29 Наурыз, 2019

«Шаңырақ-жүрек» шуағы

278 реткөрсетілді

Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы Бестерек ауылы маңында «Ақбауыр» атты тарихи-археологиялық үңгір-кешен орналасқан. Бұл жер қазір жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген тарихи орын. Оның аумағында – археологиялық ескерткіштер, ерте дәуірдің петроглифтері мен қорымдары, «мұртты» қорғандар бар.

Кешенге алғашқы болып ғылыми зерттеу жүргізген осы ауылдың тумасы, танымал тарихшы-археолог Зейнолла Самашев, аталмыш кешен неолит дәуіріне жататын ең көне жәдігер екенін анықтаған. Бір ғажабы үңгірдің төбесінде күндіз жарық түсетін, түнде жұлдыздар көрінетін пошымы жүрек тәрізді үлкен тесік бар. 

Оны жергілікті орыс ақы­ны Евгений Курдаков «Әлем­нің жүрегі» деп атаса, өлкетанушы Сағдый Қапас­ұлы «Шаңырақ-жүрек» деген атау беріпті. Осындағы шаңырақ-жүректен тас үңгірге жарық нұр-сәуле құйылып тұрады. Кешенді көруге алыс-жақыннан туристер өте көп келеді. 

Көптеген зерттеуші, бұл жерде ерте заманда мау­сымдық күнтізбелік жөн-жо­ралғылар өткізіліп, соны­мен қатар жұлдыздарға астро­номиялық бақылау жасалып, күн мен түннің теңесуін және тоқырауын белгілеп отырған дейді. 

Ауыл ақсақалдарының сөзіне сенсек, бұрындары ел-жұрт күн сәулесі үңгірдің дәл ортасына түскен сәтте Наурыз мейрамы келгенін білетін болған. Сол сияқты жартастардың бірінде жасанды тесік бар. Осы тесікке күн мен түн теңескен Наурыз күні су құйса, сәулесі жо­ғар­ғы тесікке шағылып тұ­ратын болған. Бұл да сол Нау­рыз мейрамы келгенін хабарлайтын тағы бір дерекнама тәрізді. 

Үңгір қабырғасында қызыл күрең охрамен салынған суреттер бар. Суреттердің мазмұны күрделі. Айналасында әртүрлі ирек сызықтар, нүктелер, үшбұрыштар, төртбұрыштар және адамдар, үш-төрт күрке бейнеленген. «Бұл бейнелер арқылы ерте заманның адамдары астрономиялық бақылау жүргізген» дейді ғалымдар. 

Кәсіби мамандардың айтуынша, Ақбауыр үңгір-ке­шенінде ерекше энергия генераторы бар. Бұл құбылыс наурыздың 22-сі немесе 22 қыркүйек күндері ерекше байқалып тұрады екен.

Дайындаған Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Балқаш қол бұлғайды

Туризм • Кеше

ҰБТ тапсырушыларға кеңес (видео)

Қазақстан • 18 Маусым, 2019

Мишель Платини тұтқындалды

Футбол • 18 Маусым, 2019

Ұқсас жаңалықтар