28 Наурыз, 2019

Ар-ұят анатомиясы

1051 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Төңірегімдегілердің қалай тез өзгеріп бара жатқанына қайран қалып, сұраныс, талғам, құндылық атаулы бір-біріне сай мың құбыла айналасы 20-30 жылдың ішінде бұрын-соңды елестетуге де өрем жетпеген заман қаһармандарын жазушы Мира Шүйіншәлиеваның кітаптары арқылы тани бастадым. «Ар азабының» (Мира Шүйіншәлиева. Пьессалар, хикая мен әңгімелер. –Алматы. «Үш қиян, 2017) сипаты бүгінгі қоғамға таңсық та емес-ау, әсіресе оны кешкендерден гөрі кештіргендердің хал, ахуалы бізді көбірек толғандырады. 

Ар-ұят анатомиясы

Шығарманы оқи отырып тұтас бір шаңырақ құлап түскендей әсерде қаласың. Казино, қыз-қырқынның қызығымен кеткен отағасы Аян «есіл-дерті ақша, әкесінен де асқан бай боламын деп жанталасып жүрген ұлы, шетелді шарлап қыдырудан шар­шамайтын қызы, арбаға та­ңылған мылқау немересі – бә­рінің орны кенеттен бадырая айқындалып, төңіректі билеп төстеген мағынасыздықты Ға­ділбегі емделіп жатқан аурухана жаққа қайғыдан есеңгірей тең­селе басқан Науаттың бейнесі одан әрмен қатайтқандай. Ар азабының жауапкершілігі осынша өкінішті боларын мұны еш­қашан кешпеген, жеке басы мен тәнінің сұранысын ғана күйт­тейтін Бота сияқтылар сірә де ұғынар ма?! Ешкімді жақ­сы көрмей-ақ бақытты. Дене­сі ештеңеден сескенбейді, жаман­дықтан тітіркенбейді, бір де бір ісіне өкінбейді. 

Қазақтардың өзгере баста­ған мінез, құлқының сипа­тын Мираның «Ақынның тағды­ры» мұңлы драмасынан да кө­реміз. «Ақын тағдыры» автор ес­керткендей тым мұңлы, тым ащы. Махаббат сезімінің мұн­шалық сергелдеңге салып, жа­қындарының, әсіресе аяушы­лықтан жұрдай Пәтиқаның адам айтса нанғысыз қатыгездік танытып, көз жұмған Тайжан ананың сүйегіне жуытпай, қақаған қыста үйге кіргізбеуін, естімеген елде көп, әрең қабылдайсың. Ана болжамы еміс-еміс еске түскендей: «Адуын қатындар құсап жағаңа жармасып, беттен алмайтын, абалап, итше арпылдамайтын, томаға тұйық адамның көз жасы тұздай ащы болады! Ащы! Тым ащы! Сол көз жас бара-бара қара жерді ағартқан сорға айналады. Егер одан ажырасатын болсаң, Пәтиқаның көз жасы сені түбі жібермейді. Күндердің күнінде табаныңмен таптаған Пәтиқаға зар болып қаласың! Ентігіп жете алмай, өкініп жүресің сосын...». 

Еркінғали Дарабасов – ақын­дық шабытпен шырқалған ерекше бейне. Махаббат құдіретінің кез келгеннің пешенесіне бұйыр­майтын буырқанысы драманың басынан аяғына дейін сақталған. Дәл осылай – Еркінғалидай сезіну де, дәл осылай – Еркінғалидай түйсіну де бір бақыт.

Мира ешкімге, жазушы­лар­дың да ешқайсысына ұқсамайды. Бұрынғылардан да, кейінгілерден де қолтаңбасы мүлдем бөлек. Ал­дыңғы толқын, біздер, кітап­тарымызды үкімет есебінен шығаруға дағдыланғанбыз. Ке­зін­де пәтерді де бәріміз үкі­мет­тен алғанбыз. Ал, Ми­раға мұның бірі де бұйырған емес. Пәтер түгілі бір де бір жи­на­ғы үкімет есебінен жарық көр­меп­ті. Мемлекет тарапынан ауыз толтырып айтарлықтай бірде-бір марапат та алмаған. 2003 жылы «Арыс» баспасынан алғаш шыққан «Махаббат бағынан» бастап «Ар азабына» дейінгі бес-алты кітабының қан­дай қиындықпен оқырман қолына тигенін елестете беріңіз. Мираның әрбір әңгімесінің оқыр­манға берер ойы, сюжеті, сөз саптауы бөлек. Қуаныштысы – кезекті әр туындысының жа­ңа­лық ретінде қабылданып, Әбді­жәміл Нұрпейісов, Дулат Иса­беков, Мереке Құлкенов сынды белгілі тұлғалардың назарына ілініп, лайықты бағасын алуы. Айгүл Ісмақова, Гүлжаһан Орда, Толымбек Әбдірайым, Дүйсенкүл Жақан сияқты қаламгерлер мен белгілі ғалым, сыншылардың талдау обьектісіне айналуы да көп жайтты аңғартады. Қазақстан Жазушылар одағының IV құ­рыл­тайында да екі құрыл­тай ара­лығында прозалық кітап­тарын шығарғандар арасынан Мира Шүйіншәлиеваның да есімі ерекше аталды. Одақ­тың кейінгі Әдеби жыл қорытын­ды­сында Нұрлан Қами «Ар азабы» атты жинағына енген «Сің­лімнің сүй­гені» хикаясын өз ойымен талдап, «шынайы жа­зылған жақсы шығарма, автор­дың шеберлігіне ризамыз» деп айтты. Сол жыл қорытындысында белгілі ғалым Айгүл Ісмақова да «Өкініш» атты Мираның үш бөлімнен тұратын мұқабасы қалың жаңа төртінші кітабын әдебиетке қосылған жазу­шының үлесі дей келе, «Адас­қан ару» атты әңгі­месінде «шолақ балақ, қылшық бет» Нүкіс­тің арбауы арқылы абайсызда теріс дін жолына түсіп, пәлен жыл оқыған «қос қызыл дипломның» қайырын көрмей күннің қапырығында тұншығып киініп, бақытын байлаған Райхан­ның аянышты тағдырын қазіргі қоғамдағы қазақ әйелінің дерті екеніне ерекше тоқталды. 

Мираның сүйікті анасы 53 жасында өмірден озып, рухына бағыштап 1984 жылы «Са­ғыныш» деген новелла жазып, содан былайғы бүкіл саналы ғұмыры шығармашылықпен байланысты жалғасуда. Батыс Қазақстан облысы, Бөкейордасы ауданы, Бисен ауылында туып, Орал педагогикалық институтын бітірген Мираның журналистік, ақындық, жазушылық және драматург ретіндегі түрлі бағыт­тағы еңбегін қалай насихаттасақ та артық емес.

Қайталай айтқымыз келетіні – осы сұлу да (актриса да болар еді, киноға да түсер еді, алда-жалда ынта қойса) сүйкімді жан, жазудың ауыр жүгін қайыспай көтерген талантты жас әріптесіміздің уақыт тамырын дөп басуы, қоғам дертін дәл анықтауы, алдыңғы толқын, аға-апалары, біздер мағынасына бойлап та үлгермеген дәуір тынысына батылдықпен ілесіп, назарға іліне қоймаған, ілінсе де қауқарымыз жете бермейтін аса өзекті тақырыпты, бүгінгінің түйткілін меңгеруі. 

Мира Шүйіншәлиева қолтаң­ба­сының басты ерекшелігі – уақыт пен қоғамның сипатын үндестіре білуі. Жаһанданудың жағымды, жағымсыз ағыс­та­рының қазақ тірлігіндегі быт-шыт көрінісін су­реттеп, әзірге көркемделе қой­­ма­ған мүлдем тосын кейіп­керлер легін әкелуі. Жазушы еште­ңені, ешкімді дәріптемейді, сынап мінемейді, өліп-өше таңыр­қамайды, бұрын-соңды дағ­дыланып үйренбеген іс-әре­кет үстіндегі түрлі мінез, қы­лық­­тарды бүкпесіз жайып салады. Мира шығармаларында шындық қана шырқырайды. Рас, психологиялық қатпарынан гөрі қаһармандарының қақ­тығысында табиғи анайылау тұрпат басым түсіп жатады кейде. Бұл өзін ақтап та тұр­ған­дай. Қазір қалып­тасқан мей­лі өнер, мейлі өмірдегі мен­талитет лиризмге титтей де мұқ­таж емес. Дөрекіліктің, тұр­пайылықтың, пасықтықтың, сатқындықтың, қатыгездіктің дәу­ренінде таусыла табынатын­дай, үлгі қылатындай дә­неңе қалмағандықтан да жасан­ды­лыққа жүгінбейді автор. Іліп аларлықтай өнегесі жоқтығына қарамастан түйткілге толы тір­лігімен, опасыздыққа, жа­уыз­­дық­қа көндіге жүріп, мақ­са­тына жеткені, жасықты­ғынан, бейшаралығынан құр­дым­ға кеткені бар, қай-қайсы да жа­ғым­ды, жағымсыз табиғилы­ғымен есте сақталады. 

Қазақ прозасының классигі Бейімбет Майлин кеңес өкіметі орнаған тұстағы формациялық өзгерістерді уытты тілмен, әжуа, мысқылмен, күлкі, кекесінмен (осының бәрінің астарындағы мұң қандай десеңізші) қалай шебер суреттесе, Мира Шүйін­шәлиева да дәл солай көбіміз мән, мазмұнын әлі түсініп үлгермеген заман панорамасын тайға таңба басқандай анықтап отыр. Өткен ғасырлардағы Шұға, Әбдірахман, Раушан коммунист және кешегі, бүгінгі Ләйлә, Алуа, Ғаділбек, Еркінғали, тағы басқаларының арасында логикалық байланыс бар. Бұған ден қоймағанмен, халқымыздың қарама-қайшы түрлі даму үрдістерін ерікті, кей­­де еркінен тыс кешіп келе жат­қан теперіші әлгінде аталған, атал­маған жүздеген, мыңдаған әдеби бейнелер арқылы санамызға сіңгені рас. Солай жалғаса бере­ді де. Жоғарыда айтқан – ав­тор қол­­таңбасының ерекшелігі, яғни уақыт пен қоғамның сипатын үндестіруіндегі батыл ізде­нісі шығармаларының өмір­шеңдігін дәлелдеп, оқырман қызы­ғушылығын арттыра түсуде. Кейіпкерлерінің тағдыр тәлейін Қыз Жібек, Төлеген, Баян сұлу – Қозы Көрпеш, Дездемона, Ромео, Фархад, Шырын, Шұға, Тоғ­жан, Ұлпан, т.б. салыс­тыру­дың еш айы­бы жоқ. Жас ғалымның құса­дан жынданып кетуі, сазгер, ақынның жар опасыздығына арбалуы, әп-әдемі бойжеткеннің қадіріне таты­майтын біреуге жабысып, «сабыр түбі сары алтынды» қалқан етіп, ана атануы, тәп-тәуір азаматтың кезбеге айналуы – бәрі айналып келгенде жалпыға ортақ, адамзатқа тән ақ пен қараның мәңгілікке ұла­сар айқасы. Бүгінгінің Қара­бай, Жантықтарын, Отелло, Яголарын, Печориндерін, Мыр­қымбайларын, Еңлік­терін, Татья­наларын, Сүзге, Сүйін­бике­лерін, Катариналарын, Қарашаштарын осы Мираның драмаларынан, хикая, әңгіме­лерінен көріп біліп отырғаныма сенбесеңіздер, «Ма­хаб­бат бағы», «Шүберек қуыр­шақ», «Өкініш», «Жүректегі құпия», «Ар азабы» кітаптарын мұ­қият оқуға кеңес беремін. 

Мағира ҚОЖАХМЕТОВА,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері