28 Наурыз, 2019

Поэтикалық фэнтези

492 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма теа­трында ақын Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған «Аялап өтем...» атты поэтикалық фэнтезидің премьерасы өтті.

Поэтикалық фэнтези

Театрдың әдебиет бөлімі меңге­рушісі Нұрлан Сәдір мен Мәдениет саласының үздігі, осы ұжымда көп жыл қызмет еткен тәжірибелі әртіс Нұрлыгүл Жұбатованың қала­мынан туған жаңа туындыда ақын бейнесі бірнеше қырынан ашылған. Нәзікжанды ақынның лирикалық бейнесі бірде өршіл күрескерге ай­на­лып, Махамбет рухымен тілде­седі. Бірде саясатқа араласқан қайрат­керлігі де көрінеді.

– Фариза апай Парламент депутаты болған кезінде «Қазақстан Республикасындағы ана мен баланы қорғау туралы» заң жобасын дайындаған екен. «Неке және отбасы туралы» заңды әзірлеуге де атсалысқан. Қойылымда ақынның халық қалаулысы ретінде атқарған осы істерін де көрсетіп өттік. Бір қызығы, бұл қойылымның сценарийі бұдан бірнеше ай бұрын дайындалды ғой. Одан кейін елімізде болған өзгерістер, әсіресе көп балалы, аз қамтылған отбасыларды қолдауға бағытталған шаралар қолға алынған тұста сахнадағы Фариза апайдың ана мен баланы қорғауға қатысты іс-әрекеті өте ерекше қабылданады екен. Қойылымның осы тұсында көрермен еріксіз қол шапалақтап отырды, – дейді Нұрлан Сәдір.

Бұл қойылым – Нұрлыгүл Жұбато­ваның режиссер ретіндегі тұңғыш жұмысы. Суретшісі Мұрат Мәмбетов те «Өнер саласының үздігі» атанған жас өнерпаз. Сахнаның безендірілуі, декорация мен би қойылымдары ақын өлеңдерімен үндесіп, әдемі гармония құрады. Оның үстіне бас­ты рөлді сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүл­жиян Шынтемір ақын Фариза Оңғар­сынованың бітім-болмысын жан дүниесінен шығарып көрсете білді. Айта кетейік, екінші құрамда бас­ты рөлді режиссер Нұрлыгүл Жұбатованың өзі ойнап шықты. Киелі сахнада поэзия патшалығы салтанат құрған әсерлі сәт болды. 

– Жанарында жасын ойнап, түйдек-түйдек жыр ағынына шыдай алмай шиыршық атқан ерекше тұлғаның осылайша оралуының өзі бір дүние. Жанры да ерекшелеу. «Аялап өтем...» деген атынан бастап қолмен ұстап, көзбен көру­ге келмейтін, келмейтін емес-ау, қимайтын, тек жүрекпен ғана сезінуге болатын нәзіктік, қайсарлық, руx тіл қатты. Өлеңмен өрілген, әдемі қиялмен астасқан ақын өмірінің бейнесін көрдік, – дейді ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дариға Мұштанова премьера туралы.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан облысы