымен үндесіп жатады. Мәселен, бүгінгі Германияы Бисмарк Германиясы, Кайзер Германиясы деп атаған да кездер болған. Мемлекет құрушы тұлғаның есімімен біте қайнасқан атауы бар елдердің ең жарқын мысалы ретінде Түркия мен Ататүрікті атауға болады. Дана көшбасшы Назарбаев пен Қазақстан есімдері де болашақта қатар аталатын болады. Бұдан кейін Түркі дүниесінің Ақсақалы ретінде ғұмырын жалғастыратын Назарбаевтың ақыл-кеңесі мен тәжірибелерін Түркияның да ескеруі өте пайдалы деп ойлаймын.
Хасан Үнал, ғылым докторы,
Малтепе университеті, саяси ғылымдар және халықаралық қатынастар факультеті, Түркия