29 Наурыз, 2019

ҚазҚСҒЗИ-ға сейсмикаға төзімді құрылыс саласындағы Базалық ұйым мәртебесін беру мақұлданды

449 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтына ТМД қатысушы мемлекеттерінің сейсмикаға төзімді құрылыс саласындағы базалық ұйымы мәртебесін беру мақұлданды, деп хабарлайды «ҚазҚСҒЗИ» баспасөз қызметі.

ҚазҚСҒЗИ-ға сейсмикаға төзімді құрылыс саласындағы Базалық ұйым мәртебесін беру мақұлданды

Жаңа шешім ТМД Экономикалық кеңесінің жанындағы Экономикалық мәселелер жөніндегі комиссияның отырысында қабылданды.

ТМД қатысушы мемлекеттерінің сейсмикаға төзімді құрылыс саласындағы Базалық ұйым ТМД елдеріндегі ғылыми-зерттеу институттарының тиімді ынтымақтастығы және тәжірибе алмасуы үшін бірыңғай платформаға айналады деп жоспарланып отыр.

Базалық ұйым қызметінің шеңберінде ТМД қатысушы мемлекеттер елдерінің танымал, қазіргі ғалымдары мен мамандары арасынан ғылыми кеңес құру, сонымен бірге ғимараттар мен құрылыстардың сейсмикаға төзімділігін қамтамасыз ету мәселелерін шешуге жас ғалымдарды белсенді тарту жоспарланып отыр. Сондай-ақ ТМД нормаларын үйлестіру мәселелері бойынша жұмыс тобын құру және сейсмикаға төзімді құрылыс саласында бірыңғай ақпараттық база қалыптастыру көзделген.

«ҚазҚСҒЗИ» АҚ бас директоры Бегман Кульбаев ТМД Экономикалық кеңесінің жанындағы Экономикалық мәселелер жөніндегі комиссия отырысындағы баяндамасында: «Сейсмикалық қауіпті аумақтардағы құрылыс кезінде қажетті қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз ету, ТМД қатысушы мемлекеттерінің аумағын жалпы сейсмикалық шағын аймақтандыру картасын әзірлеу, күрделі инженерлік-геологиялық жағдайларда әр түрлі конструктивтік шешімдердің төзімділігіне талдау жүргізу, сондай-ақ тиімді сейсмикалық оқшаулау әдістерін жасап шығару үшін жағдайлар мен тиімді механизмдерді тек біріккен күш арқылы ғана құруға болады», – деп атап өтті.

Базалық ұйым туралы жоба бұған дейін ТМД елдерінің құрылыс қызметіндегі ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық кеңестің отырысында қарастырылып, мақұлданғанын еске саламыз.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ