Жеткізу жағдайын жетілдірейік
Бейсенбі, 27 желтоқсан 2012 7:53
Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі іс жүзінде анау айтқандай оңай шаруа болмай шықты және оны шешу, міне, ондаған жылдарға созылып кетіп отыр. Осының алдында қабылданып, жүзеге асыру үшін қолға алынған «Ауыз су» бағдарламасы іске асыру тетіктерінің жеткілікті түрде алдын ала ойластырылмағанынан және басқа да объективті, субъективті себептермен өзін-өзі ақтамады, қазір оның орнына үкімет 2011-2020 жылдарға есептелген «Ақ бұлақ» атты жүйеленген жаңа бағдарламаны қабылдады.
Бейсенбі, 27 желтоқсан 2012 7:53
Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі іс жүзінде анау айтқандай оңай шаруа болмай шықты және оны шешу, міне, ондаған жылдарға созылып кетіп отыр. Осының алдында қабылданып, жүзеге асыру үшін қолға алынған «Ауыз су» бағдарламасы іске асыру тетіктерінің жеткілікті түрде алдын ала ойластырылмағанынан және басқа да объективті, субъективті себептермен өзін-өзі ақтамады, қазір оның орнына үкімет 2011-2020 жылдарға есептелген «Ақ бұлақ» атты жүйеленген жаңа бағдарламаны қабылдады.
Бұл маңызды жұмыс Қостанай облысында қалай іске асырылуда – Қостанай облыстық мәслихатындағы «Нұр Отан» ХДП депутаттық фракциясы мен партияның облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында әңгіме арқауы осы болды.
Бүгінде облыс бойынша 59 елді мекеннің тұрғындары ауыз суды тасымалдап ішсе, 425 ауыл мен ел құдық және ұңғы су көздерінен су алады, тек 160 мекен ғана орталықтандырылған су құбырларымен қамтамасыз етілген. Ауыл тұрғындары шелек, кеспек сияқты ыдыс-аяқтарын салдырлатып су тасушы көліктің маңында кезек күтіп сарсылмай, жуық арада тұрақты су көздерінен сапалы суға қарық болулары үшін жергілікті билік басындағылар қандай шаралар қолдануда?
Аталмыш бағдарламаның жауапты жетекшісі облыстық мәслихаттың депутаты И. Естаев мырзаның айтуынша, сумен қамтамасыз ету нысандарының жобалау-сметалық құжаттарын жасау мақсатында бюджеттік қаржыдан 2011 жылы 3,2 млрд. теңге қаражат бағытталған. Сарыкөл ауданында Есіл топтық су құбыры, Арқалық қаласында Достық, Ашутасты су желілері және басқалары, жалпы, облыс бойынша 16 нысан пайдалануға берілді. Қостанай, Арқалық, Лисаков қалалары мен тағы алты ауданда сумен қамтамасыз ету жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Өкінішке орай, партиялық бақылау бекеттерінің салынып жатқан және жаңғыртылу үстіндегі нысандардағы жұмыс барысын тексеруі көрсеткеніндей, жобалау-сметалық құжаттар талаптарын құрылысшылардың бәрі бірдей уақытында орындай бермейді, жұмыс кестелерінің бұзылуына жол беріледі, құрылыс сапасы ақсайды, жобалаушыларға да қомақты ескертулер бар.
Отырыста депутаттар Сарыкөл, Қарасу және Ұзынкөл аудандары өкілдерінің сумен қамтамасыз ету нысандарындағы құрылыс барысы және бюджеттік қаржының игерілуі жайлы есептерін тыңдап, кемшіліктердің орын алу себептерін талдады, олардың алдына жуық мерзім ішінде бұл олқылықтарды жою жөнінде ұсыныс жасады, ал партия ұйымдарына осы тұрпатты нысандарда тұрақты түрде жұмыс атқаратын партиялық бақылау бекеттерін ашу міндеттелді.
«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Р.Бектұрғанова атап өткендей, құрылыс алаңдарында қоғамдық бақылаудың болуының мейлінше қажеттілігін тәжірибе көрсетіп отыр. Әрине, құрылыс жүргізуші мекеменің әрбір маманының қасына бір-бір бақылаушы қою мүмкін емес және бақылаушылардың бұл саладағы білімі де терең деп айтуға болмайды, дегенмен тұтастай құрылыс жұмысына, жұмыс кестелерінің орындалуына және қаражаттың жұмсалуына қоғамдық бақылау жасау, бекеттердің қолынан толық келеді деп есептейміз, дейді басшы.
Сонымен қатар, «Ақ бұлақ» бағдарламасын іске асыруда тек қана Парламент депутаттары және Үкіметтің араласуымен шешімін табатын мәселелер баршылық. Ол ең алдымен мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және салық салу жүйелеріне қатысты. Бұл бағытта нұротандықтар тығырықтан шығудың қандай жолын ұсынады?
Біріншіден, мемлекеттік сатып алуды жүргізу шарттарына өзгеріс енгізілуі қажет. Олар мейлінше ашық, мөлдір болулары, сумен қамтамасыз ету нысандарындағы құрылыс жұмыстарының ерекшеліктерін есепке алулары, қоғамдық бақылауды жобаларды әзірлеу және бекіту сатысында жүргізуге мүмкіншілік туғызулары қажет. Айта кетейік, қостанайлықтар бұл жөніндегі ұсыныстарын жоғарғы органдарға жіберіп те үлгерді.
Үкіметтік деңгейде шешілетін маңызды мәселенің бірі – жобалау-сметалық құжаттарды жетілдіру. Мысалы, қазір сумен қамтамасыз ету нысандарының құрылысы мен жаңғырту жұмыстарының шығынына пайдаланушы ұйымдарды арнайы техникалармен қамтамасыз ету шығыны кіргізілмеген. Мұның кесірінен жаңа ғана пайдалануға тапсырылған нысанды күтіп ұстау және тұтыну қандай жабдықпен, әйтпесе кіммен жүзеге асырылатыны белгісіз.
Үшінші бір бас ауыртар мәселе – жер асты суларын пайдалануға салық мөлшерін есептеу. Суды сату бағасына барлық шығындар кіргізілген, тіпті суды жер астынан шығаруға қатысты емес шығындар да қоса есептелген. Отырысқа қатынасушылардың пікірінше, Салық кодексінің жер асты суларын шығаруға салынатын салықты есептеу бөлігінде, бұдан бұрын 2009 жылға дейін қолданылып келгеніндей, тасымалдау және сату шығындарын кіргізбей, нақты шығындарды ғана енгізу қажет.
Қостанайлықтарды су жеткізу нысандарының мүліктеріне салынатын салықтың жоғарылығы да толғандырады. Қазіргі уақытта ол 1,5 пайыздық ставкамен есептеледі. Нәтижесінде елді мекендерде салынып жатқан нысандардың құндары орынсыз артады. Тиісінше, мұндай нысандарға қызмет көрсетуші коммуналдық кәсіпорындар да мүліктеріне жоғары салық төлеуге мәжбүр. Салықтық салмақты азайтуға болады, дейді депутаттар, ол үшін Салық кодексіне өзгеріс енгізу арқылы мүлік салығын 0,1 пайызға дейін азайтып, үнемделген қаржыны су құбырларын техникалық жаңғырту және қайта салуға жіберсе, ол коммуналдық кәсіпорындардың қаржылық жағдайларын да жақсартар еді…
Егер, қостанайлық мамандардың, депутаттардың және «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының осы ұсыныстарының бәрі заң шығарушылар және Үкімет тарапынан оң шешімін тапса, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету тек Қостанай облысы ғана емес, еліміздің басқа да аймақтарында айтарлықтай жақсарар еді және «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасы табысты іске асар еді.
Серікбай ШАЙМАҒАНБЕТОВ.
ҚОСТАНАЙ.