Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, байқау қорытындысы бойынша Өскемен қаласы №47 орта мектебінің оқушысы Шұғыла Армиянова, Күршім ауданы Н.Островский атындағы № 4 орта мектебінің оқушысы Ермекбай Бекарыс, Өскемен қаласы Абай атындағы №33 орта мектебі оқушысы Айман Аманкелді, Күршім ауданы Марқакөл ауылы №5 мектептің оқушысы Ақжан Тұсаев, Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылы орта мектебінің оқушысы Арна Талғатқызы, Глубокое ауданы Белусовка ауылы №1 орта мектеп оқушылары Ақерке Бейсенбекова, Еркежан Оралғазина топ жарып, жеңімпаз атанды.
Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінде өткен жүлдегерлерді марапаттау шарасында ҚМДБ Өскемен аймағының өкіл имамы Ермек Қасболатұлы «Жеңімпаз оқушылар өздерінің терең танымдық білімімен озып шығып, Ұлы даланың киелі орындарын аралау мүмкіндігіне ие болып отыр. «Жастар жылының» аясында осынау рухани сапар жобасын ұйымдастырып отырмыз» дей келе, жүлдегерлерге сапар жолдамасын табыс етті. Жиында оқушылардың ата-аналары осынау байқаудың үлкен танымдық шара болғандығын атап, өкілдікке алғыстарын білдірді.
Жүлдегер оқушылар тобын Күршім ауданы Марқакөл мектебінің ұстазы, білікті жас маман, тарихшы Назерке Тілеубаева бастап, Алматы-Тараз-Шымкент-Түркістан бағытына сапарға аттанды.
Жүлдегерлерге «Рухани сапардың» барлық шығындарына өкілдік тарапынан демушілік жасалды. Оқушылар 1 апта бойы киелі жерлерді аралап қайтады деп жоспарланып отыр.
Азамат ҚАСЫМ,
«Egemen Qazaqstan»
ӨСКЕМЕН