Әлем • 24 Наурыз, 2019

Global Times: Қазақстанның даңқы Назарбаевпен байланысты болған

1079 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Global Times газеті Елбасы Н.Назарбаевтың Президенттік өкілеттігінен бас тартуына қатысты жазған мақаласында Қазақстанның әлемдік аренадағы беделі Тұңғыш Президентпен тікелей байланысты екенін жазады.

Global Times: Қазақстанның даңқы Назарбаевпен байланысты болған

«Назарбаевтың жетістіктері оның Қазақстан тарихындағы ең ірі саясаткер екенін көрсетеді. Ол Кеңес Одағы ыдырағанға дейін де елді басқарған.  Оның куәгері болды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Назарбаев өз елінің жағдайын одан әрі жақсарту үшін дамудың қолайлы жолын таңдады. Бұл Қазақстанды Орталық Азиядағы ең беделді елге айналдырды», дейді басылым.

Сондай-ақ Global Times Н.Назарбаев нарықтық экономикаға көшу арқылы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы түрлі қиындықтарды еңсергенін атап көрсеткен. 

«Назарбаев экономиканы дамыту жөніндегі бірқатар стратегияларды әзірледі. Соның нәтижесінде Қазақстан жан басына шаққанда ІЖӨ-і 10 000 АҚШ долларынан асатын әлемнің 50 жетекші елінің қатарына кірді. Қазақстанның ендігі міндеті – әлемнің ең үздік 30 елінің қатарына кіру. Қазақстан бұл атқа лайық державаға айналды», деп атап өткен мақала авторы.

Бұдан бөлек басылым Елбасының сыртқы саясатта әртараптандырылған және теңдестірілген дипломатиялық стратегияны жақтағанын келтіреді. Соның нәтижесінде Орталық Азиядағы көрші елдермен қарым-қатынас дамып, тарихтан қалған шиеленістер оң шешімін тапқан.

«Назарбаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымына және Еуразиялық экономикалық одаққа кіру, сондай-ақ Ресеймен байланысты дамыту сияқты өңірлік қатынастарды жақсартуға бағытталған бірқатар тетіктер мен ұсыныстарға бастамашылық етті. Еуропалық державалармен және АҚШ-пен жақсы қарым-қатынаста болуды қолдады. Назарбаев бірнеше рет АҚШ пен еуропалық елдерге іс-сапармен барды. Қытаймен жан-жақты әріптестік қарым-қатынас орнатты. Шанхай ынтымақтастық ұйымымен және халықаралық ынтымақтастықтың артуы үшін «Бір белдеу, бір жол» бастамасы бойынша Қазақстанның кеңістігін кеңейтті», делінген Global Times газетінде жарияланған мақалада.

Сондай-ақ Global Times басылымы Қазақстанның абыройы тікелей Н.Назарбаевпен байланысты екенін айтады.

«Қазақстанның даңқы көп жағдайда Назарбаевқа байланысты деп айтуға болады. Енді Қазақстанның  Орталық Азияда жетекші рөл иеленіп, басқа ірі державалардың арасында тепе-теңдік сақтай отырып даму мәселесі алдағы күннің еншісінде», деп түйіндейді мақала авторы.