28 Наурыз, 2019

Азаттық архитекторы

848 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін

Өткеннің өнегесі – бүгінгінің баға жетпес байлығы. Жеткенін бағамдап, барын бағалаған қашанда жүрісінен жаңылмайды. Тарихтан тағылым түйгендер ғана ертеңге бағыт бере алады. Бұл ретте Бродель айтқандай, тарих тұлғаларды тудырады, сол сияқты тарихты да тұлғалар жасайды. 

Азаттық архитекторы

 Тәуелсіздік тұтқасы

Көненің күмбірінен сыр тартсақ, талай тарлан тұлға­лары­­мыз­дың тарихқа өзгерістер енгіз­ге­нін білеміз. Кейде қоғам дамудың даңғыл жолына түсе алмай, үй­реншікті үрдістің солғын соқпа­ғынан шыға алмай, замана­лар шыр­ғалаңында басы айна­лып, дүдәмал хәл кешеді. Мұн­дай дағдарыстан шығар жолда ха­лыққа періште пейілді парасат­ты перзенттері мен тегеурінді тұл­ғалар ғана жөн сілтей алады. 

Тұғырлы тұлға ғұмырлы тарих­ты жасаса, керісінше, тарих та тегеу­рінді тұлғаны тудырады. Ли­дердің ерекше харизмасы туралы бағзы бабалардан жеткен байырғы тәмсіл сөздер аз емес. Мұны біз терең тарихымыздың тағылымынан жақсы білеміз. Әрбір дәуір тудырған дарабоз тұлға Ұлы дала тарихын жаңа белеске көтеріп отырды. Көшпелі қоғам өзінің көшбасшы жетекшілерінің артынан ерді. Сол себепті түркі тарихын ілгері сүйреп, дәуір доңғалағын алға жылжытқан қадау-қадау тұлғасыз  тұтас тарихты тану қиын. 

Нартұлғаның ұлылығы әдетте, күрмеуі қиын тағдыршешті тұста тәуекел етіп тау қопарған еселі ең­бе­гінің ауқымдылығымен, ерен ерлігінің жемісті жеңісімен айқын­далады. Басқаша айтқанда, пассионар – қиын да қымқуыт шақта жа­уап­кершілік арқалап, ел үшін ең­се­лі істер атқарған тегеурінді тұлға!

Әдетте, алмағайып уақыттың қиындығы қатар жүреді. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Ош, Ферғана, Баку, Сумгаит, Таулы Қара­бақ, Балтық жағалауы елдер­інде дау-жанжалдар болып, оның аяғы этносаралық қанды қақ­тығыстарға айналды. Оның үстіне, Қазақстанға экономикасы шай­қалған, мемлекеттік құрылымдары тоқы­рауға ұшыраған, ұлттық қаты­настары шиеленіскен шала-жан­сар ел мұра болып қалды. Сон­­дықтан кейбір сәуегейсымақ сарап­­шылар осы өлара кезеңде эко­но­­микасы шикізатқа тәуелді, этностық тұтастығы жоқ, демо­гра­­фия­лық ахуалы әлжуаз, шекарасы ай­­қындалмаған, мемлекеттік тәжі­ри­бесі аз, жері кең, байлығы ұшан-теңіз қазақ елін этностық қақ­­тығыстың жаңа ошағына балап жатты.

Тәңірінің тартуындай тәуел­сіздік тұғырлы болды! Аласапыран кезде ел тізгінін ұстаған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халқын арай­лы азаттыққа бастады. Сол арқы­лы арқауы үзіліп қалған елдік дәс­түр жалғанып, төрт құбыласы түгел мемлекеттің негіздері орнық­ты. Күн астында алтын қыра­ны қалықтаған аспан түсті көк байрақ асқақ желбіреді. Ұлт ұйы­сып, қаймағы бұзылмаған бере­келі бірлік орнады. Тарихи өл­шем тұрғысынан алғанда, аз уақыт­тың ішінде төрткүл дүниеге жаһан­дық бейбіт бастамаларымызбен танылдық. Бүгінде ынтымағы жарасқан, күш-қуаты толысқан, беделі жоғары, мерейлі елдің биік белесінде тұрмыз. Сол жетістіктерді түйсік түкпірінде тағы түлетіп, тарих қойнауынан таным тақтасына қайта бедерлесек дейміз.

Бақ пен байлық бағалағанның қолын­да, бірлік пен ынтымақтың жолында баян­ды болатынына тарих куә. Біз бүгінде барды байытып, бірлікті ту ету арқылы жасам­­паз еңбегімен қазынасын еселеген әлеуетті елге айналсақ, ол – Елбасының елеулі еңбегі. Туы­мыз тұғырлы, туырлығымыз тұтас, туыс­қаны­мыз түгел бостан күнге жетуімізге дәнекер болған тәуелсіздігіміздің топсасы да, тұтқасы да әлбетте, азат еліміздің архитекторы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев!

Елбасы тұлғасын даралау арқылы егемен­дік алған ширек ғасырдан астам уақыт­тың шешімді сәттерін саралауға болады. Сон­дықтан Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ мем­лекеті үшін жасаған толайым табыстары мен толағай жетістіктерін түгел қамту – тәуелсіздіктің тұтас бейнесін айқындайды. 

Егемен елдің ең бірінші құндылығы ол – байрағы мен байтағы. Батысы Атырау­дан, Шығысы Алтайға дейінгі ұлан-ғайыр ата­жұрттың шекарасын шегендеу – Елбасының ерен ерлігі дер едік. Әлемнің жаңа саяси карта­сына алып Қазақстанның аумақтық тұтас­ты­ғын қалыптап, территориясының беріктігі мен бұлжымастығын аймақтық, әлемдік аренада бейбітшілікпен үйлестіріп қамтамасыз ету – дипломатиялық терең парасаттылықтың айқын куәсі. Жалпы, Елбасының Қазақстан шекарасы мәселесін көршілерімен, әсіресе Қытай және Ресей сынды алпауыт мемлекеттермен қысқа мерзімде ешқандай жанжалсыз, бейбіт келісімдер арқылы анықтап, халықаралық ережелерге сай заңдастыруы тарихи оқиға деуге болады. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз еңбектерінде: «Мемлекеттік шекараны белгілеу жолында біз жұмсаған күш-жігердің маңыздылығын түсіну үшін жаңа тәуелсіз мемлекеттердің басым бөлігі мұндай шаруаны атқара алмағанын, олардың әлі де өзара бекітілген мемлекеттік шекарасы жоқ екенін есте ұстаған жөн. Қазақ­стан – Орталық Азия өңірінде делимитация­лау мен демаркация­лау мәселесін толық шешкен жалғыз мемлекет. Қазақстан Республикасының 2000 жылдары бекітілген мемлекеттік шекарасы – толықтай заңды. Қазақстанның мемлекеттік шекарасын саяси растаудың, заң жүзінде рәсімдеудің және оның халықаралық дәрежеде мойындалуының тарихи маңызын айтып жеткізу мүмкін емес» деп жазады.

Артымызға қайырылсақ, алмағайып уа­қыт­тың аумалы-төкпелі кезеңдерін абыроймен жүріп өтіп, тәуелсіздігіміздің нығайып, елдігіміздің кемелденуі жолында жасалған жасампаздық ірі белестер айқын көрінеді. Сол қажет қадамдардың ішіндегі ең бір елеулісі – атажұртына дүниенің төрт бұрышынан сағынышпен оралған қандастардың ұлы көші болатын. Елбасы шартарапқа сауын айтып, Құрылтай шақырды. Тағдыр тәлейімен дүние жүзіне тарыдай шашылған қандастар атажұртқа қайта жиылып, қай қияда жүрсе де арқасүйер атамекені, аңсап келсе бауы­ры­на басар атажұрты бар екенін ұғынды. Бұғауда болып, есесі кеткен, еңсесі түскен елдің ертеңге деген сенімі дүркіреп оянды. Отанына байсалды көшпен жеткен қан­дас­тар­дың ұзын саны бүгінде миллионға жетіп, еліміздің демографиялық саясатының баянды баспалдағына айналды.

Сондай-ақ азаттық архитекторының біре­гей де бірізді саясатының негізінде елі­міз­дегі сан алуан ұлт пен ұлыстардың мәде­­ниеті жарасымды тоғысып, достық пен тату­лықты үлгі еткен біртұтас қоғам қалып­тасты. Кеңес Одағы ыдырап, қоғамда тұрақ­сыз­дық пайда болғанда араздықты қоздыр­ған алауыз саясаткерлердің айтағына ерген кейбір қауымдар енді қалыптасып келе жатқан жаңа мемлекеттің бірлігін сетінетуге қылышын жалаңдатса, кейбір топтар қиқар ұстанымдарын жалаулатқаны жалған емес. Қысылтаяң қилы кезеңде Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, тағдырымен қазақ жерінде тоғысқан түрлі этнос өкілдерін ынтымаққа ұйыстырды. Қарашаңырақ қазақ елінде бір үйдің баласына, бір қолдың саласына айналған олар Қазақстанды өз үйіндей сезінді. Осылайша ортақ Отанда бір тағдырды таңдаған азаматтардың шетелге көшу толқыны азайды.

Хантингтонның пікірлерін жоққа шығар­ған Елбасы ғасырлар тоғысында әлемге өрке­ниеттер арасындағы қақтығыс емес, мәдениет­тер арасында келісім мен парасатты ізгіліктің ал­тын кілтін ұсынды. Осылайша Қазақстан әлемде өркениеттер арасындағы қақтығыс пікіріне қарсы қалқан жасап, мәдениеттер мен дін өкілдері арасындағы диалогті жан-жақты қолдауды мемлекеттік саясатқа айнал­дырған алғашқы мемлекет атанды. Астанада өтіп келе жатқан әлемдік діндер мен конфессия басшыларының құрылтайы мұның ең жарқын айғағы. Бір дастарқанда бастары түйіспейтін, бір-бірімен амандаспайтын кейбір дін өкілдерін бейбітшілік жолында бітімге шақырған Елбасы бастамасы бәтуалы байламға айналды. 

Сәулеткер салтанаты

Күлтегін ескерткіштерінде «Өтүкенде отырсаң, мәңгі елдігіңді сақтайсың» деп жазылған. Тарлан тарихқа үңілсек, әл-Фараби парасатты қала туралы пайымдады, Асан қайғы желмая мініп, Жиделібайсын іздеді. Ізгілікті мұрат еткен қазақ жұрты жаңа ғасырда Жерұйығын тауып, парасатты қаласын орнатты. Бабалар армандаған Өтүкен мен Ергенеқон, жер жәннаты Жерұйық пен Жиделібайсын – соның бәрі бүгінде ақиқатқа айналып, астанамен астасып жатқандай. Арқа төсінде құтты қуаттың символы іспеттес асқақ астана Қазақстанның бойына қан жүгіртті, ұлттық санаға жаңа мазмұн берді. Күлтегіннің мұрасы келіп, көк түріктің рухын тірілткен, алтын самұрығы аспан тіреп, Бәйтерегі көкпен таласқан елордада «Мәңгілік ел» мұраты қайта оянды. Кенесарының рухы атойлап, Керей мен Жәнібек хандардың ескерт­кіштері Алтай мен Атырау, Арқа мен Алатау­дың арасындағы алып аймақта дүр­кі­рей көтерілген Ұлы далаға серпін берді. Елба­сы­­­ның қолтаңбасына айналған елорда түркі өр­ке­ниетін қайта жаңғыртып, түркі әлемінің алғаш­қы мәдениет орталығы аталды. 

Сеңді бұзып, ұлы көшті бастаған бағаналы орда қазақтың бұйығы тірлігіне жан бітірді, дағдарыс ұйығынан шығарып, экономикасын өрге сүйреді. Елдің әлеуеті мен күш-қуатын арттырып, жаһандық деңгейдегі жасампаз жобаларға жетеледі. Жаңа елордамен бірге тұтас терістіктегі ел қазақыланды, қазақ та қалалық халыққа айналды. Мәдениет пен өркениеттің қалада жасалатынын ескерсек, Астана ұлттық рухани жаңғыруымыздың да басы болды. Елдің жүрегіне сенім ұялатып, санасын сілкіндірді. Төрткүл дүниеге төрелік айтатын асқақ Астана түгел түркінің төрі деп танылды. Ойдағы орнап, көңіл жайланды. Береке-бірлігі бекем байтағымызға бақыт байланды. Ең бастысы, қазақ болу – үлкен мақтанышқа айналды! Сондықтан Астананың тағдыры – қазақтың тағдыры, Астананың мәртебесі – қазақтың мерейі десек, Астана арқылы қазақтың да абыройы асқақтады.

Астана – ең әуелі, тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың тұғыры, ұлт болып ұйысуы­мыздың ұстыны, жұрт болып жарасуымыздың жасампаз жылнамасы. Арқаның ажарын ашып, қазақтың таңдау-талғамымен, қажырлы қуат-қайратымен жайқала бой көтерген ғажап шаһар – Елбасының ерен жеңісі, мемлекетті мәңгілік етудегі мегажобасы, елдікке орнатқан еңселі ескерткіші. Есеміз кетіп, есіміз шығып  шатқаяқтап тұрған шақта Есілдің бойына ел қондырып, елдің еңсесін тіктеген Елбасымен егіз ұғымға айналған елорданың Нұр-Сұлтан атанғаны сондықтан.

Бітімгер болмысы

Бас шаһарды алып байтақ даланың орталық бөлігіне орналастыруда үлкен саяси, рухани мән бар екені баршамызға мәлім. Бұл орайда бағаналы орда – басты орданың төрінен тамәм елді татулыққа шақыратын түрлі саммиттер өткізу де өзіндік ұстанымы айқын, тізгіні тәуелсіз дербес мемлекет екенімізді жалпақ әлемге жақсы мағынада жарнамалау болатын. Бұл келелі кеңестердің ішінде Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткенін бөліп айтуға болады. Осы жылы ЕҚЫҰ саммиті Астанада табысты, жоғары деңгейде өткеніне төреші уақыт әділ куә. Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әлемдік дінбасылар алты құрлықты жайлаған барша адамзаттың игілігі үшін бір үстелдің басында, елорданың төрінде тоғысып, бар игіліктің бастауы татулық пен өзара құрмет екеніне бәтуаласты.

Бүгінде Елбасының ең көрнекті жобасы – бас қаламыз халықаралық қоғамдастық жүгінетін саяси беделді алаңға айналса, сол жас шаңырақ көптеген қоңсы қонған бауыр жұрттың бірлігі ыдырап, берекесі кеткенде абдыраған ағайынға пана болып келеді. Аумалы-төкпелі заман сынағына ұшырап, тоқы­рауға түсіп тоз-тоз болған елдерге қолұшын созды. Айтпағымыз, Елбасы бұл қайыр­лы қадамдардың барлығында адамзат игілігіне алтын арқау болып келеді. Қазақ­станның бітімгерлік бағытындағы бастама­ларының маңызы зор делінетіні сондықтан. Қарулы қақтығыстар өршіген өңірлердегі ахуалды реттеуде елорданың рөлі ерекше десек, ол араағайын адал қызметтің арғы жағында қазақ көшбасшысының биік тұлғасы тұғырлана көрініп тұрады. Олардың қатарында біз Үндістан мен Пәкістан сынды алпауыттар арасындағы бітімгерлік пен Түркия мен Ресей арасындағы араағайындықты айрықша атауға тиіспіз. Сондықтан Елбасының жаһандық қауіп­сіздікке қатер төндіретін күрделі саяси кикіл­жіңдерді реттеу, жаңа қақтығыс ошақ­тарының алдын алу бағытындағы батыл іс-қи­мыл­дары мен араағайындық қызметін халық­аралық қоғамдастық жоғары бағалап келеді.

Сонымен қатар Тұңғыш Президенттің Семей ядролық полигонын жабу жөніндегі батыл байламы бүгінде Қазақстан тарихында ғана емес, адамзат тарихында айтулы оқиғаға айналды. Семей полигоны жабылған 29 тамыз БҰҰ Бас Ассамблеясы тарапынан Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні болып бекітілді. Құбылып тұрған заманда елін құбыладан адастырмай, тар кезеңде тәуелсіздік үшін ядролық алапат қарудан бас тартқан тәуекелшіл тұлғаның табанды ұстанымы – көреген көшбасшының ел мүддесін ғана емес, күллі жаһанның тыныштығын қоса ойлайтын планетарлық өредегі өрісті саясаткер екенін көрсетеді.

Тәуелсіздікпен тұспа-тұс келген еліміздің бітімгерлік бастамаларының бүгінде тұтас тарихы қалыптасып отыр. Қазақстанның халық­аралық бітімгерлік тәжірибесінің айшық­ты тұсы ретінде сергелдеңге түскен Сирия мәселесін шешуге бағытталған келіссөздерде аса маңызды рөл атқарған «Астана процесін» айрықша атауға болады. Осы процестегі келіссөздер шырғалаңдағы Шамда 4 деэскалация аумағын бекітуге мүмкіндік берді, бұл өз кезегінде жүз мыңдаған бейбіт тұрғынның аман қалуына сеп болды. 

Қазақ елінің халықаралық аренадағы табыстары туралы сөз еткенде, біз 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметімізді, аталған биік мінберде Мемлекет басшысының қазақ тілінде баяндама жасағанын ерекше айтуға тиіспіз. БҰҰ мінберінде азат мем­леке­ті­міз бен ана тіліміздің мәртебесін әлем алдында жоғары асқақтату – дәуірлер бедерінде қазақ президентінің пешенесіне бұйыр­ған тағы бір тарихи мүмкіндік болды.   

Мәңгілік ел – мегажобалар мекені

Ғаламда ұлы мемлекет болу үшін ұлы мақсаттарға, асқақ армандарды бағындыруға талпыну керек. Елбасы қуатты дамып келе жатқан жас мемлекетіміздің «Қазақстан-2030» стратегиясын табысты жүзеге асырудың арқасында тәуелсіз Қазақстан әлемдегі бәсе­кеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылса, кейін дүние жүзіндегі озық 30 елдің санатына қосылу сынды асқаралы міндет алға қойылып, «Қазақстан-2050» стратегиясын қабылдады. Жалпы, тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан экономикасы бұрын-соңды болмаған биік белестерді бағындырды деуге толық негіз бар. Тоқсаныншы жылдары тұралаған эконо­миканың еңсесін тіктеп, халықтың жағдайын жақсарту міндеті алдымызда тұрды. Біз Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін қираған эконо­миканың қиындығын қайыспай көтеріп, өтпелі кезеңдегі дағдарыстарды еңсердік. Құлаған империяның қирандысы арасында қалған бір бөлігінен қайтадан қуатты экономика қалыптастыру оңайға түскен жоқ.

Осы отыз жылға жетпейтін уақыт ішінде Елбасының жаңа бастамалары негізінде Қазақстан экономикасы бизнеске қолай­лы, инвесторлар үшін тартымды, әлем­дік қауымдастықтың жоғары бағалауына ие болып отырған қуатты мемлекетке айналды. Тәуелсіздік жылдарында елімізге 300 миллиард АҚШ долларынан астам инвес­тиция салын­ған екен. Бұл – Орталық Азия мем­лекет­теріне келген барлық инвести­цияның 70 пайызына тең көрсеткіш. Қазақстан үшін мұнай-газ саласының орны қашанда бөлек. Былтыр елімізде 90 миллион тонна мұнай мен 55 миллиард текше метр көгілдір отын өндірілген. Әлбетте, бұл да Қазақстанның дүние жүзін­дегі мұнай-газ державаларының бірі екенін көрсететін толағай табыс. Қазақтың «қара алтыны» бүгінде қырыққа жуық елге экспортталады. Осы экспорттан түсетін табыстың бір бөлігі Ұлттық қорға жинақталып, еліміздің ең маңызды мұқтаждықтарына ғана жұмсалатын игілік қазынасына айналуда. Ғасырлар керуенінде қол жететін толағай керемет­терді қысқа мерзімде еңсеруіміз Елбасының болашақты болжай алатын дана саясаткер екенінің айғағы. 

Елбасы тәуелсіздік жылдарында Қазақ­станның транзиттік әлеуетін де қайта нығай­туға ден қойды. Алып құрлыққа керуен тарт­қан Ұлы Жібек жолын Мәңгілік елдің «Нұрлы жолы» үлгісінде қайта жаңғыртуға мүмкіндік жасады. Кезінде Ұлы даланың төсімен сауда керуендері жүрсе, қазір мұнай-газ құбырлары, авто және теміржолдар тартылу керектігін ерте сезінген көшбасшы діттеген мақсаттарға мүлтіксіз жетіп отырды. 

«Ғасыр жобасы» деген атқа ие болған, Қазақ­стан аумағындағы ұзындығы 2 800 шақырымға жуықтайтын «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автокөлік белдеуі де тәуелсіздік жылдарының жемісі тікелей Елбасының ерен еңбегі деуге болады. Тәуелсіздік жыл­дарындағы президенттің тың бастамасымен жеткен еліміздің толағай табыстары туралы айтқанда, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне ерекше тоқталып өтетініміз анық. 

Астанаға әлем назарын аударған шарада көрмеге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысқаны белгілі. Сол ЭКСПО-2017 көрмесінің орнында бүгінде Қаржы орталы­ғы­ның құрылғаны халықаралық бизнес қоғам­дастығының Қазақстанға деген сенімінің белгісі болды.

Ұлы дала ұлағаты

Осы жылдары тәуелсіздікті темірқазық еткен қазақ руханияты қарыштап дамып, құлашын кеңге жайды. Қазақ деген тарихын тереңнен тартатын, еншісін Еуразия төрінде ат ойнатқан ұлы мемлекеттерден алатын, болмысы асқақ, еңсесі биік ел екенін Елбасы ерек сезіне білді. Президент ең алдымен осынау ширек ғасырдан астам уақыт ішінде еліміздің рухани санасын қалыптастыру – ел бірлігі­нің алғышарты, тұтас руханияттың тетігі екенін бүкіл болмысымен түйсінді. Жазықсыз реп­рессия құрбаны болып, қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғаларды ақтап, әділеттілікті қалпына келтіріп, Алаш қайраткерлерін тарих сахнасындағы лайық орындарына шығарды. Қазақ сахарасын қорғап, алаш үшін найзасына сүйеніп намысын жауға бермеген батырлардың айтулы астарын өткізді. Елбасының бастамасымен азаттықтың алтын бесігінде тербелген қазақ әдебиетінің алғашқы рухани тойы – қазақтың ұлы шайыры Абайдың 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланды. Бұл – азаттықтың дәмін алғаш татқан қазақ елінің руханиятына тарту еткен Елбасының тұңғыш сыбағасы еді. 

Ұлтымыздың түп-тамыры сонау ежелгі сақтардың ұстанған салтынан бастап, ғұндар­дың тұтынған ғұрпына барып бір-ақ тірелсе, одан бері де жарты әлемді жаулап, теңдессіз империя құрған, биыл құрылғанына 750 жыл толып отырған Алтын Орда ұлысы мен Моғол­стан мемлекетінен тамыр тартып, бергісі шежірелі қазақ хандығына табан тірейді. Қозы­басы тауына қазық қағып, Таласта ту көтерген қазақ хандығы – біздің саяси-құқық­тық, мәдени-рухани алтын арқауымыз. Сон­дық­тан Қазақ хандығының 550 жылдығын ел болып тойлауымыз шын мәнінде тәуелсіз қазақ әлемінің жаңа ұлттық идеологиясына сәу­ле түсірумен тең еді. Қаһарлы хандар мен бәтуалы билердің, білекті батырлар мен абыз ақын­дардың тұлғаларын тарихта таспалау арқылы келешегіміздің көзқарас көкжиегін кеңейттік. Өткенге көз жүгірту – ертеңге ой жүгірту – болашақтың басты ұраны болуы шарт. 

Елбасымен етене егіз ұғым егемендіктің арқасында қазақ халқы ана тілінің айбарын асырды. Еліміздің мәдениеті мен әдебиеті дамуы үшін қысқа уақыттың ішінде архивтерді ақтартып, тарихи ақтаңдақтарды батыл аштыруға мүмкіндік жасалды. Себебі жас ұрпақтың ұлттық санасы сәулеленбей, ой отарсызданбай, алдағы жүзжылдықтардың жүйелі жоспарын жасау мүмкін емес болатын. Сондықтан Мемлекет басшысы тәуелсіздік алған сәттен бастап, мемлекеттілікті нығай­ту­мен бірге ұлт рухын ояту, халқымызды ұлы істерге рухтандыру жұмыстарын қатар жүр­гізді. Осылайша санасы азат, ойы еркін, арманы асқақ, қиялы шексіз, басқаға бүгілмейтін, бас иіп жүгінбейтін бостан елдің болашағы – жас ұрпақ қалыптасты. 

Түптеп келгенде Мемлекет басшысы жастар үшін жүйелі жұмыстарды сонау «Болашақ» бағдарламасын бекіткен күн­нен бері қаузап келеді. Еліміз ең қиын әрі күр­делі экономикалық жағдайда болғаны­на қарамастан, «Болашақ» стипендиясын таға­йындап, ел жастарына әлемнің ең белді оқу орындарында оқуға жағдай жасады. Бұл біздің еліміздің болашағына салынған ең алғашқы инвестиция еді. Бүгінде бұл бағдарлама бо­йынша білім алған жастардың саны 13 мыңға жетіп, олардың алды Қазақстанның дамуына зор үлес қосып жатыр.

Тәуелсіздіктің арқасында өркениеттер көшінде өшкеніміз жанып, өткеніміз санамыз­да сәулеттенді. Егемендік арқылы атау­ларының өзі аңызға айналып бара жатқан ата­жұрттың тарихи жадысына қан жүгіріп, ел шежіресінің екінші тынысы ашылды. Киелі жерлердің картасы түзіліп, құрдымға кетуіне аз қалған құнды жәдігерлер қамқорлыққа алынды. Көнерген ғасырлар көмескілендіре бастаған ұлттық болмыс, рухани сана, қазақы дәстүр мен салт, ежелгі атакәсіп барлығы жасампаз кезеңде жаңа деңгейге бет қойды. «Мәдени мұра» арқылы шетелдік архивтерден қазақ елінің тарихы туралы қыруар деректер жинақталып, жүйеленіп, іргелі зерттеулер руханиятымызға қазыналы көмбе болып қосылды. 

Рухани жаңғыру, әліппе ауыстыру – санаға сәуле ұялатып, ойды отарсыздандыратын, елдің еңсесін тіктейтін, сондықтан мемлекет құру, қала салу сияқты аса ауқымды іс. Арғымақты алғаш ауыздықтап, тұлпарды тұңғыш тақымдаған жауынгер жұрттың ұрпағы екеніміз дүние жүзіне Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мазмұны бай маңызды мақала­ларымен дәлелденді. Аталған мақалалар негі­зінде ежелгі Ботай қонысынан табылған пырақтарды алғаш қолға үйреткен қазақ сахарасын мекендеген біздің бабаларымыз екенін археология ғылымы анық айналымға шығарды. 

Тұлпарларды тақымдаған үзеңгі мен ауыздықты Алтай мен Атыраудың арасындағы кең-байтақты мекен еткен біздің бабалар балқытып, бұйым қылып жаратқаны мәлім болды. Темірден түйін түйіп, теріден киім киген көшпенді жұрт жылқының жалында кеңістікке көз жүгірткен киіз туырлықты қазақ екеніміз бұл күнде ұрпаққа мақтаныш. Түйіп айтқанда, ежелгі адамзат тарихында бабаларының тарихы балбал тастармен бәдізделіп бүгінге жеткен Алаш жұрты кемел келешегін кеңейте түсті. 

Түркі әлемінің тұғырлы тұлғасы

Қазақстан аймақтағы іргелі интеграция­лық үдерістердің белсенді қозғаушысына айналып, мәдениеттер мен өркениеттерді жақын­­дастырған дәнекер көпірге айналды, мега­­жобалардың мекені атала бастады. Бұл тұр­­ғы­дан алғанда Роберт Капланның «Маккин­дердің Хартланды – қазіргі Қазақ­стан. Батыс Сібірден Каспийге дейін созылып, Орта­лық Азияның басым бөлігін алып жатқан қазақ даласы Еуразияның дәл ортасына орна­ласқан» деген сөзі ойға оралады.

Таяуда Түркі академиясының ұйытқы болуымен кәсіби зерттеу тобы түркітілдес алты мемлекетте әлеуметтік сауалдама жүр­гізді. Осы зерттеуде әртүрлі жастағы, алуан түрлі көзқарастағы азаматтар бір ауыздан Қазақ­станның Тұңғыш Президентін түркі дүние­сінің әлемге әйгілі ең танымал тұлғасы ретін­де таныпты. Былтырғы жылы мамырда түр­кия­лық журналист Күршад Зорлу жүргізген зерттеуінде Н.Ә.Назарбаевтың интернетте ең көп қаралған тұлға екенін анықтаған. Бұл зерттеулердің нәтижесі Елбасының түгел түркінің тұтқасы екенін әйгілеп тұрғаны анық!

Расында, көк түріктің атажұртында жас мемлекеттің іргесін қалаған Қазақстан Президенті тамыры бір туыс жұртты түгендеп, үзіліп қалған алтын арқауды қайта жалға­ды. Әуелі Елбасы іргедегі бауырлас елдермен дос­тық байланыстарды арттыруға назар ауда­рып, Орталық Азия ынтымақтасты­ғын құру жөнінде бастама көтерді. Осы мақсат­та Өзбекстан мен Қырғызстанның мем­лекет басшыларын тарихи Ордабасыда табыс­тырған Нұрсұлтан Әбішұлы аймақтық ынты­мақтастықты арттыру жолында нақты қадам­дар жасады. Еуразияның күретамыры болған Ұлы Жібек жолын қайта жандандырып, Алтай мен Анадолының арасын қосқан Елбасы түбі бір туыс елдер түгел мойындаған тегеурінді тұлғаға айналды.

Түркі жұртының тағдыры талқыға түскен келелі кездесулерге ұйытқы болған Қазақстан Президенті Түркі Кеңесі, Түркі Ақсақалдар кеңесі, ТүркПА, ТҮРКСОЙ, Халықаралық Түркі академиясы сияқты іргелі ұйымдарды құру туралы бастама көтерді. Бұл – аса ірі бетбұрыс кезеңнің басына айналды. Сондықтан болса керек, 2010 жылы Түркістанда өткен жиында Түркия Президенті Абдолла Гүл Қазақстан басшысының иығына ақ шапан жауып, қолына аса таяқ ұстатып, оны «Түркі әлемінің көшбасшысы» деп бағалады. 

Қазақстанның Тұңғыш Президенті түркі тарихында тағы бір тұңғыш қадамға барып, өз өкі­леттігін тоқтату туралы тағдырлы шешім қабыл­дады. Азаттықтың архитекторы, тәуелсіз­діктің тірегі тұрақтылық пен тыныш­тықты қам­тамасыз етіп, Консти­ту­циялық норма­ларға сәйкес, дәстүр сабақтас­тығын сақтай отырып Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­қа аманаттың ауыр да жауапкершілігі мол жүгін тапсырды. Бұл да Елбасының ел тағдыры мен мемлекет мүддесін бәрінен жоғары қоятынын айғақ­тайтын тарихи-саяси ірі оқиға болды.

Түйін сөз

Кеңестік империя ыдыраған тұста Л.Н.Гумилев Еуразия кеңістігінде пассионар­лық кезеңнің қайта басталғанын жазған еді. Пассионарлық өрлеудің алғашқы кезеңінде қаһарлы ғұн тәңірқұты Мөде қаған Жерұйығын тауып, елдің бірлігін, жердің тұтастығын қамтамасыз еткен. Еуразия кеңістігін көктей өткен көк түріктер дәуірінде Бұмын, Елтеріс, Білге қағандар қасиетті Өтүкенді мекен етіп, Күлтегін жазуында айтылғандай «елді құрап, аш халықты тоқ еткен, аз халықты көп еткен, жалаңаш халықты тонды еткен, айналаны бейбіт еткен». Пассионарлық кезеңнің Алтын Орда қабатында «Жиделібайсын жерінде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» орнаған. Біздіңше, арайлы азаттықпен бірге осы пассионарлық кезеңнің жаңа дәуірі бас­талды. Сондықтан «Бөрілі байрақ астында, бөгеліп көрген жан емен» деп Сүйінбай ақын жырлағандай, көк Байрағын көтеріп, көкке қолын созған Ұлы дала елі енді бөгелмейді. Бұл ретте оның арқасүйер тұлғасы да, табан тірер тұтқасы да Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы екені анық...

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ