29 Наурыз, 2019

Озық үлгі

451 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Билікке қол жеткізу үшін ақыл, ерік-жігер керек. Ал сол биліктен өз еркіңмен кету үшін батылдық қажет. Осы орайда, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы үшін даналықтың, жауапты бас­қару­шының, сонымен бірге батылдықтың символына айналып отыр. 

Озық үлгі

Бүгінде қазақстандықтар ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басының қасиеттерін, егеменді Қазақстанның саяси жүйесі негіздерін және жоғарғы билікті өзгертудің мәдениеті мен озық дәстүрін қалыптастырудағы тарихи рөлін оң бағалауда.

Мемлекет басшысының өз еркімен өкілеттігінен бас тартуы посткеңестік кеңістікте алғаш рет болып отыр. Көптеген елдерде биліктің ауысуы кезінде кісі өлімі, төңкеріс немесе сайлауда жеңіліс табу орын алады. 

Мұны Ельциннің тәжірибесі­мен салыстыруға болмайды, өйт­кені оның орнынан түсуі кезінде Ресейдің бірінші президентінің рейтингі ең аз сыни өлшемдерден төмен болды.

Елбасы президенттік қыз­ме­тін өзінің биік беделін сақтай оты­рып аяқтады. Бұл сөзі­мізге халық тарапынан бұқара­лық ақпарат құралдары мен әлеу­меттік желілер арқылы айтылған пікір­лер дәлел бола алады. Сон­дай-ақ туыстарымыздың және әріптестеріміздің тәуелсіз елі­міздің негізін салушы – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев­тың жасаған барлық істері үшін алғысын айтып, оның өз өкілеттігін тоқтатқанына өкіні­шін білдірген пікірлерін де көп­теп естіп жатырмыз.

Тарих, келер ұрпақ әлі Нұрсұл­тан Назарбаевтың еліне жаса­ған қызметінің, сондай-ақ прези­дент­тік өкілеттігін өз еркімен тоқ­­та­туының әділ бағасын бе­ретін болады. Ол биліктің ерік­сіз түрде ауысуының алдын ал­ды. Елбасы өз билігін тоқ­та­ту­ға дайындықпен келді. Елба­сы «майдан қыл суырғандай» епті­лік­пен, барлық процедуралық және конституциялық талаптарды сақтап, процестің тазалығын қам­тамасыз ете отырып өз ше­ші­мін қабылдады. Ол осы қада­мы арқылы ұрпаққа үлгі-өнеге қалдырды. Дәлірегі, Елбасы ұрпаққа Қазақстанда алдағы уақытта биліктің ауыстырудың тиімді жолын, халықтың мүддесін барынша ескере отырып жүзеге асыру қажеттігін аңғартты.

Біз тәуелсіз өмір сүруге үй­ренуіміз керек. Саяси таңдауға жауапкершілікпен қараған абзал. Бұл орайда депутаттар мен президентті сайлау, жергілікті би­лік органдарымен сындарлы диалог жүргізу, бюджетті және даму бағдарламаларын бақылауды жүзеге асыру маңызды. Нұрсұл­тан Назарбаевтың тиісті заң­дар­ды алға жылжыту және билік тармақтары арасындағы өкілет­тіктерді бөлу мәселелерінде көп үлгі көрсетті.

Бізге халқымыздың бірлігі мен ынтымағын сақтау аса маңыз­ды. Бұл орайда қазақ халқы негіз­гі жауапкершілікті өз мойнына алу керек. Елбасымыз халықты еліміз­ді сақтауға, бейбітшілік пен бірлікті нығайтуға үнемі шақы­рып келеді. Біздің бірлігіміз, тату­­лы­ғымыз баға жетпес құнды­лы­ғымыз. Тыныштық пен тату­лықты ту еткеніміз үшін халқы­мызды барлық әлем сыйлайды, құр­меттейді әрі дана, бейбіт­ші­лік­ті жақтайтын ұлт ретінде таниды.

Биліктің ауысуына үреймен қараудың қажеті жоқ. Еліміздің жаңа Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың сенімді серігі әрі шәкір­ті. Ол Н.Назарбаевтың саясатын одан әрі жалғастырады. Қ.То­қаев өз ұстазының ұстанған ба­ғы­­ты­на сенеді. Көп векторлы сырт­­­қы саясатымыздың негіз­гі сәу­лет­шілерінің бірі ретінде Қ.Тоқаев біз­дің өңірде өз мүдде­лері бар не­гізгі геосаяси ойыншы­лар ара­сын­дағы теңгерімді қамта­масыз етуді сенімді түрде жалғастыра алады.

Нұрсұлтан Назарбаев елімізде америкашыл, қытайшыл немесе ресейшіл көшбасшы болмауы қажеттігін, Қазақстанды мем­лекеттік мүдделерімізге сай қыз­мет ететін, тәуелсіздігімізге құр­метпен қарайтын тұлғаның бас­қар­ғанын қалайтынын ұқтырды.

Еліміз саяси дамудың жаңа кезеңіне шығады. Алдымызда президенттік сайлау тұр. Бұл сайлауда жаңа тұлғалар танылады. Осы саяси науқан халқымыз үшін үлкен сын. Біз еліміздің, өзіміздің тағдырымызға тікелей әсер ететін жауапты таңдау мүмкіндігіне ие боламыз. Бұл өз кезегінде біз­дің халқымыз үшін жетілу сы­нағы болмақ. Қалай десек те, халық осы саяси науқанда өзінің дұ­рыс таңдауын жасайды деген сенім мол. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Талғат ҚАЛИЕВ,

саясаттанушы