28 Наурыз, 2019

Шымкентте жұмыскерлердің жалақысы үшін 6 кәсіпорын 27 млн теңге қарыз

457 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен жылы Шымкент қаласында жұмыс кезінде 62 жазатайым оқиға орын алып, одан 72 адам зардап шеккен. Зардап шеккендердің 13-і қайтыс болған. 5 топтық жазатайым оқиға нәтижесінде 8 адам қайтыс болған. Оның ішінде 47 жазатайым оқиға Түркістан облысының мемлекеттік еңбек инспекторлары тарапынан жүргізілсе, 15-і Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекторлары тарапынан қаралған.

Шымкентте жұмыскерлердің жалақысы үшін 6 кәсіпорын 27 млн теңге қарыз

Жазатайым оқиғалардың туындауына жол қозғалысы ережелерін сақтамау, технологиялық процестердің бұзылуы, жеке қорғану құралдарын пайдаланбау жəне белгіленген еңбек режимінің бұзылуы себеп болған.

Бұл туралы қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз мәслихатында  Шымкент қаласының еңбек инспекциясы және көші қон басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов айтып өтті.

Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылдың қыркүйек айынан бастап жыл соңына дейін басқармаға жеке азаматтар мен мекемелерден 359 арыз-шағым түссе, биыл жыл басынан 1 наурызға дейінгі бұл дерек 238-ге жеткен. Сонымен қатар, еңбек заңнамасының бұзылуы бойынша 4,1 миллион теңге көлемінде 34 әкімшілік айыппұл салынған. 
2019 жылдың екі айының қорытындысы бойынша 238 жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдары қаралған. Қаралған арыз-шағымдар негізінде, мекемелер мен кәсіпорындарда барлығы 57 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде, 40 заң бұзушылық анықталып, анықталған бұзушылықтардың негізінде 24 нұсқама берілген.

Биыл «Қауіпсіз еңбек» ақпараттық науқанын өткізу жөнінде дайындалған жол картасы негізінде басқарма тарапынан іс-шаралар үш бағытта жүргізіледі. 
«Ақпараттық науқан өткізудегі басты мақсат өндірістік жарақаттану мен зиянды еңбек жағдайын азайту, еңбекті қорғау саласында алдын алу мәдениетін көтеру», дейді қаланың бас мемлекеттік еңбек инспекторы.

Аталған жиында талқыға түскен тақырыптың бірі  кісі ақысын жемеу жөнінде болды. Басқарма таратқан мәліметке сүйенсек,  Шымкентте жұмыскерлердің жалақысы үшін 6 кәсіпорын 27 млн теңге қарыз болған.  Тіпті, өткен жылы бұл көрсеткіш 192,8 млн теңгені құраған. Осы орайда басқарма қызметкерлері жұмыс берушілерді де, жұмысшыларды да кез-келген жұмысқа келісім-шарт негізінде кірісуге, тіпті сынақ мерзімін де құжат негізінде заңдастыруға кеңес берді.

Шымкент қаласында шетелден келген қандастар өте көп. Олардың атамекенге оралып,  жұмысқа тұруына көптеген кедергілер туындауда. Соның ішінде құжат рәсімдеуде кездесетін мәселелерды жою үшін басқарма тарапынан бірқатар түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

«Қазақстан Республикасының азаматтығын алып үлгермеген қандастар үшін  «Оралман» статусы 1 жылға ғана беріледі. Осы уақытт аралығында азаматтық алуға құжат рәсімдеп үлгермегендер үшін тағы  6 ай қосымша уақыт беріледі. Өкінішке орай, осы уақытты да пайдаланбаған азаматтар бар. Сондықтан, осы азаматтарға 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін тағы да қосымша уақыт қаралып отыр. Осыны ескеріп, құжат рәсімдеу жұмыстарын ертерек аяқтау қажет», – дейді басқарма басшысы.

Айта кетерлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2019 жыл – Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жылы деп жариялады. Министрлік бекіткен Жол картасы аясында өңірімізде үш жақты комиссияның келісімімен 2019-2021 жылдарға арналған кешенді жол картасы əзірленген. Алдағы уақытта өтетін шаралар осы бағыттар бойынша жүргізіліп, азаматтардың еңбек құқығы өз деңгейінде қорғалады дейді сала мамандары.

Нұршат ТӨКЕН,

«Egemen Qazaqstan»

Шымкент