Ассамблея алаңдарындағы іс-шаралар ауқымы кең
Сейсенбі, 2 қазан 2012 6:40
Қазақстан Республикасының делегациясы Нью-Йоркте өтіп жатқан БҰҰ Бас Ассамблеясының 67-ші сессиясының іс-шараларына қатысуын жалғастыруда.
Сейсенбі, 2 қазан 2012 6:40
Қазақстан Республикасының делегациясы Нью-Йоркте өтіп жатқан БҰҰ Бас Ассамблеясының 67-ші сессиясының іс-шараларына қатысуын жалғастыруда.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер топтарының 11-ші министрлік кездесуінде сөз сөйледі. 2003 жылы қабылданған Алматы іс-шара бағдарламасын іске асыру жұмысында айтарлықтай ілгерілеушілік бар екені қанағатпен атап өтілді. Теңізге шығар жолы жоқ елдердің мүдделерін шынымен қорғайтын, заңды түрде міндеттейтін жаһандық және аймақтық құралдарды жасап шығару мен қабылдау қажеттігі атап көрсетілді.
Қазақстандық вице-министр сондай-ақ өз сөзінде Қазақстан автомобиль және теміржол көліктерін жаңғырту, көлік саласындағы құжат айналымын автоматтандыру жөнінде шаралар қабылдап жатқанын атап өтті. Еліміздің еуразиялық көлік инфрақұрылымын дамытуға және, сәйкесінше, теңізге шығар жолы жоқ аймақ елдерінің транзиттік-көліктік, сонымен қатар, сауда-экспорттық әлеуетін дамытуға барынша үлес қосуға ниетті екені де айтылды.
БҰҰ Бас хатшысының бастамасымен ұйымдастырылған тағам саласындағы қызмет ауқымын кеңейту жөніндегі жоғары деңгейдегі кездесуде ашаршылықпен күрес және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды. Қазақстандық делегация өкілінің сөйлеген сөзінде ел Үкіметінің халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, аграрлық секторды дамытуға, «Саламатты Қазақстан» денсаулық сақтау бағдарламасын жүзеге асыруға салып отырған күш-жігері аталды. Бидай және ұн өнімдерін өндіру мен экспорттау бойынша әлемнің алдыңғы қатарлы елі болып саналатын Қазақстанның жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосуға атсалысып келе жатқаны атап көрсетілді.
Бас Ассамблея сессиясы алаңдарында қазақстандық делегация бірқатар екіжақты кездесулер мен консультациялар өткізіп, онда ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, сонымен қатар, «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесін өткізуге Астана кандидатурасын ілгерілету болашағы талқыға салынды. Сондай-ақ, еліміз делегациясы Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесіне, АҚШ сыртқы саясат ассоциациясы көшбасшыларының форумына қатысты.
«Егемен-ақпарат».