28 Наурыз, 2019

Халқымен мәңгі жасайтын тұлға

527 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Тарихи бір сәт, өзінің президенттік қызметіне кірісу салтанатында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сынды өз дәуірінің ұлы перзентіне құрмет көрсету жайлы айтқан ұсыныстары көңілімізден шықты. Астана қаласы Нұр-Сұлтан қаласы болып аталуы, сол Нұр-Сұлтан қаласында Елбасының монументтік ескерткішінің тұрғызылатындығы да, «Халық Қаһарманы» атағының берілуі де қазақ халқының елім деп еміренген өз ерін асқақтата білетін көшелі ел екенімізді көрсетіп, парасатты шешім қабылдадық! 

Халқымен мәңгі жасайтын тұлға

Бәрі де тарих енді! Жасампаз тарих! Елбасы тарихи шешім қабылдап, өзінің президенттік өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты. Елбасы тағы да ел бола­шағын кеңінен ойлап, пішер өз кемең­герлігін танытты.

Сол жасампаз тарих төрінен бүгін­гі күні біз айтар бір ақиқат бар! Тәуелсіз Қазақ елінің тарихы сол елдің екі тізгін, бір шылбырын өз қолына ұстаған Нұрсұлтан Назарбаевтың тағдыры, бұған керісінше Елбасының тағдыры Қазақ елінің тағдыры мен тарихы болып қалыптасты. Бұл қос тағдыр тұтас бір халықтың тағдыры деген ойымыз бен пікірімізді кезінде айтқан болсақ та, сол өз қағидамызға тағы да бір жүгіне отырып, бүгінгі күні көңіл түкпірінде жатқан ой көзімен сөйлеуді мақсат еттік. 

Тәуелсіздік және Елбасы! Бұл қос ұғымды біз бір-бірінен бүгінгі күні де, Мәңгілік елдің мәңгілік тарихынан да ешқашан бөле-жара қарай алмасы­­мыз анық. Өйткені Елбасы ел тәуел­сіз­ді­г­інің бүгінгі 27 жылында қазақ елін бір ғасырдың еншісіне де сыя қой­­мас­тай тарихи жолдан алып өтсе, Қазақ елі дүниенің төрт бұрышына ең әуелі Назарбаев есімімен, Назарбаев кел­бетімен танылды. Назарбаев қазақ елі үшін әлемге, ғарышқа, болашаққа жол ашып берді! Ақиқаты осы.

 Бүгінгі күні туған еліміздің мерейі өсіп, абыройы тасқанын көруден артық қуаныш та, бақыт та жоқ болар бәлкім! Және де сол мерей мен сол абырой әлемдік деңгей мен әлемдік дәрежеде болып жатса, бұл дегеніңіз күні кеше ғана отар болған Отаныңның бағы жанғандығы деу керек. Отар болған да жалғыз біз емес едік. Әлем алдында абыройлы боламыз деп ұмтылғандар да жалғыз біз емес едік. Әрине бүгінгі заманның өлшемімен жиырма жеті жыл дегеніңіз тарих үшін қас-қағымдық сәт те болар. Алайда, сол тарихтың осы бір аса қысқа мерзімінде Қазақстанның әлемдік және халықаралық аренадағы орны, беделі мен абыройы дүние құрлығындағы ертеден қалыптасып, ертеден қуатты мемлекет болып орныққан елдерден кем түсіп отырған жоқ. Тағы да бір ақиқат осы.

Назарбаев нені де болса елімен бірге көрді, елімен бірге төзді, елімен бірге жеңді. Тұтас бір елдің, тұтас бір халық­тың ғасырлар бойы армандап келген тәуелсіздігін өзі жариялап, сол тәуел­сіздіктің көк байрағын өз қолы­мен тұңғыш көтерген Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сынды тарихи тұлғаның ерлігі мен ұлылығын тану және сол жайында айта да білу қажет енді. Бұл – бізге сын. 

Қазақ елінің бүгінгі біз жазып жатқан және де бізден кейін жазыла берер тәуел­сіздік тарихының әр бетінде Нұр­сұлтан Назарбаевтың есімі мен ісін әр дәуірде дүниеге келер ұрпақтарымыздың да үзбей қайталап, үнемі айтып отырарына деген сенім де бар. Өйткені Нұрсұлтан Назарбаев «қырғи қабақ» соғыстың ауыр зардабынан тұншыға бастаған дүниеге жаңа дем берген және ядролық қарусыз дүние құрудың жаңа кезеңін бастаған әлемдегі тұңғыш саясаткер бола білді. Осы орайда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың адамзаттың жаңа дәуірінің, яғни ХХІ ғасырдың саяси дүниесі мен келбетін түбірінен өзгеріп сала беруіне өз үлесін барынша қоса білген сарабдал саясаткерлігін әлем толығымен мойындаған-ды. Бұл – тарихтың мойындауы.

 Адамзат дамуындағы даралар мен даналардың рөлін лайықты бағалай білер парасаттылар үшін де және біз үшін де Нұрсұлтан Назарбаев өзінің туа бітті киелі бір қасиетімен қазақ топырағында дүниеге келген, өз дәуірі өзіне лайықтап туғызған адамзаттың ерекше бөлек бір жаратылысының перзенті болып мәңгі жасары анық. 

Бұл орайда ең әуелі Нұрсұлтан Назар­баевтың әлемдік тарихтағы адам­­­зат баласының ядролық қарусыз дамуы­­ның жаңа кезеңін бастап берген бірден-бір саяси дара тұлға және ядросыз әлем құрудың тұңғыш архитекторы екендігін айтар едік. Және де Қазақстан Республикасының Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен 2003, 2006 және 2009, 2012, 2015, 2017 жылдары қазақ жерінде, Астана қаласында тұрақ­ты өт­кі­­зіле бастаған Әлемдік және дәс­түрлі діндер көшбасшыларының кез­десу­лері адам­заттың жаңа мың­жыл­ды­ғының конфес­­сияара­лық диалог пен кеңесіп, кездесулер жүйе­­сін құруға жол ашқандығын, бүгін­гі жаһан­дану өркениетін қазақ жерінде тоғыс­тырып, табыстыруы деп бағалаған да абзал. Өйткені Елбасы қазақтың бір пер­­зенті дүние тіршілігі үшін жаһан­дық жаңа қатерлер бой көтере бас­та­ған сындарлы тұста түрлі діндердің ғасыр­лар бой­ғы ізгі де жасампаздық мол тәжіри­бесі мен Құдай сөзін бітімгершілік пен келі­сім­нің пәр­менді құралы ретінде пай­дала­нуға жасаған әрекеті ендігі дүние дамуы­ның ұстанымы мен заңдылығына айналып келеді.

Әлем көне тарихтың беттерінен мәңгі өшпейтін тағы бір тарихи оқиғаны біледі. 2010 жылдың желтоқсан айының 1-2-сі күндері Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астана саммитін өткізу арқылы Нұрсұлтан Назарбаев ұзақ жылдар бойы үні шықпай келе жатқан осы ұйымның беделін сақтап қала алды және осы ұйымның тоқтап қалудың аз-ақ алдында тұрған жүрегіне нәр беріп, Еуроатлантика және Еуразия кеңістігінде сенім мен бірлікті орнықтырудың тағы бір маңызды қадамына жол ашты. Осы­лай­ша дүбірлі де дау-дамайлы, қарулы қақ­тығысы да дүние тіршілігінің жүйке­сін жұқартып тұрған әлемнің дамуына Назарбаев сынды адам баласының жаңаша әрі жа­уапты көзқарасы қажеттілігін адал ниетті, адал ойлы адамзат баласы терең түсініп те отыр. Әрине ол үшін жұдырықтай жүрегіңе тұтас әлемді, барлық адамзат мүддесін қазақ Президентіндей сыйғыза білу де қажет еді.

Адамзат мүддесі демекші, Нұрсұлтан Назарбаевтың осы күнгі әлемдік дау-жанжалдарды, қарулы қақтығыстарды бейбіт жолмен, келіссөздер арқылы реттеу жолындағы бітімгершілік сая­сатын тағы да әлем жоғары бағалай білді. Бүгінгі әлемнің тынысын тарылтып, қызуын көтеріп тұрған Сириядағы жағ­дайды бейбіт жолмен реттеу бағы­тын­дағы түрлі көзқарастағылардың Астана қала­сында сан мәрте кездесулері бұл мәс­е­ледегі Таяу Шығыстың қа­тып қалған тоңын жібітіп, бұрын қару­­дың тілімен ғана сөйлесіп келгендер­дің енді адами парасаттылық тілімен, дипломатиялық тілмен сөйлесулерін бастап берді.

Елбасының тәуелсіздік жылдары атқарған еңбегінің аясы мен ауқымы қазақ тарихының өткен кезеңдері мен дәуірінің ешбір өлшеміне сыймастығын және де ғасырлық мұраттардың жүзеге аса бастағандығын тағы бір ойға ала отырып, Нұрсұлтан Назарбаевтың өз жүрегіне сыйған тұтас әлемді өз елі мен халқына деген шексіз сүйіспеншілігінің белгісіндей етіп қасиетті қазақ жеріне, өз даласына қондырып Астана қаласын салып орнықтыра білгендігін айту парыз. Астананы өз басым Елбасының қазақ баласы үшін соғып берген ұлы ескерткішіндей қабылдарым бар. Енді бүгін келіп Елбасының өз перзентіндей сол Астана қаласының Нұр-Сұлтан қаласы болып аталуы да әбден орынды. Қазақ халқы өз елінің астанасын Нұр-Сұлтан қаласы деп атау арқылы елім деп еміренген өз ерін асқақтата білетін көшелі ел екенімізді көр­сет­тік. Және де Нұр-Сұлтан қаласында Елба­сының монументтік ескерткіші де бой көте­ретіндігі қанағат сезімге бөлеп отыр.

Біз тәуелсіздіктің алғашқы сәттері­нің куәгер ұрпақтарымыз. Қазақ елі тәуел­сіздігінің жиырма жеті жылдан бергі бар тарихы мен тағдыры да, жүріп келе жатқан жолы мен асқан асуы да, тар жол тай­ғақ кешуі де, дәуірлеп өсуі мен өр­кен­­деуі де біздің көз алдымызда болып жатыр. Біздің әрқайсымызға Жарату­шы ие­міз Тәуелсіздік тарихын жасаушы да және соны жазушы да сы­йын берді! Сол тарихи тәуелсіздіктің тағдыр­шеш­ті кезең­дерінде Нұрсұлтан Назар­баевты өз халқымыздың бағы деп баға­лап, ай­быны деп айта білсек етті. Мәр­те­бе­лі Нұр­сұлтан Назарбаев Елбасы бо­лып өз хал­қымен, Қазақ елімен мәңгі жасай беретін тұлға. Ол Елбасы болып қала береді!

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,

жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Сенатының V-VI шақырылым депутаты

Көкшетау