Қазақстан • 23 Наурыз, 2019

Анар Жайылғанова:  Астананың атауын өзгерту процедурасы заңға сай жүргізіліп жатыр

627 реткөрсетілді

Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Анар Жайылғанова Астана қаласының атауын өзгерту процедурасы толығымен заңға сәйкес жүргізіліп жатқанын айтты.

Сөз басында депутат ханым Елбасының тарихи шешіміне назар аударып, бұл мәселенің де Ата заңға еш қайшы келмейтінін жеткізді.

«Елбасының осындай шешім қабылдауы Конституцияға сәйкес келеді. Себебі, оған дейін Елбасының Конституциялық кеңес арқылы бұл мәселені жан-жақты талқылап, пысықтап алғанын бәріміз жақсы білеміз. Бұл Тұңғыш Президентіміздің Ата заңды құрметтеп, оған бағынатынын көрсетеді. Осыған байланысты 20 наурызда Сенат пен Мәжілістің бірлескен отырысында Қазақстан Республикасының Президенті өкілеттігін сол кездегі Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа беруі туралы мәселені талқыладық», деді Анар Жайылғанова.

Сондай-ақ Мәжіліс депутаты аталған отырыста тағы бір маңызды мәселе қаралғанын айтты.

«Сол күні Астана қаласының атын өзгерту мәселесі де қаралды. Бұл мәселені Сенат пен Мәжіліс депутаттары бірауыздан қолдап дауыс берді. Себебі, Елбасының Астананы салуға сіңірген еңбегі орасан зор. Қаладағы әр ғимаратта Елбасының қолтаңбасы бар. Осындай әсем шаһардың салынуын Тұңғыш Президентіміз тікелей қадағалап, бүкіл күш-жігерін соған жұмсады. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Тіпті жастарымыздың осындай әлемдік деңгейдегі қалада тұрып жатқанын шетелдіктердің алдында да үлкен мақтаныш тұтатынына өз басым кәміл сенемін», деді Анар Жайылғанова.

Осы мәселеге қатысты қоғамда түрлі пікірлер айтылып жатқанына назар аударған депутат оның Конституцияға сай екенін ерекше атап өтті.

«Қазір бұл мәселенің Конституцияға қаншалықты сай екені туралы көптеген пікірлер айтылып жатыр. Ол туралы кезінде Конституциялық Кеңестің мүшесі болған адам ретінде айтар болсам, аталған бастама толығымен заң шеңберінде шешіліп отыр. Өйткені аталған жайтқа қатысты заң жобасын Парламентке Президенттің өзі емес Үкімет енгізген болатын. Конституцияның 61-бабына сәйкес Үкіметтің осындай құзіреті бар. Осы құзіреттің шеңберінде Үкімет ол мәселені жаңа Президентке ұсынды. Өз кезегінде жаңа Мемлекет басшысы бұл мәселе бойынша Ата заңның 91-бабына сәйкес Конституциялық кеңеске жүгінді. Нәтижесінде Конституциялық кеңес осы мәселе жөнінде оны Парламентке жіберуге болады деген арнайы шешім де шығарды. Сондықтан Сенат пен Мәжіліс өзінің бірлескен отырысында мәселенің заңдық тұрғыда толық қамтылғанын ескеріп, заң жобасын екі оқылымда қабылдады. Енді бұл заң жобасы Президент қол қойғаннан кейін өз күшіне енеді»,  деді ол.

 

 

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар