28 Наурыз, 2019

«Қазақмыс» корпорациясы Оңтүстік Кореяның жетекші госпиталімен ресми серіктес болды

622 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда «Қазақмыс» корпорациясы Оңтүстік Корея Республикасындағы алдыңғы қатарлы емханалардың бірімен әріптестікке қол жеткізіп отыр.

«Қазақмыс» корпорациясы Оңтүстік Кореяның жетекші госпиталімен ресми серіктес болды

«Қазақмыс» корпорациясы ЖШС, оңтүстіккореялық Енсе университетінің «Северанс» госпиталі мен «Severance-KZ халықаралық медициналық қоры» қоғамдық қорының басшылары ұзақмерзімді ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойды.

«Северанс» госпиталі Оңтүстік Корея Республикасындағы маңдайалды медициналық мекемелердің бірі және Азияның денсаулық сақтау жүйесінде көшбасшы деп танылған. Оның мамандары астаналық Енсе Университетінің академиялық базасында жұмыс істейді.

Қол қойылған құжатқа сәйкес, оңтүстіккореялықтар Жезқазған Медициналық орталығының мамандарына ғылыми және өнеркәсіптік медицина саласында тәжірибелік және консультативтік көмек көрсетеді. Сонымен бірге, келісімде денсаулық сақтау саласына заманауи технологияларды енгізумен қатар, Енсе Университеті әзірлеген арнайы бағдарлама негізінде қазақстандық медицина қызметкерлерін оқыту көзделген.

Мұндай тығыз ынтымақтастық «Қазақмыс» компаниялар тобының жұмысшылары мен Жезқазған өңірінің тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету ісіндегі біздің алға қойған мақсаттарымыздың орындалуына оң ықпал етеді деп үміттенеміз, – деді «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарушы Кеңесінің Бас директоры Бақтияр Қырықпышев.

Қол қойылған меморандум Қазақстанның Тұңғыш Президенті бастап берген денсаулық сақтау саласындағы Қазақстан-Корея ынтымақтастығына қосылған айтарлықтай үлес болмақ.

Орайы келіп тұрғанда Қазақстаның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Енсе университетінің құрметті профессоры екенін еске сала кеткен жөн.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»