Қазақстан әншісінің үш сағатқа жуық уақытқа созылған жеке концерті өткен сарайда ине шаншар орын болған жоқ. Билеттер сатылымға түскен алғашқы күндерде-ақ өтіп кеткен болатын. Қазіргі уақытта әлеуметтік желіде Димаш концертінің видеосы жүктелген.
Мәскеудегі концертке Димаштың шығармашылығына шынайы берілген әлемнің 50-ден астам елінен жанкүйерлер келген. Құрметті қонақтар арасында әншінің ата-анасы, Қазақстанның Ресейдегі Елшісі, Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі, Ресей Премьер-Министрінің жұбайы, эстрада жұлдыздары және өзге де беделді азаматтар болған.
Димаштың әр әні аяқталған сайын жанкүйерлердің «Димаш!», «Жарайсың!» деген дауыстардан зал жаңғырып тұрды. Әсіресе, қытайлық өнерсүйер қауымның «Димаши», «Шеше» деген айқайынан құлақ тұнады.
Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің концертінен бір күн бұрын әлемнің 56 елінен 400-ден астам жанкүйер Мәскеуде «pre-party»-де бас қосқан еді.