30 Қараша, 2012

Айтылғаннан айтылмаған жәйт әлі көп

379 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Айтылғаннан айтылмаған жәйт әлі көп

Жұма, 30 қараша 2012 7:29

Елімізге аты мәлім Храпунов анау-мынау­дың қолы жете бермейтін жоғары лауазымды қызметтерден қағылып, отставкаға кеткен соң, көңілі нілдей бұзылғаны белгілі. Оның біраз шарықтағаннан кейін құлдыраған кезі 2007 жылдың қараша айы еді. Артынша көп ұзамай, яғни 2008 жылдың сәуір айында Алматы қа­ласының бұрынғы экс-әкімі жиған-тергендерін таудай теңдерге буып-түйді. Дүниелері өте көп екен, жинастырып салуға да біраз уақыты кетті. Сө­зімізде бір өтірік жоқ, әлгі көшке дайын­далған заттар­дың салмағы 18 тоннаға жетті. Сонда Храпу­новқа: «Оу, мұның бәрін қайда әкетесің?» – дегендерге ол миығынан күліп: «Тескен тау асырамын», – депті.

 

Жұма, 30 қараша 2012 7:29

Елімізге аты мәлім Храпунов анау-мынау­дың қолы жете бермейтін жоғары лауазымды қызметтерден қағылып, отставкаға кеткен соң, көңілі нілдей бұзылғаны белгілі. Оның біраз шарықтағаннан кейін құлдыраған кезі 2007 жылдың қараша айы еді. Артынша көп ұзамай, яғни 2008 жылдың сәуір айында Алматы қа­ласының бұрынғы экс-әкімі жиған-тергендерін таудай теңдерге буып-түйді. Дүниелері өте көп екен, жинастырып салуға да біраз уақыты кетті. Сө­зімізде бір өтірік жоқ, әлгі көшке дайын­далған заттар­дың салмағы 18 тоннаға жетті. Сонда Храпу­новқа: «Оу, мұның бәрін қайда әкетесің?» – дегендерге ол миығынан күліп: «Тескен тау асырамын», – депті.

Сол айтқаны рас екен, әлгі 18 тонна жүкті тау-тасты асып түсе алатын машинаға да, поезға да, тіпті мұхиттарды жүзіп өтетін кемелерге де тиемей, құласаң нардан құла дегендей, ТУ-154 ұшағына сылқита салады. Сөй­тіп, шетел түгіл ел ішінде ұшу көп адам­ның арманы болатын ұшақпен Храпунов отбасымен «арман қала Швейцария қайда­сың» деп көкті тіліп тартып отырады. Онда да бір өзі бар ақшасын жеп қойған Алматы әуе­жа­йынан сән-салтанатын жарастырып аттанады.

 

Кейін ол өзінің сайтында жазғандай, бұл шұғыл түрде буынып-түйініп кетуін: «Мен өзімнің «екінші үйім» – Швейцарияға кел­дім», – деп білдіреді. Дегенмен, мұндай қи­тұрқы әрекеттің артында қаншама жалғандық жатқаны қазір әбден ашылды десек артық айтқандық емес. Ол «ұрының арты қуыс» дегендей, істеген қылмысынан өзінің жаны түр­шігіп, сол үшін берілетін жазадан аман қалу үшін бас сауғалап қашты. Бірақ «ұрлық түбі – қорлық» дегендей, түбінде оның сот алдында да, ар алдында жазаға тартылатыны сөзсіз.

Ол кезінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалысымен, білетін жан­дардың айтқанына қарағанда, сол күні-ақ жем­қорлықтың жолдарын сыза бастапты. Мә­селен, оған дейін жергілікті кәсіпкерлер жаңа жобалар үшін облыс орталығынан кедергісіз жер телімдерін алып келсе, енді бұған бірден тосқауыл қойылыпты. Сөйтіп, тез арада Храпунов маңызды орындарға өз адамдарын жайғас­тырған. Ал олар болса, аймақтың экономикасын емес, керісінше сыбайласқан бір топ жемқордың жемтіктерін жабыла жеуіне жол ашқан. Сөйтіп, өңірдің экономикасын, халықтың әл-ауқатын көтеру деген қағаз жүзінде қалған.

Мәселен, 2011 жылы Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасы «Шығыс Қазақстан «Жәрдем» инновациялық орталығы» ЖШС заңсыз жекешелендірілуі туралы қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы жергілікті жерде көп жа­зылды. Храпунов аймақта инновациялық да­муды жүргіземін деген сыңаймен өзінің ЖШС арқылы сенімді адамы – жаңа директор Қарым­сақовқа сауда үйін тұрғызуды міндет­теді. Бірақ ешқандай үй де, ғимарат та салынбады, бар болғаны осыны сылтауратқан Хра­пуновтардың отбасы қалталарын тағы да мил­лиондаған теңгеге қалыңдата түсті. Әри­не, бұл оның шетелге асырып үлгірген қар­жы­сымен салыстырғанда ол үшін түк емес еді.

Сөйтіп, облыстық прокуратура мемлекет меншігін жекешелендіру барысындағы орасан заң бұзушылықты байқады. Ең әуелі әлгі Қарымсақов ұсталды. Дегенмен, ол соттың алғашқы сатысында өзінің кінәсін толықтай мойындай қоймады. Көптеген қылмысын өзінің бұрынғы басшысы – әкім Храпуновқа жапты. Кейін қалалық сот Храпуновтың жылжымайтын мүлікке қатысты барлық мәміле­лерін заңсыз деп табуды ұйғарды. Өйткені, соттың шешіміне қарағанда, бар мүлік мемлекет есебінен тек жалғыз Храпуновтың ықпа­лы­мен шығарылған. Ал бұл мәміледен зардап шеккен жандардың бәрі, жоғарыда айтқа­нымыздай, тек бір адамнан ғана, яғни экс-әкім Храпуновтан өтемақы талап ете алатын. Алайда, бұған пысқырып қарамаған Храпунов бүгінде әлгі жұрттың есебінен ұрланған қаражаттың бәріне шетелде отбасымен ойнап, күліп, сайран салып жүр.

Храпунов Төтенше жағдайлар министрі бол­ған кезде де тап осы жолмен жүргені белгілі. Ол мұнда да мемлекеттің орасан зор байлығын өзі ғана пайдалануға әрекет етті. Соның бірі, мәсе­лен, ол лицензияларды оң­ды-солды беруден де керемет қомақты пайда түсірді. Жер телім­дерін сатуды да жалғастыра берді. Одан аз уақыт­тың ішінде 2,5 миллион доллар ақша тапты. Мұның бәрі оған аз көрінді. Өйткені, ертеңгі күні өзінің шетелге қашатынын алдын ала білді. Сол кезде оған мол қаражат болмаса, анау-мынау миллион­дарға жат жерде өмір сүру қиынға соға­тынын сезді. Демек, қайран Қазақ елінің қазба бай­лықтарын талап жеп жатқандармен бірге бұл да барынша қомағайлана асап қалуға тырысты. Несін айтасыз, содан кейін аямай-ақ жиды ғой.

Алматы әуежайының жаңа құрылысына қатысты шытырман оқиғалар әлі халық есі­н­де. Осы ғимаратты тұрғызу арқылы Ал­ма­ты­ның сол кездегі әкімі Виктор Храпунов мемлекетке 9 миллион доллардың зиянын келтірген.

Алматылықтар осы қалада Храпуновтар отбасының 54 жер теліміне иелік еткендік­те­рін де біледі. Бұл жер телімдерінің көпшілігі жарнама алаңшалары ретінде пайдаланылыпты. Ол телімдерді Алматының бұрынғы әкімі жалпы пайдаланудағы жер қорынан өз туыстары­ның атына аударған екен. Оның үстіне бұл жер телімдерінің барлығы неғұрлым халық көбірек шоғырланатын көше жолдары мен жол қиы­лыстарының бойынан алынған. Олар «Вилед-Алматы» және GeFest атты екі жарнама компаниясына бөлініпті. Артынан белгілі болғанын­дай, бұл компаниялардың құрыл­тайшылары, әкімнің зайыбы Ләйла Храпунова мен ұлы Ілияс Храпунов болып шықты. Алматылықтар қазіргі күні Храпуновтың үстінен ашылып отырған 20 қылмыстық істің саны одан да арта түсетіндігіне сенімді. Егер тергеу орындарынан түсіп жатқан мәлі­мет­терге сүйенетін бол­сақ, бұл отбасының мемлекетке тигізген зияны орасан. Демек, осыған орай жаңа алаяқтық істердің пайда болуы да әбден мүмкін.

Өйткені, бұл кездері оның қолын қаққан жан болмады. «Әй» дер ажа, «қой» дер қожа» жоқ­тық­тан мемлекеттің қаржысын халықтың қалта­сынан қақты. Көп ұзамай-ақ, 2009 жылы Храпунов Швейцарияның «Билан» журна­лын­дағы ең бай деген 300 адам тізімінің қатарына ілікті. Өткен жылы бұл тізімге оның ұлы Ілияс Храпунов, қызы Эльвира Храпунова-Бельдимани және оның зайыбы Ләйла Храпунова да кірді. Хра­пуновтың зайыбының атына Алматы қаласынан 32 жылжымайтын мүлік тіркелген болып шық­ты. Олардың қатарында Луганский көшесінің бойындағы 2 пәтер мен 2 гараж, Достық көшесінің бойын­дағы 1 пәтер мен 1 үй, Гоголь және Панфилов көшелерінің қиылысын­дағы кеңселік ғимарат пен қойма орын-жайлары бар.

Қазіргі күні Храпуновтың Швейцариядағы мүліктерінің арасында құны 32 млн. франк тұратын вилла, Женевадағы құны 16 млн. франк тұратын пәтер, банк орамындағы баға­лы пәтерлер, «Хотел де Парк Холдинг» қо­на­қ­үйі және көптеген ғажайып ғимараттарды ай­туға болады. Ілияс Храпунов болса жеті ком­пани­я­ның қожайыны және жетекшісі. Ал Ләй­ла Храпунова «Тоепффер Инвестиссем» және «Хельветик Капитал» компаниясының басты­ғы болса, қызы Эльвира Бельдимани «Драгон Финаншл» және «Фоеникс Интернейшнл» компа­ния­сының директорлар құрамына кіреді.

Храпуновтардың Қазақстандағы кірістері 858 млн. теңге, яғни 5,7 млн. доллар екен. Тек 2003-2009 жылдар аралығында Ләйла Храпу­но­ва­ның айлығы 7 млн. 95 мың теңгеге жеткен. Оның меншігінде: спорткар БМВ850, құны 1,5 млн. тұратын Мерседес көлігі, Майбах 62 және Мерседес С500 көліктері және болған. Бұған қоса 11 жер телімдері мен бірнеше пәтерлерін ай­тып жатуға қағаз беті жетпейді. Ал Храпу­нов­тың декларация бойынша 2003-2009 жылдар аралығында айлығы 18 млн. 231 теңгені құраған.

Енді осы жоғарыда айтылғандарды қоры­тын­дылай келгенде, бір жағынан Храпунов жеңіл ақша тапқысы келетін көптеген алаяқ­тардың орындалмас арманын жүзеге асырған секілді көрінеді. Дегенмен, бұл дұрыс адам қы­зығатын және үлгі алатын іс емес екені де анық. Өйткені, қашанда медальдің екінші жағы бар екенін ұмытпау керек. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір күні оған алаяқтықпен жинағанын қайта­ру­ға, ол үшін жауап беруге тура келеді. Сол кезде бірақ, миллиондаған швейцариялық франктер оның адал есімін қайтара алмайды, керісінше ол бас бостан­дығын жоғалтатыны сөзсіз. Себебі, Интерпол Храпуновқа баяғыда-ақ халықаралық іздеу жариялап қойған. Енді оның тезірек ұсталуын және билік тізгінін пайдаланып жүргенде ішкен-жегенін қайта құсуын күтіп жүргендер қатары күннен-күнге молая түсуде.