28 Наурыз, 2019

Көгілдір отын көпшілік көңілін күпті етуде

584 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда Шу ауданының орталығы Төле би ауылын көгілдір отынмен қамтамасыз етуде күн санап құбылған баға тұрақсыздығы тұрғындар үшін басты мәселеге айналып, жұртшылықтың наразылығын тудыруда. Бұл бүгін ғана басталған мәселе емес, біраз жылдан бері жалғасып келеді.

Көгілдір отын көпшілік көңілін күпті етуде

«2015 жылы 14 мамырда Төле би ауылдық округінің әкімі Ербол Даберовпен келісіп, 4200-ге тарта үй тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз етпекші болған «Париев» серіктестігі жердің үстімен әр үйге кіргізуге 380 мың теңгеге хаттама жасасып, «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамынан техникалық шарт алады. Бірақ оны екі жылдан кейінгі 2017 жылғы 14 маусымдағы Шу аудандық сотының отырысында «черновой вариант» деп, елді тағы алдайды. Дәл сол 14 мамырда жердің астымен жүргіземіз, полиэтилен құбырлар болат құбырлардан 2-3 есе арзан, әрі 2-3 есе аз жұмсалатындығына қара­мастан қымбатқа түседі деп, әр үйге 420 мың теңгеден екінші хаттама жасайды. Қулықпен арт­ты­рылған 40000 теңгені ауылдағы 4200 үйге көбейтсек, 168 миллион теңге болады екен. Келісімшарт амалымен әр үйге қосымша «ҚазТрансГазАймақ» бөлі­міне тіркелуге төленетін 40000 теңге­дей қаражат тағы да бар», дейді аудан­ның құрметті азаматы Мәкен Уақтегі.

Тұрғындардың сөзіне сүйен­сек, бұл мәселелерден кейін тағы да «Париев» компаниясы 2016 жылы құбырлардың бағасы қым­бат­­­тады деген сылтаумен әр үйге газ кіргізу бағасын 570 мың теңге­ге бірден қымбаттатқан. Алай­да халық көгілдір отынға қосыла қоймаған соң 2016 жылы одан 62000 теңгені алып тастап, мер­ді­гер басшылары амалсыз әр үйді газдандыру құнын 508000 теңге­ге түсіреді. Шу қаласы мен көрші ауылдарда әр үйді газға қосу құны 330-350 мың теңге көлемінде болғандықтан, баға­ның бұлай аспандауы жұрт­шылық наразылығын туды­ру­да. Халықтың әлеуметтік жағ­дай­ының бірдей емес екенін алға тартқан ауыл тұрғындары көп­шілік­тің бұл қаражатты төлей алма­­йтынын айтып мәселе көте­ру­де. 

Аталған мәселеге орай, М.Уақ­те­­гі бастаған ауыл тұрғын­да­­ры Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовке де хат жа­зып­ты. «Алайда 1200-дей ауыл тұрғындарының әкімге жаз­ған өтініш хатымен тұрғындар әрекеттенгенде, ауылдық округ әкімі Ербол Даберов және тағы да басқа атқамінерлердің ықпалымен «Париев» серіктестігі түкпір-түк­пір­­дегі көшелердің бәрін қазып тас­тап, көпшіліктің талап-тілегіне кедергі келтірді. Өзіміз таңдаған «Еркебұлан и К» серіктестігіне Төле би ауылындағы 4200 үй орна­­лас­қан 136 шақырымдық көше­лер мен аулаларға жер астымен жүргі­зілетін жұмыстарының жоба­­лық-сметалық құжаты бойын­­ша 1 миллиард 029 миллион теңге қажет. Сонда әр үйге 368000 теңгеден келеді. Ал, пари­ев­тіктер 1 миллиард 491 мил­­лионмен әр үйге шаққанда 475000 теңгеден талап етуде. «ҚазТрансГазАймаққа» қосылу үшін келісімшарт қулығымен сыртқа шығарылған 40000 теңге­мен сонда тұрғындарға 515 мың теңгеден айналады. Сонда әр үйге айырма 147000 теңгеден келеді. Қазіргі кезде бұл да халыққа оңай емес», дейді М.Уақтегі.

Тұрғындардың айтуынша, «Париев» мекемесі технологиялық талаптарды дұрыс орындамай, құбырларды қалай болса солай орналастырғандықтан, орталық көше маңындағы «Жандос» дүке­ні­нің алдында өткен жылы 11 ақпанда жарылыс орын алған екен. Газға қосылған 400-дей үй қақаған суықта 2-3 күндей жылусыз қалыпты. Сондықтан да төлебилік тұрғындар «Париев» компаниясының жұмысынан бас тартып, өзге серіктестікпен жұмыс істеуге ниетті. Алайда, бұл да мүмкін болмай тұрған көрінеді.

Бұл орайда Жамбыл облыстық энер­­гетика және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық басқар­масы да кезінде ауыл тұрғын­да­ры­ның қатысуымен «Париев» ЖШС мен әр тұрғын үй иесі арасында келісімшарт жасау және әр үйге газ тарту құнын 420 мың теңге деп белгілеу туралы хаттама қабылданғанын және 2015 жылдың мамыр айын­да «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жам­был өндірістік филиалы ауыл­дық округ әкімі Ербол Даберовтың сенімхаты негізінде мерді­­герге жоба бойынша техни­ка­лық шарт бергенін растап отыр. Басқарманың мәліметінше, 2015 жылдың маусымы мен 2016 жылдың қаңтары аралығында мердігер ұйым 88 абонентпен келісімшартқа отырған және 2016 жылдың тамыз айынан бас­тап алғашқы абоненттер газ тұтына бастаған. «2016 жылдың қаңтар айында мердігер ұйым ауыл тұрғындарына құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты әр үйге газ тарту құнының 570 мың теңгеге көтерілгенін мәлімдеген. Ауылға газ келтіретін құбыр құрылысына 60 мың, ауыл ішінде газ тарату құбырлары құрылысына 390 мың, үйге кіргізуге 120 мың теңге. Кейінгі бағамен 2016 жылдың қаңтары мен 2017 жылдың сәуірі аралығында 22 абонент қана келісімшартқа отырған», дейді аталған басқарманың газдандыру және өнеркәсіптік қауіпсіздік бөлімінің басшысы Бақтыбай Қырықбаев.

 2017 жылғы сәуір айында бағаны төмендету мақсатында, облыс­тық бюджеттен 251,1 миллион теңге бөлініп, Шу қаласы маңын­дағы жоғары қысымды газ құбырынан Төле би ауылының ірге­сіне дейінгі ұзындығы 8,7 шақы­рымды құрайтын мердігер жүр­гіз­­ген жоғары қысымды газ құ­быры аудан әкімдігінің теңге­­рі­міне сатып алынған. Осы шара­­дан кейін әр үйге газ тарту құны 95 мың теңгеге арзандатылып, нәтижесінде баға 475 мың теңгеге тоқтаған. Енді «Париев» серік­тес­тігі 2017 жылдың сәуір айы­нан бастап, ауыл тұрғын­да­ры­на алғаш 100 мың теңге төлеп, қалған соманы 1 жыл ішінде бөліп төлеу мүмкіндігін ұсынған. Сонымен қатар, алғашқы соманы төлеген тұрғынға бірден газ қосып беруге келісетіндігін мәлімдеген. Бұл жеңілдік өткен жылдың басында қайта қаралып, алғашқы төлем тағы да 50 мың теңгеге түсіріліп, қалған соманы төлеу мерзімі бір жарым жылға ұзартылған. Бүгінгі таңда Төле би ауылында 4200 үй бар болса, соның ішінде 954 үй газ тұтынуда екен. «Мердігер ұйымның мәліметіне сәйкес, бүгінге жоба бойынша жалпы ұзындығы 136 шақырым құбырдың 106 ша­қы­рымы жүргізілген. Қалған 30 шақырымның басым бөлі­гі аулаларға тартылатын құбыр­лар­дың есебінен қалып отыр. Қазіргі уақытта Төле би ауылында алғашқы төлем 50 мың теңге, енді қалған соманы 18 айға бөліп төлеу әр айға 2 3611 теңгеден айналады», дейді Бақтыбай Қырықбаев.

Ал Ұлттық экономика минис­тр­­­­­­лігі Табиғи монополиялар­ды реттеу, бәсекелестікті және тұтыну­шы­лардың құқықтарын қор­ғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті 2017 жылғы 17 қазан және 2018 жылғы 4 қаңтар аралығында Төле би ауы­лы тұрғындарының ұжымдық арызы негізінде «Париев» ЖШС-не қатысты тексеріс жүргізген. Тексеру қорытындылары бойынша, мердігердің 2016 жыл мен 2017 жылдың 6 айында 292 абоненттің есебінен 4 миллион 905 600 теңге негізсіз пайда тапқанын анықтаған. Яғни, аталған серіктестік әр абоненттен 16800 теңгеден тапқан. Аталған департамент басшысының орынбасары Жандос Әзімовтің айтуынша, департамент тарапынан мердігерге қатысты әкімшілік іс қозғалып, материалдар Меркі аудандық сотына жолданған. Ал Меркі аудандық соты 2018 жылғы 9 ақпанда істі қарау нәтижесі бойын­ша әкімшілік құқық бұзушылық белгілері жоқтығына байланысты Қаулымен өндірісті тоқтатқан. Осыдан кейін департамент Меркі аудандық соты шешімінің күшін жою туралы талаппен Жамбыл облыстық прокуратурасына жүгі­ніп­ті. Облыстық прокуратура істі Меркі ауданына жолдаған. Ал аудандық прокуратура нысанның аяқталмағандығына байланысты прокурорлық акт енгізуге негіз жоқтығын хабарлаған.

«Мұндай мәселелерді біз бірін­ші өз құзірет шегімізде қарай­мыз. Тергеу-тексеру жұмыстарын аша­мыз. Қорытынды бойынша «Париев» серіктестігін монополды үлкен баға деп анықтап, хат­тама толтырдық. Негізінен атал­ған мекеме заңды түрде Меркі ауданында тіркелген. Өзіміз газ тарту құнын 470 мың теңге болу керек деп шештік. Қазіргі кезде тұрғындардың үйіне дейін газды кіргі­зіп беру құны 458 200 теңге болады», дейді Ж.Әзімов.

Тұрғындар үшін түйткілге айнал­­ған газ тарту мәселесінің енді қашан шешімін табатыны белгі­­сіз. Биыл төртінші жылға аяқ басқан көгілдір отын дауы көп­ші­ліктің көңіліне күдік ұялатуда. 

 Хамит ЕСАМАН,

«Egemen Qazaqstan»

Жамбыл облысы