28 Наурыз, 2019

Қостанайда V өңірлік «АгроҚостанай-2019» көрмесі өтті

550 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл көрме ауыл шаруашылығының барлық бағыттарын қамтиды. Мұнда саланы цифрландыруға қажетті жабдықтары, ауыл шаруашылығы техникалары мен құралдары, тыңайтқыштар мен өсімдік зиянкестеріне қарсы дәрі-дәрмектер, мал шаруашылығына қажетті заттар мен техника, ветеринарлық технологиялар, жем-азық түрлерінің барлығы қамтылды. Көрмеге Қазақстаннан, Ресейден, Татарстаннан, Белорустан 70-ке жуық компания өз өнімдерін әкелді.

Қостанайда V өңірлік «АгроҚостанай-2019» көрмесі өтті

Оның ішінде ауыл шаруашылығы техникаларын, тыңайтқыш, өсімдік қорғау химиялық заттарын ұсынатын «IMEXGroup»ЖШС, «Омичка» сеялкасын өндіретін «Л-АГРО» «Евросибагро» СӨК» секілді ірі компаниялар да бар. Облыс әкімінің орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов көрменің өткізілуі өңір экономикасын дамытуға деген маңызды шараның бірінен саналатынын айтты.

«Ауыл шаруашылығын дамытуға қазір озық технологиялар қажет. Ал ол техникасыз, тыңайтқышсыз және ветеринарлық дәрі-дәрмексіз мүмкін емес. Сондықтан осындай көрмелер шаруа мен диқандарға жасалып отырған үлкен мүмкіндік болып табылады. Осымен облыста бесінші рет өтіп отырған көрмеге Ресейден, Белорустан біздің ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілерге таныс емес жаңа компанияларды шақыруды мақсат тұттық. Олармен жұмыс істеуге барынша мүмкіндік туып отыр» деді Ғауез Торсанұлы.

Расында, көрменің жаңалықтары болмай қалмады. Мысалы, «Диқан» сауда үйі «VibroCompact JCC 08121.C1A1» астық тазалайтын машинасын көрсетуге әкеліпті. Чехиядан алынған бұл машина кез келген дәнді тазалайды, одан шыққан қалдықты қайта тазалап, мал жемі деңгейіне көтереді.

«Қазір шаруашылықтар майлы дақылдарды көп егіп жатыр. Оларды тазалауда бұл машинаның баламасы жоқ. Қазақстанға бес машина әкелдік, олар жұмыс істеп тұр, диқандар өте риза» дейді Астанадан келген Анатолий Баранов.

«Егінмен, малмен айналысамыз. Қазір техникалардың өте жақсы, ұтымды түрлері шығып жатыр. Мысалы комбайндар өте қажет, техниканы жаңалағымыз келеді. Техникалар диқан үшін қымбаттау, бірақ алу керек» дейді кәсіпкер Жауқашты Қалиев.

Көрме таңертеңнен кешке дейін өтті. «АгроҚостанай-22019» көрмесінің басты мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен техника және басқа да технология, құралдар ұсынушылар арасында байланыс орнату болатын. Кешке дейін іскер келісімдер жасалды.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай