Бұл туралы «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы мәлім етті.
- Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиада Ақтөбе қаласында өтті, - деді орталықта. – Білім бәсекесіне еліміздің 14 аймағынан келген 19 команда құрамында 832 оқушы қатысты. Павлодар облысының намысын қорғаған облыстық олимпиаданың 43 жеңімпаздарының ішінен 22 оқушы жүлделі орынға ілікті. Оның ішінде 6 алтын, 3 күміс және 13 қола медальді жеңіп алды.
Қажырлы да қызықты күрес барысында алтын медальдарды физика пәнінен дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің 8, 9, 10, 11 сынып оқушылары Дінмұхамед Рахымжанов, Антон Драганчук, Мирас Қоблан және Владимир Лим иеленді. Ал, география пәнінен – дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 лицей-мектебінің 10 сынып оқушысы Аяжан Егінбай, химия пәнінен – дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің 11 сынып оқушысы Владислав Черданцев ұтып алды. 3 күміс, 13 қоламен қоса, дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының 9, 10, 11 сынып оқушылары Азамат Атикеев, Мәди Мәдиев, Шәміл Ержанов және Павлодар қалалық №39 мектебінің 10 сынып оқушысы Сұлтан Ілияс пен дарынды қыз балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының 11 сынып оқушысы Карина Теміржан «Дарын» РҒПО-ның «Құрмет грамотасын» алды.
Айта кетейік, облыс оқушыларының командасы жалпы есепте 3-орынға қол жеткізіп, «Ең үздік олимпиадалық команда - 2019» атағына ие болды.