29 Желтоқсан, 2012

Күрес күшейе бермек

435 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Күрес күшейе бермек

Сенбі, 29 желтоқсан 2012 7:13

Мемлекет басшысы сыбайлас жемқор­лықтың қатері мен салдарын нақты бағалап, оған қарсы қатаң және ымырасыз, әрі жан-жақты жоспарлы күресті басты мақсат қойып отыр. Бұл орайда Елбасы «Әлеуметтік-эко­номикалық жаңғырту – Қазақстан да­муының басты бағыты» атты Жолдауында: «Жаңғыртудың ең маңызды мәселелерінің бірі – сыбайлас жемқорлықпен кесімді күрес. Бізге сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа стратегиясын жасау қажет», – деп атап өтті.

Сенбі, 29 желтоқсан 2012 7:13

Мемлекет басшысы сыбайлас жемқор­лықтың қатері мен салдарын нақты бағалап, оған қарсы қатаң және ымырасыз, әрі жан-жақты жоспарлы күресті басты мақсат қойып отыр. Бұл орайда Елбасы «Әлеуметтік-эко­номикалық жаңғырту – Қазақстан да­муының басты бағыты» атты Жолдауында: «Жаңғыртудың ең маңызды мәселелерінің бірі – сыбайлас жемқорлықпен кесімді күрес. Бізге сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа стратегиясын жасау қажет», – деп атап өтті.

Осы тапсырмаға сәйкес қаржы полициясы органдарының жедел қызметі жүйелі сыбайлас жемқорлыққа және «көлеңкелі» экономикаға қарсы тұру арқылы еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, азаматтар мен кәсіпкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған. Жемқорлық көріністерінің алдын алу және оларға жол бермеу сыбайластыққа қарсы тұрудағы басымдық болып белгіленген.
Департаментте жыл басынан бері осы міндеттерді жүзеге асыру үшін 593 қылмыс ашылды, оның ішінде 128-і ауыр және аса ауыр қылмыстар. 454 қылмыстық іс өндіріспен аяқталып, сотқа жолданды. Қай­тарылған шығынның сомасы 13,4 млрд. теңгені құрады. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағыты бойынша жыл басынан 117 қылмыс ашылса, оның 36-сы жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлеріне қатысты. Олардың 28-і мемлекеттік сатып алу саласында атқарылған жұмыстың жалған актілеріне қол қою, 4-уі мүлдем жұмыс істемеген тұлғаларға заңсыз еңбекақы аудару арқылы бюджет қаражатын ұрлау, 2-уі пара алу және 2 қызмет өкілеттіктерін теріс пайдалану дерегін құрап отыр. Қозғалған қылмыстық істер бойынша облыстық әкімдіктің 2 бас­қарма бастығы, аудандық әкімдіктердің 6 бөлім бастығы, 6 қатардағы қызметкерлер  және коммуналдық мекемелердің 4 басшысы жауапқа тартылды.
Мәселен, ағымдағы жылы облыстағы әлеуметтік маңызы бар ғимараттар – орта мектептерді салу бойынша жалған акті­лерге қол қойып, бюджет қаражатын та­лан-таражға ұшыратқан ШҚО құрылыс басқармасының бастығы Д.Сүлейменовке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол 2011-2012 жылдар аралығында Күршім ауданының Үшбұлақ, Үржар ауданының Лайбұлақ, Ұлан ауданының Алғабас ауылдарындағы мектеп пен Глубокое ауданының Жоғары Березовка ауылында мектепке қосалқы ғимарат салынды деген желеумен жалған актілерге қол қойған. Д.Сүлейменовтің осы қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде мемлекетке 200 млн. теңгеден астам шығын келтірілген. Сонымен қатар, Семей қаласының құрылыс бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс тергелу үстінде. Олар 2011 жылғы желтоқсан айында лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланып, «Еңбек-Семей» РМК үшін пайда табу мақсатында Семей қаласында көп қабатты үйлерді салу бойынша жұмыстың толық жүргізілмегеніне қарамастан жалған жұмыс актілеріне қол қойып, 233 млн. теңге сомасындағы бюджет қаражатын заңсыз аударған. Сол сияқты «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасы аясында Өскемен қаласының 28-ші тұрғын ауданында бір пәтерлі үйлер кешенін салу барысында бюджет қаражатын ұрлаған «Бытстрой» ЖШС басшыларына қатысты 7 қылмыстық іс қозғалып, тергеу жалғасуда.
Облыс жұртшылығын таза ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған «Ауыз су», «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламаларының жүзеге асырылуына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау дерегі бойынша 7 қыл­­мыстық іс қозғалды. Мәселен, Ұлан ауданының сәулет, қала салу және құрылыс бөлімінің бұрынғы бастығы Д.Қасеновке қатысты қозғалған қылмыстық іс сотқа жіберілді. Ол «Еңбек-Семей» РМК мүддесі үшін Ұлан ауылындағы су желілерін қайта жөндеуден өткізу бойынша орындалмаған жұмыстардың актісіне қол қойып, 78,6 млн. теңгені талан-таражға ұшыратқан.
Сыбайлас жемқорлыққа дем беріп, экономикалық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін «көлеңкелі» экономикаға қарсы күрес те біздің жұмысымыздың басты бағыты. Осы салада 408 қылмыс ашылды, оның ішінде жалған кәсіпкерлік бойынша – 19, заңсыз банкроттану бойынша – 8, салық төлеуден жалтару бойынша – 41, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру бойынша 14 қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар, мемлекеттік жә­не басқа да бақылаушы органдардың бизнес өкілдерінің қызметіне заңсыз араласу мен негізсіз тексерістерден қорғауды қамтамасыз етеміз. Осыған байланысты, департаменттің негізгі қызметі облыстың мемлекеттік органдарының лауазымды тұлғалары тарапынан заңды бизнестің дамуына кедергі келтіретін көріністердің алдын алу және ескертуге бағытталған. Бұл бағытта департамент облыстағы мемлекеттік органдардың алды болып шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік, құқық қорғау және бақылау органдары тарапынан негізсіз тексерулерден қорғау жөніндегі меморандумға қол қойды. Меморандумға қол қою кәсіпкерлік субъектілеріне лауазымды және мемлекеттік органдар тарапынан заңсыз араласудан қорғануға, қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуде тараптардың бірлесіп қатысуына, бірлесіп баспасөз-конференциялар, «дөңгелек үстелдер» өткізу арқылы мәселелердің оңтайлы шешу жолдарын қарастыруға жол ашады.
Жүргізіліп отырған жұмыстар мен бизнес субъектілермен тығыз әрекет нәтижесінде облыстың мемлекеттік органдары лауазымды тұлғалары тарапынан орын алған бірқатар сыбайлас жемқорлық қылмыстарды анықтауға мүмкіндік берді. Осы бағытта шағын және орта бизнес субъектілерінің қызметіне заңсыз араласу дерегі бойынша 15 қылмыстық іс, оның ішінде 8 қылмыс пара алу бойынша қозғалып, түрлі мемлекеттік органдардың 9 лауазымды тұлғасы қылмыстық жауап­­кер­шілікке тартылды. Мәселен, жуырда Жарма ауданының құрылыс-сәулет бөлімінің және санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Олар Қал­батау ауылында дөңгелек жөндеу цехын салмақшы болған жеке кәсіпкерге рұқсат қағаздарын тездетіп берулері үшін одан 150 мың теңге пара талап етіп, оны алу үстінде қолға түсті. Қылмыстық іс тергелу үстінде. Жеке кәсіпкерден оған ветеринарлық сертификаттарды кедергісіз беруі үшін пара алу үстінде қолға түскен Бесқарағай аудандық ветеринарлық-санитарлық бөлімінің бастығы Мамықановқа қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды.
Міне, осылайша сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмысқа қарсы күрес тек бүкіл қоғамның қолдауымен ғана тиімді болмақ. Біз халықтың қаржы полициясы органдарының қызметіне сенімін арттыруға және азаматтық қоғамның субъектілерімен өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған шаралар кешенін одан әрі жалғастыра береміз.
Бәделхан ҚАМАЛХАНҰЛЫ,
Шығыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы 
күрес департаментінің бастығы.
ӨСКЕМЕН.