Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамп Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірлескен жұмысын жоғары бағалай келіп, Қасым-Жомарт Тоқаевпен де осындай жемісті қарым-қатынас қалыптасатынын асыға күтетінін атап өткен.
«Мен Сізді еліңіздің Президенті лауазымына кірісуіңізбен құттықтағым келеді, сондай-ақ Наурыз мейрамында Сізге, отбасыңыз бен Қазақстан халқына қуаныш пен өсіп-өркендеу тілеймін. Осы күндері көптеген америкалықтар мен әлем халықтары да осы тамаша жаңару мейрамын атап өтуде. Біз елдеріміз арасындағы қатынастарда үлкен табыстарға қол жеткіздік және мен олардың дамуы жалғасатынына қуаныштымын. Америка халқы мен бизнесінің Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін жаңа бағыттарды іздеуін жалғастырып жатқанын да алғаусыз ақ көңіліммен бақылап отырамын. Наурыз құтты болсын!», – делінген жеделхатта.
Бельгия Королі Филипп Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Президенті лауазымына кірісуімен құттықтайды және жоғары мемлекеттік қызметте үлкен табыстарға жетуіне шын жүректен тілектестігін білдіреді.
АҚШ Мемлекеттік департаменті ресми өкілінің орынбасары Роберт Палладино өзінің мәлімдемесінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ пен Қазақстан арасындағы берік те серпінді қатынастарының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін жоғары бағалайды.
«Қазақстан үшін осындай тарихи күнде біз заманауи, егемен және өсіп-өркендеген Қазақстанның негізін қалаушы ретіндегі еңбегі зор деп санаймыз және оның үлгілі өңірлік және жаһандық ауқымда көрсеткен жауапкершілікті басшылығын мойындаймыз.
Біз сонымен қатар оның ядролық таратпау саласындағы айтарлықтай еңбегіне, денуклеаризация жөніндегі жаһандық күш-жігер жұмсаудағы көшбасшылығына, билікті бейбіт жолмен берудегі үлгілі іс-әрекетіне және Қазақстандағы, сондай-ақ тұтастай өңірдегі бейбітшілік пен өсіп-өркендеуді қамтамасыз ету ісіне қосқан үлесіне таңғала отырып ризашылығымызды білдіреміз.
Біз Қазақстанның жаңа Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты құттықтаймыз және екі мемлекет арасындағы кең көлемді стратегиялық әріптестікті тереңдету бойынша бірлескен жұмыстар жалғасады деп үміттенеміз. Сондай-ақ біздердің экономикалық даму, сауда-саттық пен инвестициялар, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ұзақ мерзімді өзара мүдделеріміз жалғасады деп сенеміз», – делінген мәлімдемеде.
Германия Федеративтік Республикасының Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстан мен Германияны әріптестік қатынастар байланыстыратынын, ал екіжақты ынтымақтастық көпқырлы және серпінді байланыстардың берік іргетасына негізделгенін атап көрсетеді. ГФР Президенті Қазақстанның өңірде айтарлықтай және жауапкершілікті рөл атқаруын жалғастыратынына және Германияның серіктесі болып қалатынына сенім білдіреді.
Италия Республикасының Президенті Серджо Маттарелла Италия халқының және жеке өзінің атынан Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына тағайындалуымен құттықтап, Қазақстан үшін маңызды осы тарихи кезеңде жоғары мандатын табысты орындауға тілектестігін білдіреді.
«Сіздің мандатыңыз барысында Қазақстан мен Италия арасындағы қатынастар екіжақты форматта да, сондай-ақ Еуроодақпен қатынастар аясында да кең әрі көпқырлы негізде нығая береді деп үміттенемін», делінген құттықтау хатында.
Мажарстан Президенті Янош Адер өзінің жеделхатында мажар және қазақ халықтары арасындағы ізгі достықты сақтау мен нығайту бірінші кезектегі маңызға ие екенін айта келіп, Мажарстанның екі ел арасындағы жақын қатынастар мен өзара құрметке құрылған ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға дайын екенін атап көрсетеді.
Украина Президенті Петр Порошенко Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсібилігі мен өмірлік тәжірибесі Қазақстанның әрі қарай дамуына, мемлекет ретінде іргесі беки түсуіне және халықаралық аренадағы беделін бекемдеуге ықпал ететінін атап өтеді.
«Ортақ күш-жігер нәтижесінде қол жеткізілген достық пен өзара құрмет біздің елдерімізді әрі қарай да өзара тиімді ынтымақтастыққа жетелеп, екіжақты және халықаралық міндеттемелерімізді нақты орындауға алғышарт жасайтынына сенемін», – делінген жеделхатта.
Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан өзінің хатында мажар үкіметі алдағы уақытта да Қазақстанмен көпжақты стратегиялық ынтымақтастықты дамытуға бағыт ұстанатынына сендіреді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кірісуімен құттықтай келіп, БҰҰ жүйесінде үлкен құрметке ие адамның осындай лауазымға тағайындалғаны тек ризашылық сезімін тудыратынын ерекше атайды.
«Сізбен тығыз ынтымақтастықты асыға күтемін. Өзара түсіністігіміз Қазақстанның Сыртқы істер министрі болып тұрған кезіңізде құрылуына өзіңіз атсалысқан БҰҰ-ның Орталық Азиядағы Өңірлік орталығы қызметі аясында да жалғасатынына еш күмән келтірмеймін. Қазақстан өз халқы мен Орталық Азия халықтарының өсіп-өркендеуі үшін де Орнықты даму мақсаттарының белсенді жақтаушысы рөлін сақтап қалады деп үміттенемін», – делінген құттықтау хатында.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Қазақстан Президентінің лауазымына кірісуіне орай құттықтау хаттары мен жеделхаттарын Польша Республикасының бұрынғы президенті Александр Квасьневский, ҰҚШҰ Бас хатшысының міндетін атқарушы Валерий Семериков, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Юрий Федотов, Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының Атқарушы хатшысы Лассина Зербо, Халықаралық энергетика хартиясының Бас хатшысы Урбан Руснак, Хорватияның бұрынғы сыртқы істер министрі Будимир Лончар, Румыния Парламенті депутаттары палатасы төрағасының орынбасары Флорин Иордаке, Бүкіләлемдік өнер және ғылым академиясының Құрметті президенті Иво Шпаус, Женева Дипломатия және халықаралық қатынастар мектебінің президенті Колум Мерфи, сондай-ақ БҰҰ-ның Орталық Азия бойынша Босқындар істері жөніндегі агенттігінің өңірлік өкілдігінің бұрынғы өңірлік үйлестірушісі Сабер Азам да жолдады.