28 Наурыз, 2019

Дүйім дүниедегі денсаулық жайы дабыл қағарлық күйде

557 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы биыл бесжылдық стратегиялық жоспары – Он үшінші жалпы жұмыс бағдарламасын жүзеге асыруға кіріседі. Бұл жоспар денсаулық сақтау саласындағы қызметпен қосымша үш миллиард адамды қамтуды көздейді. 

 

Дүйім дүниедегі денсаулық жайы дабыл қағарлық күйде

ДДСҰ деректеріне қара­ған­да, жер бетіндегі әрбір он адамның тоғызы күн сайын лас­тан­ған ауамен тыныстауға мәжбүр екен. Сарапшылардың бағамдауынша, ауаның лас­тануынан бастау алатын қатерлі ісік, инсульт, жүрек және өкпе ауруларынан шамамен 7 миллиондай адам өмірімен ерте қоштасады. Бұл үдерістің 90 пайызы халқы­ның табысы төмен немесе орташа, яғни өндіріс, көлік, ауыл шаруашылығы және қарапайым пештен ауаға таралатын зиянды қалдықтары көп мемлекеттерге тән болып отыр. 

Өз кезегінде ауаның лас­тан­уы климаттың өзгеруіне де ықпа­лын тигізіп, адам ден­сау­­лығына кері әсер етуде. Ұйым­­ның болжамына қара­ған­да, 2030-2050 жылдары кли­мат­тың өзгеруі жылына қосым­ша 250 мың адамның өліміне себеп болуы мүмкін. Климаттың өзгерісі аштық, тырысқақ, диарея және ыстыққа байланыс­ты күйзелістерді ушықтырып жібермек. 

Әлемде диабет, обыр және жүрек ауруларынан болатын адам өлімдерін қоса есептегенде, олардың көрсеткіші жалпы өлім-жітімнің 70 пайызын құрайды. Бұл шамамен 41 мил­лиондық көрсеткіш. Оның ішін­де 15 миллионы 30 бен 69 жас аралығындағы мезгілінен бұрын көз жұмған адамдарды қамти­ды. Ал осы өмірден ерте кеткен­дердің 85 пайызы табысы аз немесе орташа мемлекеттің тұр­ғындары. Денсаулық сақ­тау ұйымының деректеріне қара­ғанда, бұл көрсеткіштің өсуі­не адамның темекі тартып, алкоголь өнімдерін мөлшерден артық пайдалануы, қозғалыстың аздығы және ауаның ластығы әсер етуде. Адам бойындағы осы жаман әдеттер жүйке жүйе­сі­не әсер етіп, емі жоқ дертке шал­дықтыруда. 

Қазіргі уақытта тұмау­дың көпте­­ген түрі де адам­зат­ты жаға­дан алып тұр. Мамандардың өзі тұмаудың қандай түрі, қай бүйірден соққы жасайтындығын болжай алмайды. Бірақ ДДСҰ тарапынан жыл сайын мониторинг жасалып, тұмаудың өршуі ықтимал түрлерінің алдын алуға байланысты ұсыныстар беріліп келеді. 

Сондай-ақ жер шарындағы халықтың 22 пайызы немесе 1,6 млрд адам құрғақшылық пен аштық жайлаған, үздіксіз кикілжіңдер мен тұрғындары үдере көшіп жүрген аудандарда тұрады. Тиісінше, мұндай аймақтардағы медициналық қыз­мет сапасы өте төмен. Сол себепті ДДСҰ сол аудан­дар­да­ғы ана мен бала денсау­лы­­­ғын сақ­тауға маңыз беріп отыр. Соны­­мен қатар сол елдердің ден­саулық сақтау сала­сын ны­ғай­туға, жұқпалы ауру­лар­дың алдын алуға күш сала бермек. 

Түрлі антибиотиктер мен вирусқа және тырысқаққа қарсы дәрілердің пайда бол­у­ын заманауи медицинаның жетіс­тігі деп бағаласақ та, бұл препараттардың дәуірі өтіп барады. Қазіргі дәрі-дәрмекке үйре­ніп алған зиянкестер бола­шақ­та препарат атаулыға бой бермей кетуі мүмкін. Індеттің алдын алу мүмкін болмай қал­ып жатса, туберкулезге қатысты кең қолданыстағы химио­те­ра­пия­ның өзі іске алғысыз болып қалады. Айталық, осы өкпе ауруына әлемде жылына 10 млн адам шалдығып, олардың 1,6 млн-ы көз жұмады. Ал осы ауруға қарсы тиімді құрал болып саналатын рифампицин дәрісінің 2017 жылдың өзін­де 600 мыңдай адамға әсер етпейтіндігі анықталған. Сон­дық­­тан да, бұл мәселе ДДСҰ мамандарының ерекше бақы­лауында тұр.

Алғашқы санитарлық-меди­циналық көмек жүйесі әдетте халық пен денсаулық сақ­тау жүйе­сі арасындағы бай­ла­ныс­­тың бастапқы нүктесі болып саналатындықтан, оның жұ­мы­сы кешенді және адамға өмір бойы қолжетімді болуы тиіс. Алайда, көптеген мемлекеттерде бұл жүйе қалыпты жұмыс жасап тұрған жоқ. Оның үстіне, соңғы жылдары денсаулық сақшылары тек белгілі бір ауру­лар­ға қарсы күреске маңыз бе­ріп келді. 

Жалпы, алғашқы меди­ци­налық-санитарлық көмек жүйе­сін дамыту жөнінде Қазақстан Президенті ұдайы айтып келеді. 

Ал ДДСҰ есебінде 2018 жыл­дың қазан айында Астанада өткен бүкіләлемдік ауқымды кон­ференцияда 1978 жылы Алматы декларациясында қарас­­тырылған алғашқы меди­ци­на­лық-санитарлық көмек жүйесін дамытуға байланыс­ты міндеттемелерді пысықтау мәселесі қайта қаралғандығы көрсетілген. 

Сол үшін ДДСҰ 2019 жылы өз әріптестерімен бірге осы жүйе­­ні дамыту мен жаң­ғыр­ту­лар талабы бекітілген Астана декла­ра­циясының сақталуына маңыз бермекші. 

Бүкіләлемдік ұйымның де­рек­­теріне қарағанда, қазіргі уа­қытта экономикалық жағынан тиімді саналып отырған вакциналар арқылы жыл сайын 2-3 млн адамды ажалдан арашалап қалуға болады екен. Алайда әлем елдерінде үгіт-насихат жұмыс­тарының кемшін­ді­гі­нен вак­цинаға сенім­сіздік белең алған. Осыған орай, ДДСҰ биыл ден­сау­лық сақ­тау мекемелерін сенімді әрі тексерілген ақпа­рат­тармен қамтамасыз етуді жос­пар­лап отыр. 

Сонымен қатар бүгінде әлем бойынша 37 млн адам ЖИТС (ВИЧ) қармағына іліккен. Бұл індеттен жыл сайын мил­лион­да­ған адам көз жұмып жатса да, халық арасында оған немқұ­райлы қарайтындар азай­май келеді. Осы ауру пайда болғалы бері дүние жүзін­де 37 млн адам иммунитет тапшы­лығынан бақилық болған. Іс жүзінде денсаулық сақ­тау саласының өзі ВИЧ ви­ру­сы­ның алдын алуға әлі де дәр­мен­сіз. Сондықтан да ДДСҰ 15 пен 24 жас аралығындағы қыз-келіншектердің денсау­лық­­та­ры­на алаң­даушылық біл­ді­ру­де. 

Жалпы осы деректерге қа­рап-ақ, біздің ғасырымыздағы қауіп-қатерлердің ауқымын ба­ғам­­­­дай беруге болады. Демек, өзге­­лердің қиындығынан са­бақ алып, өз-өзімізді сақтау, ауру­­дың алдын алу – басты міндет­тер­дің бірі болып қала бермек. 

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»