28 Наурыз, 2019

Қазақстан ҰОК Жапониямен тығыз байланыс орнатуға ниетті

584 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтанда Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Бас хатшысы Сәкен Мұсайбеков пен Қазақстандағы Жапонияның Төтенше және Өкілетті елшісі Тацукихо Касаи кездесу өткізді. Кездесу барысында 2020 жылы 24 шілде мен 9 тамыз аралығында Токиода өтетін Олимпиада ойындарына дайындық барысы талқыланып, екі тарап бір-бірімен кеңірек танысты деп жазады Olympic.kz. 

Қазақстан ҰОК Жапониямен тығыз байланыс орнатуға ниетті

«Қазіргі таңда ҚР ҰОК президенті Тимур Құлыбаевтың тапсырмасымен еліміздің олимпиадалық комитеті 2020 жылғы Олимпиада ойындарына ұлттық құрама командаларды мақсатты түрде дайындауға көшті. Бүгінге дейін Қазақстан тарапы Жапониямен әріптестік орнатып үлгерді. ҚР ҰОК пен Жапонияның Фукуока, Кашихара және Ибараки префектуралары арасында келісім орнатылып, Қазақстан спортшылары Жапониядағы климат жағдайына бейімделіп, оқу-жаттығу жиындарын өткізе бастады», - деп атап өтті ҚР ҰОК бас хатшысы Сәкен Мұсайбеков. 

Қазақстан ҰОК спортта допинг қолдануға «нөлдік төзімділік» бағытын ұстанады, сондай-ақ, еліміздегі спорттық медицинаның дамуына мүдделі. Осы орайда, ҚР ҰОК Бас хатшысы Жапонияда медицина мен фармацевтика саласының алға басқанын айта келе, осы салада әріптестік орнату туралы ұсыныс білдірді. Жапония елшісі бұл сұраққа толығымен қызығушылық танытып, аталған ұсыныс бойынша барлық мүмкіндіктерді қарастыратынын жеткізді. 

Жиын соңында ҚР ҰОК Бас хатшысы Тацукихо Касаи мырзаны Қазақстандағы елші қызметіне тағайындалуымен тағы бір мәрте құттықтап, әрі қарай әріптестік деңгейін көтере түсуге тілектестік білдірді. Сондай-ақ, Қазақстан спортшыларына Токиодағы Олимпиада ойындарында сәттілік тіледі.