Қазақстан • 22 Наурыз, 2019

Нұр-Сұлтан атауы – Елбасына құрмет пен Қазақстанның өркендеуіне берілген баға

1047 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нұрсұлтан Назарбаевтың Президенттік өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдауы нағыз тарихи оқиға. Елбасы Тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңі үшін ең күрделі тәуекелдерге барудан жүрексінген емес. 

Нұр-Сұлтан атауы – Елбасына құрмет пен Қазақстанның өркендеуіне берілген баға

Өткен 30 жыл ішінде Қазақстан атын әлемге әйгілеуден бөлек шекарамызды шегендеу, оның ішінде ортақ өзендерді бөлісудің қаншалықты маңызды болғанын, бір ғана Каспи теңізінің мәртебесіне қатысты ұзаққа созылған келіссөздердің жемісі аяқталуын келер ұрпақ мақтанып айтып жүретін болады. 

Елбасы ел ішіндегі әлеуметік жағдайдың жақсаруына, мәдениет пен білімнің өркендеуіне, спорт пен денсаулық саласының дамуына бірінші кезекте көңіл бөлді. Оны біз өз балаларымыздың білім, ғлымы, өнер жарыстарына қатысып, әлемнің озық мемлекеттерінң оқушыларынан озып келгенінен көріп отырмыз. Спорт саласындағы жетістіктер туралы айтсам, ұзақ таңға жетеді. Әлеуметтік жағдайдың көтерілуін, көпбалалы аналарға қатысты қолдау шараларының жолға қойылғанынан хабардармыз. Елбасы өз Жолдауында азаматтарды Отаншыл болуға, туған жерін түлетуге үндеді ғой. Оның нақты жолдарын көрсетіп те берді. Халқымыздың әл-ауқатын арттыруға, тұрмысын түзеуге Үкімет білек сыбанып кірісіп жатыр. Тұңғыш Президенттің мұғалімдердің мәртебесін көтеруге, дәрігерлердің жалақысын көбейтуге тапсырма бергені сол кезде-ақ ел ішін сүйсіндіріп тастады. Елбасының тарихи миссиясына қатысты айтқанда алдымен осы жағдайлар ойыма оралды.

Ал елордамызға  Елбасы есімін беру мәселесі уақыттың көрігінде пісіп, жұрттың жүрегінде нақтыланған шешім. Жалпы, Алматы – бұрынғы бас қала. Бүгінде бұл ұлы миссияны Астана арқалап, қазақтың көшін алға сүйреп келеді. Біз көрген тоқсаныншы жылдардың басында Ақмола деп аталатын кішкентай ғана кент еді.Солтүстік аймақтың климаты қатал жазық даласында орналасқан шағын шаһар көп ұзамай тоты құстай түрленіп, жердегі жұмаққа айналды. Ғажайып құбылыстың авторы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Ол қаланың сәулеттік концепциясын әзірлеп, аумағын кеңейтті. Қазір отыз жыл бұрынғы Ақмола мен бүгінгі Астананың келбетін салыстырғанда, жер мен көктей айырмашылықты еш қиындықсыз байқауға болады. АҚШ мемлекеті де астанасын Вашингтон деп атады емес пе?! Вьетнамдықтар да бірінші Президентінің құрметіне бір қаласын Хошимин деп өзгертті. Ырымшыл қазақпыз, жолын берсін, Астана атауын Нұрсұлтан деп ауыстыруды бәріміз қолдағанымыз жөн.

Біз бұл шешімді қолдау арқылы Елбасына деген құрмет пен алғыс сезімін ғана емес, Назарбаевпен бірге өркендеген Қазақстанның нығаюына да өз бағамызды бергенімізді білдіреміз.  Сондықтан, Нұр – Сұлтан атауы елордаға әбден жарасымды.

Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ,

Қазақстанның Еңбек Ері,

«Жақсылық» шаруа қожалығының басшысы

Алматы облысы