28 Наурыз, 2019

Спортшылар қауымына қамқорлығы ерекше

383 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тоқсаныншы жылдардың басындағы еліміздегі экономикалық қиындықтар бар­ша жұрт­тың есінде болар. Халықтың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайы күрт нашар­­лады. Барлық салаға дендеген дағдарысты спортшылар қауымы да анық сезінді.  

Спортшылар қауымына қамқорлығы ерекше

Сол тұста «Ел-жұрттың жағдайы мынау. Тәй-тәй басқан тәуелсіз мемлекеті­міз әлі де еңсе тіктей алмай жатыр. Келешегіміз қалай болады?» деген сансыз ой санамызды шарлады. Сол кездері біз жалындап өсіп келе жатқан жастар едік. Халықаралық додаларда елеулі табыстарға қол жеткізіп, болашаққа үлкен жоспар құрып та үлгергенбіз. 

Десек те іште «Спорттық карьерамыз енді не болады?» деген уайым да болады. Бірақ мұнымыз бекер екен. Мемлекет басшысы өзінің сындарлы әрі салиқалы саясатының арқасында елімізді тығырықтан алып шықты. Дағ­дарысты жеңе білдік. Тіптен, ең бір қиын кезеңдердің өзінде Нұрсұлтан Назар­баевтың спортшылар қауымына деген қамқорлығы ерекше болды. Елба­сы бізге үнемі қолдау көрсетіп, өз қам­қор­лығын еш аяған жоқ. Соның арқасында Қазақ­станның спорттық даңқы асқақтап, атағы шартарапқа жайылды. 

Жеке өзіме келер болсам, Нұрсұлтан Әбішұлымен бірнеше рет жүздесудің сәті түсті. Мемлекет басшысы мені 1996 жылы Атланта Олимпиадасынан кейін «Құрмет» ордені, 1999 жылы Хьюс­­тон­­дағы әлем чемпионатынан кейін «Парасат» ордені және 2000 жылы Сид­­нейдегі Олимпия ойындары­нан кейін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады. Иә, марапат алған адамның әркез марқайып жүретіні рас қой. Сонымен қатар айтулы кездесулердің барлығы­нан керемет әсер алып, Елбасының көрегендігіне тамсандық. 

Сөз соңында қосарым, елордамыздың Нұр-Сұлтан болып өзгеруі де көңілімнен шықты.

Болат ЖҰМАДІЛОВ, 

Олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері, әлем чемпионы