Аймақтар • 26 Наурыз, 2019

Өскеменде патриоттық акция өтті

375 реткөрсетілді

Шығысқазақстандықтар Елордамыз Астана атауының Нұр-Сұлтан болып өзгеруіне қатысты  пікірлерін білдіріп жатыр. Кеше Өскемендегі драма театрда жергілікті атқарушы билік органдарының, кәсіпорындар мен мекемелердің, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен қала жұртшылығының қатысуымен патриоттық акция өтті.

Акцияның ашылуында сөз алған облыс әкімі Даниал Ахметов тәуелсіз Қазақстанның жеткен жетістіктері Тұңғыш Президент - Елбасы есімімен тығыз байланысты екендігін айтып: «Елбасына қандай құрмет көрсетсек те лайық. Елордамыздың жаңа атауы – Нұр-Сұлтан – елдің тілегі, халықтың ниеті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас қаламыздың атауын Нұр-Сұлтан деп ауыстыру туралы бастамасы облыс халқы тарапынан қызу қолдау тапты. Жер-жерлерде тұрғындар осы шешімді жақтап, құптап, шынайы пейілдерін білдіруде», - деді.

Акцияға қатысқан Олимпиада чемпионы, жеңіл атлет Ольга Рыпакова Елорданың жаңа атауын қолдайтынын, Елбасының спорт саласына әрдайым ерекше көңіл бөліп отыратынын тілге тиек етіп, Олимпиадаға аттанар алдында барлық спортшыларды жинап ақ батасын берген сәтін еске алды. «Тұңғыш Президенттің қабылдауына барғанда ерекше толқыдым. Бірақ кездесудің басында-ақ ол кісі бәрімізді баурап алды, емен-жарқын әңгіме өрбіттік, бұрыннан таныс адамдардай сөйлесті бізбен. Сол кездесуден мен айрықша шабыттанып шықтым, Нұрсұлтан Әбішұлы қолымды қысып тұрып, маған толық сенетінін айтты, зор табысқа жетуімді тіледі. Сол кезде бойыма дарыған күш-қуат маған чемпион болуға көмектесті. Ол сәтті ешқашан ұмытпаймын. Елорда атауының Нұр-Сұлтан болып ауысқаны – дұрыс шешім.  Толық құптаймын» – деді ол.

Семейлік ақын, композитор Құсмілия Нұрқасым астананың жаңа атауын Елбасының ұзақ жылдар бойы еліне сіңірген өлшеусіз еңбегіне халқы тарапынан берілген лайықты баға, алғыс ретінде қабылдайтынын жеткізді. Акция жергілікті көркемөнерпаздар әзірлеген концертпен аяқталды.

Осы күні шаһардағы «Қазцинк» және «ҮМЗ» секілді ірі өндіріс орнының  еңбеккерлері де патриоттық акцияға үн қосты. «Қазцинк» жұмысшылары Астана қаласы атауының Нұр-Сұлтан болып өзгерту жөніндегі маңызды шешімді бірауыздан қолдайтындарын айтты. «Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Өскеменге келген әр сапарында кәсіпорнымызға ат басын бұрып, қарапайым еңбек адамдарымен тілдесіп, қал-жағдайларын біліп тұруды дәстүрге айналдырған. Елбасы президенттік өкілеттігін тоқтатса да, саясатта қала бермек, ол әрдайым халқымен, бізбен бірге», – деді компанияның бас экологы Вадим Кушнарев. «Нұрсұлтан Әбішұлы – біздер үшін металлург, қарапайым халықтан шыққан еңбек адамы болып қала береді», – деп түйіндеді шараны «Қазцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев.

Жиын соңы шағын концертке ұласып, жұмыскерлер алдында өңірімізге танымал әншілер Юлия Юрочкина, Қайрат Майжаров, Асқар Алтаев, Равхат Бақытханов және «Ладушки» ансамблі өнер көрсетті.

Қаладағы Үлбі металлургиялық зауытының жұмысшылары да патриоттық акциядан қалыс қалмай, өз пікірлерін білдірді. «Нұрсұлтан Назарбаев – әлем таныған сарабдал саясаткер. Оның елі үшін және бүкіл адамзат үшін атқарған еңбегі ерен», – деді «ҮМЗ» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Сергей Бежецкий. Өндіріс орнындағы акция да ән шашуға ұласты. Бұл жерде өңірімізге танымал «Инкоро», «Іңкәр», «Нон-стоп» топтары өз өнерлерін паш етті. Жиынға 1 мыңнан астам зауыт жұмысшысы қатысты.

Азамат ҚАСЫМ,

 «Egemen Qazaqstan»

ӨСКЕМЕН

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ереймендегі ел мұрасы екшелді

Руханият • Бүгін, 12:20

Қарттарға кітап сыйлады

Қоғам • Бүгін, 12:14

Фронт-офис ашық алаңға айналады

Аймақтар • Бүгін, 12:13

Ұқсас жаңалықтар