29 Наурыз, 2019

13 әскери қызметші опат болды

461 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қызылорда облысының Жалағаш елді мекенінің тұсында болған авиациялық апаттың салдарынан 13 әскери қызметші көз жұмды. Бұл жөнінде Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

13 әскери қызметші опат болды

Министрлік қаза тап­қан­дардың аты-жөндері мен әскери шендерін жариялады. Қаза тап­қан ефрейтордан бастап майор шеніне дейінгі әскери қыз­метшілердің ең жасы 28-де болса, ең үлкені 46 жаста екен.

Қалың елдің қабырғасын қайыстырған бұл апатқа байланысты Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева қаза тапқан экипаж мүшелері мен әскери қыз­мет­ші­лердің отбасылары мен туыс­тарына көңіл айтты.

«Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғау жолында абы­роймен қызмет атқарған ай­бынды сарбаздардың есімі елі­міздің жадында сақтала бе­реді. Марқұмдардың жандары жәннатта, имандары сала­мат болсын», – делінген Д.Назар­баева­ның жеделхатында. 

Сондай-ақ Қорғаныс ми­нистрі, генерал-майор Нұрлан Ер­мекбаев: «Отан үшін өз өмі­рін қиған еліміздің нағыз патриотынан, әскери істің кәсіби ше­берінен және Отанының адал ұлы­нан айырылу – біз үшін ор­ны толмас қайғы. Олар өз әске­ри борышын ақтық демі біт­кенше адал орындады. Қыз­­­мет­тестеріміздің жарқын бейнесі біздің жү­регімізде мәңгі сақталады», деп көңіл айтты. 

Ал Сенаттың жалпы оты­рысынан кейін журналистер ал­ды­на шыққан Бас проку­­рордың орынбасары Андрей Лу­кин тікұшақ апаты салдарынан қаза тапқан әскерилердің туыс­­қан­дарына көңіл айта отырып, аталған оқиғаға байланысты тергеу ісінің басталғандығын жеткізді. 

– Бас әскери прокуратура қазіргі уақытта аталған оқиғаға байланысты қозғалған қылмыстық істі қадағалап, түрлі сараптамалар жүргізуде. Барлық тергеу амалдары Бас прокурордың бақылауында. Тергеу «Ұшу немесе оған дайындалу қағидаларын бұзу» бабы бо­­йынша жүргізілуде, – деп атап өтті А.Лукин. 

Ал Сенат депутаты, ұшқыш-ғарышкер Талғат Мұсабаев палатаның жалпы отырысынан соң журналистерге берген сұхбатында, қаза тапқан әскерилердің отбасыларына көңіл айтып, өзінің сала маманы ретіндегі пікірімен бөлісті.

– Мен ұшқыш ретінде айтар болсам, бұл – күрделі ұшу. Мен мұндай жағдайдағы ұшудың ауырлығын жақсы білемін. Экипаж қолынан келген амалын қылды, бірақ техниканың аты техника, ал авиация экипаждың да ырқына көне бермейтін көлік түрі. Тізбектеліп ұшу әдетте экипаждардың бір бірімен байланысып отыруы арқасында ұшуды жеңілдететін еді, – деді сенатор. 

Т.Мұсабаевтың айтуына қарағанда, Байқоңырға аялдаудан соң көкке көтерілген әуе көліктерінің бірі бірнеше минуттан соң радарлардан жоғалып кеткен. Арада уақыт өте тікұшақтың құлағандығы белгілі болған. 

Жалпы, апатқа ұшыраған Ми-8 тікұша­ғының алғашқы нұсқалары өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап М.Л.Миль атындағы Мәскеу тікұшақ зауытында құрастырыла бастаған. Бүгінгі таңда 12000 мыңнан аса дана көрсеткішпен әлем бойынша жаппай қолданыстағы екі қозғалтқышты тікұшақтардың көшін бастап тұр. Көптеген мемлекеттерде азаматтық және әскери тапсырмаларды орындауға кеңінен қолданылып келеді. 4500 метр биіктікке дейін көтеріліп, сағатына 230 километрді еңсеретін әуе көлігі ұшу­дағы сенімділігі жөнінен де алдыңғы қатарда.

Ал авиациядағы апаттарды осы тікұшақпен және Қызылорда облысымен байланыстыратын бірер дерекке тоқтала кетсек, өткен жылы 13 наурызда Ми-8 тікұшағында жоспарлы ұшуды жүзеге асыру кезінде жазатайым оқиға салдарынан борт технигі Ж.Т.Тасыбеков көз жұм­­ған еді. Қорғаныс министрлігі сол тұста бұл оқиғаның жай-жапсарын ашып айтқан жоқ.

Сондай-ақ 2008 жылы 28 ақпан күні Қызыл­орда облысының аумағын су тасқыны­нан қорғау мақсатындағы іс-шаралар жос­парына сәйкес, Сырдария өзенінің үстінен бақы­лап ұшу сәтінде «Қазәуеқұтқару» меке­месінің Ми-8 тікұшағы апатқа ұшырап, алты адамның өмірі қиылған болатын. Бұл оқиға да Жалағаш ауданының аумағында тіркелді.

Өз кезегінде, 27 наурыз күні қаза тапқан әскерилер қандай оқу-жаттығуларға қатысқан еді, деген сауалға келер болсақ, Қазақстанның Қарулы Күштерінде Әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштерінің авиациялық топтамасын тарта отырып, арнайы бөлімшелердің «Алтын жебе» кешенді тексерісі өтіп жатқан болатын. Ол бойынша бөлімшелердің іс-қимылдары таулардағы жолы қиын жерлерде жоспарланған. Сондай-ақ арнайы бөлімшелер көрсетілген биіктіктерге орналаса отырып, тауларда түнгі уақытта азимут арқылы марш жүгіру орындап, барлау-іздестіру іс-қимылдарын жүргізді. Одан басқа, тексерістің негізгі кезеңдерін орындау барысында бөлімшелер торуылға қатысады және артиллерияның атысын реттеу және армиялық авиацияны келтіру жөніндегі нормативтерді тапсыруы тиіс. Оның негізгі мақсаты арнайы бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігінің жай-күйі мен белгіленген мерзімде кез келген жауынгерлік тапсырманы орындай алу қабілеттілігін тексеру, сондай-ақ барлық санаттағы әскери қызметшілердің далалық машықтары мен кәсіби дайындықтарының деңгейін арттыру. 

Енді оқиға орнынан түсірілген әуесқой бейне­кадрларға назар аударар болсақ, тікұшақтың автокөлік жолына таяу жерге құлағандығын және қаңқасының лаулап жанып жатқандығын көруге болады. Ресми деректерге сүйенсек, оқиға орнына Жалағаш елді мекенінде орналасқан өрт сөндірушілер шұғыл жеткен. Алайда, көрер жарығы таусылған азаматтарды құтқарып қалу мүмкін болмаған. 

Бұл оқиғаның ақ-қарасын тергеу органдары анықтайтын болады. Ал Қорғаныс министрлігінің басшылығы қаза тапқандардың отбасылары мен туысқандарына моральдық және материалдық көмек көрсету жөнінде шаралар қабылдайды. 

Естеріңізге сала кетсек, аталған авиация­лық апат 27 наурыз күні болды. Ақтаудан Шымкентке бет алған төрт тікұшақтың бірі әзір­ге белгісіз себептермен Қызылорда облы­сының аумағында құлады. 

Тікұшақ апатынан қаза тапқан әскери қызметшілердің тізімі

Роман Костыгов – майор 26.04.1985 

Тимур Құдайбердиев – майор 17.09.1985 

Аслан Айтбаев – лейтенант 10.11.1994 

Данияр Қоңырбай – майор 10.11.1985 

Сабыр Тоқбаев – майор 15.12.1977 

Сырым Мәсәлім – капитан 11.12. 1989 

Қайрат Нұрсапанов – 3-сыныпты сержант 08.10.1973 

Мұрат Шәріпов – аға сержант 04.01.1979 

Асхат Абдулманат – кіші сержант 21.09.1982 

Айдын Әбділдинов – ефрейтор 11.12.1978 

Қуаныш Сарқытбаев – ефрейтор 08.09.1986 

Өмірхан Қауқаев – ефрейтор 21.08.1990 

Мирас Жұматаев – ефрейтор 10.02.1991

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»