27 Наурыз, 2019

Сөз сойыл №78

7800 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Сөз сойыл №78

Әйелімнің қадірін жаңа білдім

Әлі есімде,

Жаңа жыл кешінде,

Дауысы хрустальдай сыңғырлаған,

Құлын мүшесі мың бұралған,

Бетперде киген,

Көзінде “әшкиі”, тағы басқасы бар,

Әдемі бойжеткенмен таныстым.

Отырдым, тұрдым,

Бақырдай басына

Бар бақытты үйіп-төктім.

Жаным, күнімсің батқан, дедім.

Айым, таңымсың атқан, дедім.

Қысқасы, ғашық болдым, ұнаттым,

Ақырында істі тындырып,

Сұлуды иліктіріп

Өзіме қарай құлаттым.

Сұлу қыз менен қашпады, саспады.

Бір кезде,

Бетпердесін шешіп тастады...

Мәссаған,

Кім көрген мұндай қызықты?!

Өлердей болған ғашығым,

Өзімнің әйелім боп шықты!

Жыладым, күлдім,

Аяғына жығылдым.

Әйелімнің “әйәй” екенін

Жаңа жыл кешінде білдім.

              *  *  *

Жаңа жылды әзілмен,

Қуанып қарсы алайық.

Жылымыз доңыз  болғанмен,

Өзіміз адам болайық!

Марат КӨПТІЛЕУОВ

Қызылорда облысы

 

Доңыз жылғы сүзеген сұрақ

Теледидардан жарнама көріп отырсаң – онда бір журналды жарнамалап көңіліңді аудартады. Жур­налды сатып алып қарасаң – бір ғажап дү­кен­нің жарнамасына тап боласың. Дүкенге жетіп барсаң – онда толған теледидар. Теледидар алып, қоса қойсаң – кілең жарнама… Шығар есік қайда деймін-ау?

***

Стадиондағы концерт – бұл өнер ме әлде спорт па?

***

Уақыттың бізге қызмет етіп жатқан жағдайында біздердің уақыт жібермей жұмыс істегеніміз жөн бе?

***

Қарындас, сізбен кешкі ас пен таңғы тамақты бірге ішуге бола ма?

***

– Көршіге әйелін тастағаны үшін он бес жыл беріпті!

– Қой-ей! Мен үйдегіні үш рет тастадым, дін аман тұрып жатырмыз.

– Сен оныңды нешінші қабаттан тастап едің?

Жаңа жылдағы бюрократтарға қарғыс

Меркурийден тауар әкеле жатқанда корабльді құй­рық­ты жұлдыз қағып кетіп, быт-шытыңды шығарсын.

*  *  *

Есекқырғандағы екінші әйелің сол жақтағы үйіңді сатып жіберіп, Жетіқ­арақ­шы­дағы жігітіне қашып кетсін.

*  *  *

Корабльде билетіңді жо­ғал­тып алып, тексеруші Үркер мен Есекқырғанның ортасында айдалаға түсіріп кетсін.

*  *  *

Айға қыдырып барғанда скафандрыңның шишасын сындырып, тұншығып өл.

*  *  *

Арақ екен деп Марстан әкелген суды ішіп қойып, ішің кеуіп кетсін.

*  *  *

Тамаққа тек темір жейтін планетада жалғыз өзің қалып, ауқат таппай аштан қат.

*  *  *

Жетіқарақшыға “вечерге” барғанда шұлы­ғың­ның жыртығын көріп қойып, үш құлағы бар қыздардың күлкісіне қал.

Алданазар  ЖАЙЛЫҰЛЫ

АЛМАТЫ

 

Мен жайлы мәтелсымақ

Шошқаға ерген балшыққа аунар.

*  *  *

Тауына қарай тоғайы,

Шошқасына қарай торайы.

*  *  *

Қараңғы үйде қабан күр­кірейді.

*  *  *

Бақытты шошқаның тұм­сығы күнде батпақтан кет­пес.

*  *  *

Мысық жоқта тышқан мияулайды,

Ит жоқта шошқа үреді.

 

ШАЛШЫҚ БАСЫНДАҒЫ КЕЗДЕСУ

Мибатпақ деп аталатын өңірдің Шалшық деген ауылы. Осы ауылда өсіп-өнген Талпақтанау руынан тараған ағайындар бүгін Шошеке атанған аталарын еске алу асына жиналды. Бұл асқа сонау алыс-жақын елдерде тұратын Доңыз, Торай, Свинья ауылдарынан да келіп отырғандар баршылық. Ас қайырылғасын бәрі, - не айтар екен? – дегендей төрде төбедей болып, жалпиып, ірк-ірк еткен Ататанауға қарады.

Домалақ қызыл танауын таңқита жоғары көтеріп, қорс-қорс еткен Ататанау сөз бастап кетті: - Ау-у-у, Талпақтану руынан тараған ағайындар  бүгін жиналып, бір жасап қалдық. Азды-көпті ғұмыр қалған болар, қартайғандықтың белгісі ме, қорсылдағанда демім жетпей қалады. Сол кезде ұрпақтарыма өсиетімді айта алмай, үзіліп кетем бе?, - деп те қорқамын. Мына қарыстай құйрықтарын түріп алған жас торайлар өткенді қайдан білсін?! Ұғып өссін, біліп өссін!, -деп айтамын.  Осы Мибатпақтың Шалшық ауылы туған жеріміз екені рас. Бірақ бұл жақтағы қожайындарымыз Күннен тарадық, Ғұннан тарадық , -деп дәурігіп жатқанда, біз де  тегіміздің тараған жерін  білуге тиіспіз. Біз – сон-а-у-у-у Нуорман деген елден соның Мибатпақ, Шалшық деп аталатын деребниәларынан  шықтық. Сәбет деген үкімет билеп тұрғанда қожайындарымызбен бірге біздерді де осы жаққа қоныс аударып жіберген. Ол кезде бұл өңірдің де, ауылдың да атаулары Мибатпақ, Шалшық болмаған. Батшал деп атаған. Сарымұртты қожайындарымыз біздің өсіп-өнуімізге ырым болсын деді ме? - екен, атауын өзгерте салған ғой. Сол кезде біздің дәуіріміздің жүрген кезі болды. – Мына жердің иесі – біздерміз деп жүрген өркеші қисайған желмаяның да, тұяғы тасқа желінген жабының да біздің қасымызға  келіп, отыра алмайтын еді-ау... Керек десең, бүгінгі қожайындарымыздың бір атақты жазушысы «Талпақтанау» деген әңгіме де жазды. Тіпті Сәбет үкіметі кезінде тілебизірден «Спокойной ночи, малыши!»-да  «Хрюшамыз» күн сайын шығып тұратын. Оны да жойып  жіберді.

Енді не болды? Күніміз өтіп бара жатыр-ау деймін. Бізді мыналар керек қылмауға айналды. Аунап-аунап алатын балшық та, шалшық та кеуіп қалды. Айтатын жауаптары – жоғарыдан су келмейді... Дүкен сөрелерінде тұратын май аққан етімізді де ешкім қажет етпейді. «Харам» деген сөзді бізге қарап айтатын болды. Қалған өмірде маған ештеңенің қажеті жоқ. Бірақ, мына торайлардың күні ертең не болатынын ойласам, май жиналған жүрегім жиі-жиі шаншиды.(Осы араға келгенде кеудесіне өксік тығылды ма, Ататанаудың қорс-қорс еткен үні қорылға ұласып кетті...) Аз-кем есін жинағаннан кейін Ататанау өз-өзіңе келіп, не айтасыңдар?, -дегендей май басқан мойынын әзер-әзер қозғап, жан-жағына қарады. Осы кезде төмендеу жақта отырған жас болса да торайтапқыш атанып кеткен Танаубике сөз бастап кетті:

- Дұрыс айтасыз, Танау ата! Жас болсам да бәрін байқап жүрмін. Торайларымның күні не болады?- деп мен де уайымдаймын. Өсіп-өнуімізге кедергілер көп. Қала берді бүгінгі қожайындар бізді айналаға жеккөрінішті жасауда. Алдында менің қожайынымның баласы арақты ішіп-ішіп, біздің шалшыққа құлап қалған екен, әйелі оған, - шошқа болып кеттің бе?! - деп айқайлап жатыр... Біз шалшыққа аунасақ, ішіп аунап жатқан жоқпыз, жаратылысымыз сондай.  Тауық та күлге аунамай ма?!... Жеп-жеп семіріп кетсе де бір-біріне, - Шошқа құсап семіріп алуын қарашы, - деп бізге теңейді. Тағы мысал келтірейін, - Мына ескі клубта жиын болып, соған қатыса қалғам, біреу мінберге шығып, - шалшықтар кеуіп қалды, талпақтанаулар аунайтын жер жоқ. Текке рәсуа болып жатқан кәріз суын ауылға тасып, шалшық жасайық деп ұсыныс жасаған еді, төрде отырған дөкей, - ит жоқ жерде шошқа  үреді, ауызыңды жап! -деп тиып тастағанын көрдім. Осындайларды ойлаған да Танау ата өзіңіз айтқан ата-бабаның кіндік қаны тамған Нуорман еліне қоныс аударған дұрыс-ау деймін, -деп Танаубикеш қорс-қорс етіп қорсылдай сөзін бітірді.

- Ағайындар, мен де бір салиқалы сөзімді  айтайын, - дауыс шыққан жаққа бәрі май мойындарын әзер бұрып қарап еді, қосылдап әрбір аула-шарбақты тіміскілеп жүретін берекетсіз атанып кеткен  Шыжбыңтанау екен. – Қорсылдап аула-шарбақты текке аралап жүрген жоқпын. Біздер туралы не айтады екен?, - деп құлақ салып та жүремін. Рас, біздің  ағайындар шетте қалдық. Жабайы қабан деп аталатын дала жүретін ағайындарымыздың да басына күн туып тұр. Мүйізі үшін атып, бітіруге айналған әлгі дорбамұрын желаяқтарды қойып, мына екі аяқтылар біздің ағайындарға да тиісе бастады. Бір сылтау тауып, біздерге де ауыз салатын болар. Бұларға сеу қиын. Өйткені еті дәмді деп қара құрлықтан бес жылда біро балапан шығаратын түйеқұс әкеліп жүрген бұлардың басын ашып қарайтын біреу керек сияқты... Жылына тоғыз-оннан торайлататын танаубикештердің неге мәртебесін көтермеске?! Бірақ бұл екі аяқтылардың бір нәрсені бүлдіріп алып, қайтадан түзейтіні бар ғой. Соның реті біздің жылымызда болғалы тұр деп естідім. Біздердің өсіп-өнуіміз үшін субсидия бөлінгелі жатыр. Алайда сол бағдарламаның кейбір жерлерінде шикіліктер бар-ау деген де ой келеді. Бизнес-планда жаңа сендер айтқан балшық, шалшықтарға жер бөліне ме екен?! Неге десең  жердің бәрін пайдаға асырмаса да, мына қомағайлар жекешелендіріп алды. Егер бұлай жоспарланбаса, біздің көбеюуіміз неғайбыл. Бұны да ойлау керек. Сондай-ақ біздің тегімізді Доңыз дейді. Доңыз деген не мағына береді? Қай ғасырда жаратылдық? Мұны да ешкім білмейді. Қайдан білсін? Қазіргі қожайындарымыздың өздері тегінің қайдан шықанын әлі анықтап болған жоқ. Жаңа Танау ата айтқандай  казит, тілібизерде ғұннан тарадық, күннен тарадық, -деп айтыса да жатады. Сондықтан қабылданғалы отырған бұл бағдарламаға «Нуорманның бір сыры» деген бөлімді қосу керек, - деп қорсылдап сөзін бітірген Шыжбыңтанаудың мынандай ақылды ұсыныс айтқанына бүкіл маймойындар аңтарыла қарап қалды...

P.S. Ас қайырылып, бір пәтуаға келген талпақтанаулар қарыс құйрықтарын түріп алып, қорсылдай шалшыққа қарай шұбыра жөнелді...

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ