Асқар Мамин облыс орталығында алдымен ат шалдырған нысан – қалалық көпсалалы аурухана болды. Мұнда онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтайтын жағдаяттық орталық жұмыс істейді. Соңғы үлгідегі радиологиялық-ақпараттық кешен қауіпті дертті бастапқы кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Орталық жұмысы толықтай цифрлық жүйеге көшкен. Қызметті орталық серверге қосылған жасанды интеллект атқарады. Әрі бұл жерге облыстағы 13 емдеу мекемесіне қойылған сексенге жуық цифрлы қондырғылары тікелей жалғанған. Яғни, орталықтанған жүйеде науқас бойында обыр белгілерінің бар-жоғы оңай анықталатын болды.
- Орталық былтыр желтоқсан айында іске қосылды. Содан бері 36 мыңнан астам тексеруден өтіп, 146 адамда қатерлі ісік аурының белгілері анықталды. Бұл аймақтағы денсаулық сақтау салсын дамытудағы озық үлгі,- деді Үкімет басшысына орталық жұмысы жайлы түсіндірген облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ.
Сондай-ақ, Асқар Мамин қаладағы «Талдықорған» индустриялы аймағының инфрақұрылымымен танысты. Бүгінде аймақ бойынша жалпы көлемі 4192,5 гектарды құрайтын 6 индустриялық аймақты дамыту бойынша жұмыс жүргізілуде. Бағытты дамыту бойынша тиісті тапсырмалар берген Премьер іргетасы 1975 жылы қаланып, бүгінгі күнге дейін әлемдік деңгецде сұранысқа ие өнім шығарып отырған «Қайнар» аккумулятор зауытында болды. 1600 адам еңбек етеін зауыт былтыр 2,5 млн дана қуат батереяларын жасаған. Бұл қаржыға шаққанда шамамен 27 млрд теңге болады.
Қалада жаңадан салынып жатқан көп қабатты тұрғын үй мен жедел медициналық басқару орталығының құрылысын көзбен көрген кейін Үкімет басшысы көп балалы аналарға арнап салынып жатқан коттежд қалашығы аумағына барды. Жалпы, биыл Алматы облысында 784 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріледі деп күтілуде. Оған «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 19 млрд 100 млн теңге қаражат бөлінген. Оған 42 мың шаршы метр жалға берілетін баспана салу көзделген. Ал 2,8 млрд теңге қосымша қаржы көп балалы отбасыларға арналған 8 тұрғын үй салуға жұмсалмақ.
Сондай-ақ, Үкімет басшысы Жетісу жеріндегі сапары аясында өңірдегі туризмді дамыту бойынша кеңес өткізіп, Талғар ауданы аумағындағы демалыс орындарының жұмысымен де танысады.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы