Қазақстанға қызығушылық зор
Жұма, 2 қараша 2012 7:31
Жалпы, халықаралық деңгейдегі бизнес-форумдар кәсіпкерлер арасында нақты байланыстар орнатып, келісімдер жасауға жол ашатыны анық. Мұндай форумдар елдердің іскер топтарының үнқатысу алаңына айналып, екіжақты ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейте түспек. Ендеше, Лондонда өткен қазақстандық үшінші бизнес-форумның маңыздылығы да осында болса керек.
Жұма, 2 қараша 2012 7:31
Жалпы, халықаралық деңгейдегі бизнес-форумдар кәсіпкерлер арасында нақты байланыстар орнатып, келісімдер жасауға жол ашатыны анық. Мұндай форумдар елдердің іскер топтарының үнқатысу алаңына айналып, екіжақты ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейте түспек. Ендеше, Лондонда өткен қазақстандық үшінші бизнес-форумның маңыздылығы да осында болса керек.
Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Қайрат Келімбетов бастаған қазақстандық делегациямен еріп біз де әйгілі Лондон шаһарына барып келдік. Биылғы Лондон Олимпиадасынан кейін бұл қаланың қазақстандықтар үшін абыройы артып, еліміз үшін табыстың тамыры жатқандай танымал ордаға айналғаны рас. Себебі, алғашқы күннен қоржынға алтын салған Лондон Олимпиадасының соңы да соншалық нәтижелі болуы біздің бұл қалаға деген ынтығымызды одан сайын арттыра түскен еді. Тіпті, содан бері, Лондон біз үшін табыстың символына, берекенің белгісіне айналғандай.
Осы себепті де бұл қалаға баратынымызды әрі ол сапардың негізгі мақсаты Қазақ-британ бизнес-форумына қатысу екендігін естігенімізде, бірден ішіміз жылып, шараның шарапаты көп боларына сенген де едік. Ұлыбритания астанасы – Лондонның қақ төрінде ұйымдастырылған қазақстандық бизнес-форум шынымен осы үдеден шыға алды деуге негіз бар.
Форумның құрметті қонақтарының ішінде Қазақстанның Ұлыбританиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Әбусейітов, Ақ үйдің экономикалық саясат бойынша экс-кеңесшісі Тодд Буххольц, Корольдік консул Лорд Бреннан, Ұлыбританияның Атом энергетикасы бойынша комитет төрағасы Леди Барбара Джадж, Қазақстан-Британия сауда-өнеркәсіптік экономикалық палатасы кеңесінің тең төрағасы Джон Статтард және басқа да Ұлыбритания және Еуропа елдерінен лауазымды басшылар мен кәсіпкерлердің болуы форум дәрежесін одан әрі салмақтай түсті. Ал Қазақстан тарапынан барған еліміз Премьер-Министрінің орынбасары Қайрат Келімбетов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ төрағасының орынбасары Қуандық Бишімбаев, Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков және тағы басқалар форум алаңына жиналған дүйім жұртқа Қазақстанның соңғы жылдардағы жетістіктерін баяндап, еліміздің инвестицияға қолайлы аумақ болып отырғандығын жеткізді. Шынымен, Қазақ елі соңғы кезде әлемдік экономиканың шатқаяқтап тұрғанына қарамастан, даму жолында бірталай белесті бағындырып, экономика саласында ілгерілеушілік танытып отырғаны рас. Қазақстан қазіргі таңда тікелей инвестиция тартуда жоғары көрсеткіштерге ие. Қазақстанның сыртқы сауда айналымы ағымдағы жылдың 8 айының ішінде 13,5 пайызға артуы да осының айғағы. Жаһан экономикасында айтарлықтай баяулау орын алғанымен, бұл сегіз айдың ішінде еліміздің тауар экспорты – 9,3, импорты 24,1 пайызға өсім көрсетті. Сауда балансындағы оң сальдо 34,2 млрд. АҚШ долларын құрады.
Соңғы 20 жылда Қазақ елінің экономикасына сырттан келген тікелей инвестиция көлемі 159,4 млрд. АҚШ долларын құрапты. Оның ішінде 11,2 млрд. доллар Ұлыбританияға тиесілі.
Кедендік қызмет мәліметтеріне қарағанда, үстіміздегі жылдың 8 айында Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы тауар айналымы 1 млрд. 267,9 млн. АҚШ долларына жеткен. Қазақстаннан Британияға негізінен металл, мұнай, алтын мен күміс, өңделген және өңделмеген жартылай өнімдер жөнелтіледі. Ал сегіз айда ол елден 379,4 млн. АҚШ долларына тауар алған екенбіз. Олар – түрлі көліктер, дәрі-дәрмек, металдан жасалған, қағаз және картон өнімдері, ірі техникалар. Сондай-ақ, қазақ жерінде бүгінде 500-ге жуық қазақ-британ кәсіпорындары жұмыс істеуде. Ал оннан астам қазақстандық компания Лондон қор биржасына өз акцияларын салған.
Британдық кәсіпкерлер Қазақстанның индустриялық-инновациялық әлеуетіне ерекше ықылас аударып отырғандығы Қазақ-британ форумы барысында да айқын аңғарылды. Форумда Қазақстан мен Ұлыбританияның екіжақты іскерлік байланыстарын дамыту, Қазақстандағы инвестициялық ахуалды нығайту, Қазақстанның еуропалық кеңістікке экономикалық жағынан ықпалдасуының келешегі, сондай-ақ индустриялық-инновациялық бағдарламаны, аграрлық және елдің транзиттік әлеуетін дамыту мәселелері талқыланды. Сонымен бірге, бизнес-форум аясында екі елдің кәсіпкерлік қоғамдастығының өзара қарым-қатынасының перспективалы бағыттары, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында жарияланған жаңа жобалар мен міндеттерді ілгері жылжытудың жай-күйі айтылды.
Бизнес-форумның алғашқы жартысында Қазақстан экономикасының болашағы, әлемдегі қазіргі тұрақсыздық жағдайына қарсы тұру, 2014 жылдарға дейінгі индустриялық-инновациялық бағдарлама және халықтық IPO бағдарламасы туралы пікір алмасу болды. Оған Премьер-Министрдің орынбасары Қайрат Келімбетов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Қ.Бишімбаев, «Қазтрансойл» АҚ бас директорының орынбасары Б.Закиров, «KEGOK» АҚ басқарма төрағасы Б.Қажиев, «БРК» АҚ басқарма төрағасы Н.Құсайынов, Мұнай және газ министрлігінің жауапты хатшысы Қ.Сафинов, Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі К.Төлеушин қатысты.
Қ.Келімбетов пікір алмасу барысында елімізде қолға алынып жатқан халықтық IPO бағдарламасы жайында жан-жақты баяндады. Бұл бағдарлама халыққа ірі ұлттық компаниялардың акционері болуға жол ашумен қатар, олардың Үкіметпен бірлесе отырып, еліміздің бұдан әрі қарышты дамуына өзіндік үлес қосуына ықпал етеді, деді ол. Бұл үшін Қазақстан Үкіметі «ҚазТрансОйл», «КЕГОК, «ҚазТрансГаз» және «Самұрық-Энерго» сияқты ауқатты, дамуы тұрақты компанияларды таңдап отырғанын айтып өтті. Сондай-ақ, алдағы 2014-215 жылдары «ҚазМұнайГаз», «ҚазАтомӨнеркәсіп» және «Қазақстан темір жолы» сынды белді компаниялардың акциялары осы халықтың IPO бағдарламасына енуі мүмкін екендігін жеткізді. Ал бағдарламаның бұдан әрі қалай дамитыны қазіргі экономика рыногындағы жағдайға тікелей байланысты болатынын да айтып өтті. Яғни, алдағы жылы әлем экономикасындағы жағдай тұрақталып, Қазақстанның да жағдайы қалыпты болатын болса, бұл бағдарламаны жандандыруға бұдан әрі барынша күш салынбақ. Бұл жағдайда халықтық IPO бағдарламасына отандық компаниялармен қатар шетелдік компанияларды да қосу жоспарда бар екен.
Халықтық IPO бағдарламасын қолға алу туралы Елбасының тапсырмасынан кейін бұл саладағы барлық тәжірибені зерттедік, дей келе Қ.Келімбетов, әлемдік рынокта халықтық IPO-ның кейбір сәтсіздіктері болғанын да айтып өтті. Шетелдіктер тәжірибесінен бірнеше мысалдар келтіріп, бұл акцияларды сатып алушылар бағдарламаның бар жағына назар аударуы керектігін, әрі бұл сатып алушылардың өз еріктерімен жүзеге асуы тиістігін ескертіп өтті.
Сондай-ақ, ол сөз арасында елімізде алдағы үш жыл көлемінде бұл бағдарламаның сомасы 500 млн. АҚШ доллары шамасында акциясын сату болжанып отырғанын айтып өтті. Оның 200 млн. АҚШ доллары жеке тұлғалардың сұранысы болса, 300 млн. АҚШ доллары зейнетақы қорларының сұранысы болады деп күтілуде. Қ.Келімбетов бұл ара-қатынас өзгеріске ұшырауы да мүмкін дейді.
Қ.Келімбетов бұдан әрі біздің елде шағын және орта бизнеске ерекше жағдай жасалып, бұл бағытты қолдау мақсатында бірнеше бағдарламалар қолға алынғанын әңгімеледі. Елімізде бүгінде шағын және орта бизнесті дамыту бағытында шетелдік инвесторларға да кең мүмкіндік ашылып отыр. Ал үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның бұл бағыттағы үлесі қаншалықты зор екендігі айтпаса да түсінікті. Қ.Келімбетов Қазақстанның биылғы БЭФ рейтингінде 51-орынға ие болуын шетел кәсіпкерлерінің назарына тағы бір салып өтті. Себебі, әлем елдері арасында мұндай беделге ие болуымыздың өзі шетелдіктердің Қазақстанға қызығушылығын арттыра түсері сөзсіз. 2011-2012 жылдары БЭФ рейтингінде 72-орында болған еліміздің бір жыл ішінде ұлттық экономиканың рейтингі 21-ші позицияға көтеріліп, 51-орынға табан тіреуі, шынымен айтарлықтай табыс. Бұл көрсеткіште еліміздің басты артықшылығы – макроэкономикалық тұрақтылығы негіз болғандығы да айтып кетуге тұрарлық, яғни бұл көрсеткіш бойынша ел 16-шы орында.
Форумда ерекше мәнге ие болған, тартымды пікір туғызып, ұтымды ойлар айтылған сала аграрлық бағыт болды. Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі өз баяндамасында ауыл шаруашылығы саласында кейбір шешілмей отырған мәселелерге тоқталып, бұл инвесторларға сұранып тұрған сала екендігін алға тартты. Шындығында, өткен жылдары рекордтық астық жинаған кездерімізде туындаған астық сату, астықты үлгірту, тарату, тасу жұмыстарында туындаған кейбір келеңсіздіктер шынымен біздің бұл салада шетелдік мамандармен әлі де тығыз жұмыс істеуіміз керектігін көрсетіп қалған болатын. Әлемдік рыноктағы орнымызды кеңейту мақсатында шетелдік кәсіпкерлермен байланыс орнатып, келісімдер жасау бұл сананың жаңа тынысын аша түсері анық. Осыны басты нысанаға алған Ауыл шаруашылығы министрі шетелдік кәсіпкерлермен қызу пікірталас жүргізді. Соның нәтижесінде форумға қатысушылардың бұл салаға деген айрықша қызығушылығын аңғардық.
Шара барысында екі сессия қатар жұмыс істеген болатын. Екінші сессия «Көліктік даму және коммуникациялық инфрақұрылым» тақырыбында өткізілді. Онда Азия мен Еуропа аралығындағы транзиттік дәліз бойындағы инфрақұрылымды қалыптастыру жайы қаралды. Пікірсайысқа «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ вице-президенті Е.Есқалиев, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы К.Есекеев, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директор Р.Эванс, «Tele2 Group of Companies» Орталық Еуропа мен Еуразия аймағының вице-президенті Н.Сонкин қатысты.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ Логистика жөніндегі вице-президенті Е.Есқалиев республикадағы көліктік логистикалық жүйесінің болашағы «Жаңа Жібек жолы» жобасы туралы, 5С – жылдамдық, сервис, сақталуы, бағасы, тұрақтылығы логистикасы туралы әңгімеледі. Талқылау кезінде «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА жобасы туралы да айтылды. Екінші сессияның негізгі бөлігі британ іскер топ өкілдерінің қатысуымен Қазақстанның көлік-логистикалық жүйесіне инвестиция тарту мен оған қолайлы ахуал орнатудың жайына арналды.
Форум аяқталған соң шараның бас спикері Қ.Келімбетов әдеттегідей журналистермен жеке кездесіп, баспасөз мәслихатын өткізді. Онда ол Лондонда осымен үшінші рет өткізіліп отырған биылғы форум шетелдік инвесторлардың Қазақстанға деген қызығушылығын одан әрі арттыра түскенін жеткізді. Оның айтуынша, биылғы форум барысында аңғарғанымыздай, шетелдік инвесторлардың қызығушылығы бұрынғы мұнай, газдан өзге салаларға да арта бастаған. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласына қатысты қызу пікірсайыс – осының айғағы. Еліміз бүгінге дейін бұл саланың әлеуметтік ахуалына назар аударып келді, ауылдардағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға басымдық берілді. Ал енді сол шағын бизнестердің тынысын кеңейтіп, ауқымын ұлғайту мақсатында шетелдік инвесторлардың берері мол болуы керек. Қ.Келімбетов елімізде жақында аграрлық саланы дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы қолға алынғанын айтып өтті. Ал мұндай стратегиялық бағдарламалар тиімді жүзеге асуы үшін шетелдік кәсіпкерлердің де үлесін пайдалануға тиіспіз. Мәселен, бүгінде біз 5-6 млн. тонна астық экспорттап отырмыз, ал шетелдермен байланысымызды арттыра отырып біз мұны үш есеге дейін өсіре аламыз, дейді ол. Біздің елдің астығы қазіргі күні әлемде сапалылығымен жақсы бағаланады. Енді соны кең тарату жағын қолға алатын кез келді.
Қазақ-британ бизнес-форумы бүгінде еліміздің даму даңғылына түрен салған бірегей бағыттардың біріне айналып отыр. Себебі, Ұлыбритания әлемдегі ірі халықаралық ұйымдардың көпшілігіне мүше. Ал оның астанасы Лондон – қай салада болмасын әлем елдерінің арасында беделі бар, бүгінде бизнестің үлкен орталығына айналған қала. Сондықтан да мұндай бизнес-форумдардың дәл осы Лондонда өтуінің маңызы зор екендігін айтқан Қ.Келімбетов, ең бастысы, бұл форумдардан біз ұтпасақ, ұтылмайтынымызды атап өтті.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».
Астана – Лондон – Астана.