Руханият • 26 Наурыз, 2019

Мен кешегі шалдарды түгел көрдім

1850 реткөрсетілді

Абай ОРАЗ – жас ақын. 1994 жылы, 16 желтоқсанда Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласында дүниеге келген. С.Сейфуллин атындағы гимназия түлегі. 2016 жылы Қарағанды «Болашақ» университетін филология мамандығы бойынша бітірген. Республикалық, облыстық мүшәйралардың жүлдегері.  

БҰРЫНҒЫНЫҢ ШАЛДАРЫ

Қайран қалам!

Атқа шауып, баладай бәйге алмаған.

Үгілемін тұлпардың тұяғындай,

Құлын едім желіге байланбаған!

Мен кешегі шалдарды түгел көрдім,

Шалдар көрдім, төрінен жүген көрдім.

Жиі сұрай барамын хәл-қуатын,

Иісін-ай, қаракөк, күреңдердің.

Кеше қыстақ барғанмын «ассалаулап»,

Сәлем бере алмаймын басқаға арнап.

Жатсынбаймын жанымның босағасын,

Жүйрік десе мен балаң – отқа жанбақ.

Кешегі күн келмеске кетсе дағы,

Біздің шалдар өткенін еске алады.

Ет-жүрегі езілсе өзі соққан,

Қаңыраған қорадай бос қалады.

Баяғыдан баяны – жылқы жайлы.

Бәйге атындай қарасаң тұрқы да әйгі.

Бір-ақ шөкім бурыл шаш оның өзі –

Будақ-будақ бұлттай боп бұрқырайды.

Құлағымды тігем де тыңдай қалам,

Әңгімесін шалдардың мыңды айдаған.

Ағыл-тегіл жылаймын, содан кейін,

Бастауы жоқ бұлақтай құрғай қалам.

Қозғалақтап, тыпыршып таңдай қағам!

Жүйрік жайын айтқанда жарға айдаған.

Аптап боп ыстық құшам, шоқты шайнап,

Онан соң денем мұздап тоңға айналам.

Түн баласы менің де түсіме енген,

Су ішем деп құдыққа түсіп өлген

жорға құнан мұқым ел қасіреті,

Ал иесі күйіктен ішіп өлген.

Сәйгүліктің сықпытын сұра менен.

Шын тұлпарға мен дағы мұрагер ем.

Шалдар кетсе мұндай жыр жазылмайды,

Бір жүйріктің тағдыры – бір-ақ өлең!

ҚАСЫМ ТУРАЛЫ

Қарқаралы!

Шалғайыңнан бұлт көшіп болса дағы,

Маңдайыңман кетпеді сор табы әлі.

Хатқа жүйрік сол қалқа хат-хабарсыз,

Біржан салған ән «Жалғыз аршадағы».

Қызыл Көшен!

Ол шет пенен бұл шетке жүгірмес ем,

Түте-түте қылам деп түгіңді әсем.

Түтінім түзу ұшқан туған жер деп,

Қалай ғана сыйдырған ұғымға осы ел.

Қызыларай!

Үйден аттап қыз шықты бұрымы арай –

Мен қараймын тұрған боп түк ұнамай.

«Күлемін де, жылаймын» жыр оқимын,

Өлеңдегі деймін де пірім Абай.

Уа, Рақымжан!

Қасқаңды дауыл жұтты аласұрған.

Қолқалап алдырып ем нағашымнан.

Құйынға алқын-жұлқын ал кеп кірдім,

Айрылдым тұяғым мен қанатымнан.

Сақыпжамал!

шашыңнан жұлдыз ағып жасырған әр,

орамалдың ұшында жасың қалар.

Дариға-ай, он бес жасың ортеке екен,

Сені де тоз-тоз қылған тосын хабар.

Жақыбала!

Құдығыңның қималы тасына ана

«Аманжолдың қосынан» оқырана

Бір құлын су іше алмай кері кетті

Білмеймін үйіріне қосыла ма?

ЖЕЗҚАЗҒАННЫҢ ЖАҢБЫРЫ

Шөлейттеу жердің шөбі едім,

Шөліркеп әлі келемін...

Ғ.Жайлыбай

Ақ жауын себелесе әр тараптан,

Ызғарын орталатып, тартады ақпан.

Ортаңда жаңбыр мінез бір ақын бар,

Қосылған, беу, Алматы, Арқа жақтан.

Басады аптап ыстық маңдайға отты,

Қайтейін, жан шыдамай таңдай кепті.

Алатау жаққа қарай көңіл алаң,

Жаңбыры Жезқазғанның жаумай кетті.

Шарқ ұрып сағыныштың сазын ала,

Ұшайын назырқанып жаныңа, аға!

Кеңгірдің толқынындай толқып жатқан,

Кеудеңді толтырайын базынаға.

Жезқазған жалғыздықты жиі ұқтырды,

Жыр жазбай кеудеме шер, күйік тұнды.

Арқадан ауып кетсем деймін кейде,

Қайрылмай кеткен ұлар, киік сынды.

Жә, аға, бұдан әрі күрсінбелік,

Бір күні жұбатады бұлтым келіп.

Күбірлеп жол үстінде жүрдім талай,

Жағамды көтеріп ап су-су болып.

Ұшпаққа шығарады өз биігім,

Өлең депөресі кең сөзге ұйыдым.

Жау енді, Жезді өлкенің ақ жаңбыры,

Еске сал Кәкімбектің «Жезкиігін».

Жастықтың соңы – нөсер, басы – жалын.

Босама, жел қанат жыр, атыңа мін!

Алыстың сағынышын жеткіземін,

Қаныштың бауырына аты мәлім.

Жылқыда жүрген жандай мылтық атып,

Ақ нөсер жырыңды оқы жұртыңа ақық.

Жауа түс, Жезқазғанның ақ жаңбыры,

Қалайық азды кем күн шұрқырасып!

ҰЗАҚБАЙ
(баллада)

Иен дала шегі жоқ ыспа құм-ды,
Сықпыты сыпсыған жел, үт жамылғы.
Қырымқұл қонған ауыл паң көсілген,
Ару аттап шыққандай тысқа нұрлы.

Қаңсып қалған астаудың әлпетіндей;
жалтақтатпай, жарлы етіп, жалқы өсірмей,
қайран шеше баланы оннан тапқан,
Қой асықтың алшы, омпа, тәйкесіндей.

Баталы елге – сөз қайғы, мұрат қайғы.
Қазжан шалдан бір тұяқ – Ұзақбай-ды.
Қияға кең кеткен ой шідерленбей,
Жиі ағекем мінгенін ұзатпайды.

Бүккен қалпы іс тіккен бір ерінбей,
біздің шөл ақмоншақ қыз білегіндей.
Домбырасын қолға алып сазарады өң,
Шайыры аққан еспе құм үлегіндей.

Сексен саз бар сағада тұрған сыңсып,
бір қандырған шөлімді, бір қаңсытып.
Кейде осы шал еріген қорғасындай,
Құяды әкеп кеудеме жыр балқытып.

Содан кейін дүние көшеді кеп,
торығамын, құлазып, неше жүдеп.
Маңдай терім ағады – ол неткені,

Маңдай сорым секілді бес елі боп.

Бүлкіліндей баяулап Бозінгеннің,
ілкі іңірде шалдардың көзін көрдім.
Бозбаладай бүлкекке қайта бастым,
Жайы осы екен дегем жоқ езілгеннің.

Күйші кеткен, бұл маңнан жыршы кеткен,
Көлбеңдейді көз жасым ыршып еппен.
Мен бір әнге басайын жүйрігің ем,
Сейілмеді кеудемнің бұлты көптен.

Ұйлықпалы желдей боп үзік сарын,
құлағыма келеді – түк ұқпадым.
Ұзақбай шал үйінен ұзағалы,
Ауыл жатыр ішіне бүгіп бәрін.

КӨЗІҢЕ ҒАШЫҚПЫН

І. Күзгі бояу

Көз алдымда

Шықтай боп таңда басылған,

Бір ару жылап тұрады.

...Жәудірдің әр қарасынан

Жауапсыз сұрақ туады.

Жанардың да

Күздей боп солары бар,

бірдей дөп біздікіндей.

Әлгі қыздың жанары дәл –

мен ғашық қыздыкіндей.

Ар алдында

Кінәлінің самғамайтынын,

білетін әлем көп еді.

Көзіңнің алдамайтынын,

Еш ақын дәлелдемеді.

Топ алдында

Күз-сұрғылт соқпаққа түстім,

жол табам ба екен?

Өртену үшін аптап та құштым.

Кім көрер қалқадан бөтен?!

Адасса көзіңнен көзім,

сөздерді күстәналайсың.

Жиіркенем өзімнен-өзім

Сондықтан тік қарағайсың!

Бұл сүрлеу сұрапыл екен:

тамшылар тайғанамасын.

Ұлықбек ұлы ақын екен –

Абайды қайда қоясың?!

ІІ. Сурет туралы сөз

Дәл сол қыздың суреті тұрған анау,

Мүмкін емес күніне бір қарамау.

Маған қарап тұрады қос қарашық,

Алаңдап-ақ жүрегім күнде жамау.

Жанға рақат жартыкеш - осы маған,

сөйлесімен, күлемін, жекіп алам.

Қырсықпаса бола ма қыз атаулы,

Ынтықпасам боламын несіне адам.

Балауыз шам секілді сығырайған,

Баяғыдан махаббат жыры – майдан.

Көз жасыңа көміліп қаламын-ау,

Болып жүріп осыған түбі қайран!


Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар