28 Наурыз, 2019

Алматылық автобус жүргізушілерінің тәртібі арнайы дерекқорда сақталады

538 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұдан былай автобус жүргізушілерінің қызметіне қала тұрғындары тікелей баға береді. Шаһардағы жолаушылар көлігі мекемелерінің қауымдастығы жүргізушілер туралы арнайы деректер қорын жасаған. Мұнда жүргізушінің еңбек өтілі, жол ережесін қанша рет бұзғаны, оған салынған айыппұлдар мен жолаушылар тарапынан шағым алған-алмағаны тұтастай компьютерде сақталып тұрады. 

Алматылық автобус жүргізушілерінің тәртібі арнайы дерекқорда сақталады

Осы мәліметтер арқылы қызметкердің рейтингісі анықталады. Тіпті алдыңғы қатардан көрінбегендер «қара тізімге» іліккен жағдайда басқа автопарктерге жұмысқа тұра алмауы мүмкін. Әзірге деректер қорына 3 мың 416 қоғамдық көлік жүргізушінің мәліметі енгізіліпті.

– Қаламызда көлік жүргізушілері өте көп. Сол себепті, бірыңғай деректер қорын жасадық. 600 жүргізушіні «Еңбек» бағдарламасы бойынша қайта оқуға жібердік. Жұмысына салғырт қарайтындарды босатамыз. Аттестациядан өткізу барысында олардың жартысына жуығы жол ережесін білмейтін болып шықты, – дейді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов.

Алматыдағы автобус парктері тұтастай жаңартылады. Осы мақсатта 544 су жаңа автобус сатып алынған. Сонымен қатар қаладағы барлық қоғамдық көліктерге бақылау камералары орнатылатын болады.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ