Қызмет тиімділігін арттыру – басты міндет
Сәрсенбі, 12 желтоқсан 2012 7:15
Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мейірхан ЖАМАНБАЕВПЕН әңгіме
– Мейірхан Сағынбекұлы, Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің тізгінін ұстағаныңызға жақын арада жыл толады екен. Сол бір жыл қас-қағымдай-ақ уақыт сияқты көрінгенімен, атқарылған жұмыстың өлшемімен қарасақ біраз уақыт. Осы кезең ішінде не тындырдыңыз, қандай шаруаны аяқтай алмадыңыз? Алдағы уақытта атқарылар шаруалар қандай?
Сәрсенбі, 12 желтоқсан 2012 7:15
Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мейірхан ЖАМАНБАЕВПЕН әңгіме
– Мейірхан Сағынбекұлы, Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің тізгінін ұстағаныңызға жақын арада жыл толады екен. Сол бір жыл қас-қағымдай-ақ уақыт сияқты көрінгенімен, атқарылған жұмыстың өлшемімен қарасақ біраз уақыт. Осы кезең ішінде не тындырдыңыз, қандай шаруаны аяқтай алмадыңыз? Алдағы уақытта атқарылар шаруалар қандай?
– Бүгінгі таңда департаменттің материалдық-техникалық базасы қазіргі заманға сай нығайтылды деуге болады. Жыл басынан бері облыс әкімі Бауыржан Мұхамеджановтың, Ішкі істер министрлігінің қолдауымен 52 арнайы автокөлік алынды. Бұл автокөліктер ІІД жол полициясына, қала, аудан ішкі істер органдарының учаскелік полиция бөлімшелеріне, патрульдік полиция қызметтеріне, арнайы мақсаттағы жасақтарға және департаменттің жедел қызметтеріне берілді.
Сонымен қатар, Ақтау қаласында ішкі істер органдары қызметкерлеріне арналған 120 пәтерлік тұрғын үй салынды, оны таяуда тапсыру жоспарланып отыр.
Таяу арада Жаңаөзен қаласы Ішкі істер басқармасының Жедел басқару орталығы ғимаратының құрылысын аяқтап, ғимаратты қабылдап іске қосамыз.
Жаңаөзен қаласының және аудандардың 2012-2020 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасының ұзақ мерзімді жоспарын әрі қарай іске асыру мақсатында көптеген жұмыстар атқарылды. Жаңаөзен қаласында полиция қызметкерлеріне арнап 100 және 60 пәтерлік 2 тұрғын үй құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын жасақтауға тапсырыс берілді, 2 стационарлық полиция бекетінің және жол полициясы «ШЕП» бақылау бекетінің және 10 учаскелік полиция пунктінің құрылыстарын салуға түгелдей жер телімдері алынып, жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.
ІІД қызметкерлері бүгінгі таңда 100 пайызға формалық киім-кешекпен қамтамасыз етілген, қажетті құрал-жабдықтар түгелімен алынып берілген.
– Президент Жарлығына сәйкес еліміздің құқық қорғау құрылымдарында аттестаттау болып өтті. Бұл жөнінде әртүрлі пікір болғанына қарамастан, аттестациялауға оң баға беріліп отыр. Өзіңіз басқарған құрылымда өткізілген аттестация жұмысына қандай баға берер едіңіз?
– Еңбек өтіліне және атқарып отырған лауазымдарына қарамастан, ішкі істер органдарының барлық қызметкерлері кезектен тыс аттестаттаудан өткізілді.
Маңғыстау облысының ішкі істер департаменті бойынша барлығы 1709 қызметкер аттестаттаудан өткізілді. Оның ішінде ІІД-нің басшы құрамынан 4 қызметкер Жоғары аттестаттау комиссиясынан, Ішкі істер министрлігінің номенклатурасына жататын 50 қызметкер орталық аттестаттау комиссиясынан, 1655 қызметкер аймақтық аттестаттау комиссиясынан өтті.
Жалпы кезектен тыс аттестаттауды өткізу облыстың ішкі істер органы қызметкерлерінің кәсіби даярлық деңгейін және олардың қазіргі заманғы талаптарға сәйкестігін нақты анықтап, аттестаттау кезінде полицияның ғана емес, мемлекеттің беделіне нұқсан келтіретін моральдық-өнегелілік сапалары төмен және жемқорлық пиғылдағы біліксіз қызметкерлерден тазарту жүргізіліп, атына сай міндеттермен тікелей айналысуына, сыбайлас жемқорлыққа бейімдіктен арылуына, бәрінен бұрын ішкі істер органы қызметінің тиімділігін арттыруға қол жеткізуге мүмкіндік туғызды деп айта аламыз.
– Жақында депутаттардың алдында шығып сөйлеген Ішкі істер министрі Қ. Қасымов ішкі істер органдарындағы ең өзекті проблема – учаскелік инспекторлардың жетіспеуі деген еді. Бұл мәселе сіз басқарған департаментте қалай шешілген?
– Таяуда министрлік бұйрығымен «Учаскелік полиция инспекторларын әкімшілік учаскеге халықтың пікірін ескере отырып тағайындау ережесі» бекітілді.
Учаскелік инспекторлардың өзіне бекітілген аумақтарында жұмысының дұрыс ұйымдастырылуының ең басты кепілі, сол аумақтың тұрғандарымен тығыз қарым-қатынас жасап, олармен бірге құқық бұзушылықтың, қылмыстың алдын алу, жолын кесу болып табылады.
Ағымдағы жылдың басынан бері, қаладағы әрбір шағын ауданның тұрғындарымен кездестік, олардың алдында сол аймаққа жауапты учаскелік инспектордың есебін тыңдадық, жұртшылықтың ой-пікірін, ұсыныс, арыздарын, сондай-ақ, учаскелік инспектордың жұмысына берген бағаларын тыңдадық. Халық қашанда көрген, білгенін айтады емес пе. Әсіресе, біздердің қызметімізге сыншы да , мінші де халық. Халық егер де еңбегімізге оң баға берсе онда, жасап жүргеніміз адал еңбек, ал, егер де халық теріс баға берсе ше?… Мінеки осылайша, есеп беру барысында халықтың тарапынан учаскелік инспекторлардың жұмысына көңілдері толып, оң баға бергендері де, оншалықты көңілдері толмайтындары да барын білдірді. Нәтижесінде жұмысын келістіре алмаған учаскелік полиция инспекторлары тиісті жазасын алса, халықтың көңілінен шыққан инспектор жұртшылық алдында да, жеке құрам алдында да марапатқа ие болды.
Әрине, бүгінгі таңда учаскелік полиция инспекторларына жүктеліп отырған міндеттер өте көп. Олар, қылмыстық жазасын өтеп шыққан тұлғалармен, нашақұмарлар және маскүнемдермен де, немесе отбасы жағдайымен әр санаттағы есепте тұратын тұлғалармен де жұмыс жасайды. Олар бойынша толық мәліметтер жинайды, оны зерделейді, жаза өтеу орындарынан оралған тұлғалардың қайта қылмыс жасауының алдын алу шараларын жүргізеді, сонымен қатар, аумақтарында жасалған қылмыстың ізін суытпай ашу жайында шұғыл-іздестіру шараларын жүргізеді.
– Маңғыстау облысы бес шет мемлекетпен, атап айтар болсақ, Ресей, Иран, Өзбекстан, Түркіменстан және Әзербайжан елдерімен шекараласады екен. Бұл өз кезегінде облыстағы миграция мәселесін күрделендірмей қоймайтыны рас. Осыған орай, көші-қон полициясының қызметі туралы не айтар едіңіз? Қандай проблемалар бар?
– Маңғыстау облысы шет мемлекеттермен көршілес болғандықтан, шетел азаматтарының қоныс аударуына географиялық орналасуы жағынан ыңғайлы.
Осығай орай және аймақтың дамуы үшін тұрақты әлеуметтік-экономикалық жағдай мен шетелдік инвестициялар санының артуына байланысты Маңғыстау облысының аумағында Қазақстан Республикасының азаматтарының ішінен мамандарды дайындау жөніндегі кеңестік қызметтер көрсету мен еңбек нарығын үйрену үшін, сонымен қатар, құрылыс пен жергілікті халықтың бос уақыты саласында қызмет көрсету бойынша мезгілдік жұмыстарға осы аймаққа жақын және алыс шетел мемлекеттерінен келетін шетел азаматтары мен мамандар ағысының жылдан жылға артуы байқалып отыр.
Егер 2011 жылдың он айында 67250 шетелдік азамат келген болса, онда бұл көрсеткіш 2012 жылы 70304-ті құрады.
Жүргізілген талдау, тәртіп бұзушылардың басым бөлігі Өзбекстан (Қарақалпақстан) Республикасының азаматтары екендігін көрсетті.
Бұрын айтылғандай облыс аумағына келушілердің саны жылдан жылға артып отыр. Келушілердің жалпы санының 90 пайызынан астамы табыс табу үшін келуші болып табылады.
Құқық қорғау органдары заңсыз көші-қонмен күресу жөнінен заңда көрсетілген барлық шараларды қолдануда.
Қазіргі таңда, барлық қала және аудандық ІІБ көші-қон полициясы бөліністері құжаттандыру және тіркеу мәселелері бойынша халықты қабылдау жұмыстарын Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚО) ғимараттарында жүргізіп келеді.
– Мейірхан Сағынбекұлы, өзіңіз басқарып отырған департаментте мемлекеттік тіл мәселесі қалай шешілген?
– Елбасының өзі биылғы жылғы Қазақстан халқына Жолдауында айтқанындай «Қазақ тілі, біздің мемлекеттік тіліміз өсіп-өркендеп келеді. 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететін болады. Еліміздің барлық мектептері мен оқу орындарында қазақ тілін оқыту үрдісі жүріп жатыр…».
Департаменттен шығатын шығыс құжаттарының барлығы тек қана мемлекеттік тілде орындалады. Қажет болған жағдайда ғана немесе арыз, өтініш берушінің қалауы бойынша өзге тілде орындалуына жол беріледі. Қылмыстық немесе әкімшілік істердің барлығы мемлекеттік тілде қозғалып барып, содан соң жәбірленушінің немесе арызданушының қалаған тілінде жалғастырылады. Іс қағаздарының мемлекеттік тілде орындалуы қатаң бақылауда ұсталады. Сондай-ақ, департаменттің жедел, аппараттық жиналыстары, семинар-кеңестер мемлекеттік тілде жүргізіледі. Департаментте осы міндеттерге жауапты мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімі бар.
Әңгімелескен Шарафаддин ӘМІРОВ,
«Егемен Қазақстан».