29 Наурыз, 2019

Әскери дәрігерлер халықаралық жарыстарға дайындалуда

525 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Маңғыстаудағы «Оймаша» оқу полигонында Ақтөбе, Атырау және Ақтау әскери бөлімдерінің медициналық қызметтегі әскери қызметшілері арасындағы «Әлем жауынгері» конкурсына қатысатын үздіктер анықталды.

Әскери дәрігерлер халықаралық жарыстарға дайындалуда

Конкурс барысында әскери медициналық қызмет мамандары әскерилердің жауынгерлік даярлығы барысындағы медициналық қамтамасыз етудегі өздерінің кәсіби деңгейі мен біліктіліктерін көрсетті. Конкурс екі кезеңге бөлінді, біріншісі - «Жеке шеберлік», ал екіншісі - «Командалық шеберлік». Бірінші кезең барысында әскери қызметшілер әскери-спорттық кедергілерден өтсе, кейін штаттық қарулардан атыс орындап, арнайы дистанцияда жеке құрамға медициналық көмек көрсету бойынша нормативтерді орындады. Екінші кезең, арнайы оқу-тактикалық алаңда және танкодром маршрутында өтті, ол жерде механик-жүргізушілер өңірдің күрделі жағдайында жүргізу шеберліктерін көрсетті.

Әскери медициналық қызметкерлер шартты түрде жарақаттанған адамды әскери техникадан алып шығып, бірінші медициналық-санитарлық көмекті көрсету бойынша кәсіби біліктіліктерін жақсы көрсете алды. Екінші кезеңде механик-жүргізушінің ұрыс жағдайында әскери техниканы басқару шеберлігі барлығын орнына қойды.

«Әлем жауынгері» халықаралық әскери ойындар конкурсына қатысатын команда құрамына 7 әйел және 7 ер адам кіреді. Оның екеуі дәрігер, 6 медициналық маман және 2 механик-жүргізушілер мен қосалқы қатысушылар.

Дайындық соңында Қарулы Күштердің іріктеу жарысынан өткен әскери қызметшілер Өзбекстан Республикасында өтетін халықаралық армиялық ойындар этапына қатысатын болады.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Egemen Qazagstan»

Маңғыстау облысы