Аймақтар • 31 Наурыз, 2019

Әлеуметтік көмек – әлеуметтік карта арқылы көрсетіледі

2240 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде аса мұқтаж және көп балалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетудің байыпты бағдарламасы белгіленген. Соған сәйкес Ақтөбе облысынан бірер мысал келтіре кетудің орайы келіп тұр. Айталық аймақта өткен жылы жиырма мыңнан астам адам атаулы әлеуметтік көмек алған болса, биыл мұндай деңгейге кіретін тұрғындар саны отыз мыңға дейін жетеді деп күтілуде. Олардың жиырма мыңға жуығы балалар болмақ.

Әлеуметтік көмек – әлеуметтік карта арқылы көрсетіледі

       Қазір өңірде халықтың аз қамтылған бөліктерін қолдауға қатысты қолға алынған іс-шаралар кешені тұрақты әрі жүйелі сыйпат алып келеді. Бұл орайда басты бағдарламалық бағыт Nur Otan партиясының XVIII съезінде ҚР-ның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қойған міндеттерден тамыр тартады. Соған сәйкес облыста атаулы әлеуметтік көмек пен материалдық қолдауға аса мұқтаж жандарды неғұрлым көбірек қамту көзделген.

             Бұған дейін БАҚ-та хабарланғанындай биыл атаулы әлеуметтік көмек беру тәртібіне бірқатар өзгерістер енгізілгені мәлім. Оны оқырмандар назарына тағы бір сала кетсек: Бұрын атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін есепке алынатын төменгі күнкөріс деңгейіндегі өлшем 14 849 теңге болса, енді оның мөлшері 20 789 теңге құрайды. Сонымен қатар азаматтардың өтініш-тілектеріне орай отбасындағы жиынтық табысты есептегенде, алтын және күміс алқалы және көп балалы аналарға төленетін жәрдемақылар, сондай-ақ студенттердің шәкіртақысы есептелмейтін болды.

          Осы орайда облыста атаулы әлеуметтік көмек төлеу үшін аса мұқтаж отбасыларға биылғы 2019 жылы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жұмсау қарастырылған. Бұл жөнінде газет тілішісіне Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров айтып берді. Оның мәлімдеуінше қазіргі күні облыста аз қамтылған және көп балалы отбасылардың әлеуметтік картасы жасақталу үстінде. Оның аумағы мен астары мейлінше кең. Мұндағы басты мақсат атаулы әлеуметтік көмекті оңды-солды үйлестіріп, масылдық көңіл-күйдің шоғын қоздыру емес, керісінше еңбекпен қамту аясын барынша кеңейту.

          Бұл үшін облыста өз ісі мен кәсібін бастауға бел буғандарға шағын несиелер беруге бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Өңірде қазіргі қалыптасқан әлеуметтік ахуалды айқындап оны оң жолға қою ісінде өткен ақпан және наурыз айларында өткізілген «Ашық есік күндері» жақсы нәтижелер бергенін айтуға тиіспіз. Осы шырайлы шара шеңберінде өкілетті орган өкілдеріне әр түрлі көмектер мен кеңестер сұрап келген азаматтардың жалпы саны 5 200-ден асып түскен екен. Олардың талап-тілектерінің бір де бірінің елеусіз әрі ескерусіз қалмағанының өзі бір мерей.

    Осы тұста атап өтерлік жәйт тұрғындар тарапынан ең жиі қозғалған мәселе – баспана болыпты. Бұған байланысты не деуге болады? Ақтөбе облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасының басшысы Нұрлан Иманалинның айтуынша аймақта алдағы кезде табысы төмен көп балалы отбасыларға жылдық өсімі екі пайыздан аспайтын қолжетімді пәтерлер алу мүмкіндігі жасалмақ.

       Облыс орталығында бұл бағыттағы арнаулы құрылыс жұмыстарын «НұрАқтөбе» жаңа тұрғын үй аумағынан бастау жөнінде шешім алынған. Табысы аз, тұрмыс деңгейі төмен отбасылар мен мұқтаж жандардың көпшілігі көп жағдайларда алғашқы жарнаны төлеудің өзіне қиналып қалуы әбден мүмкін. Өңірде мәселенің бұл жағы да ескерілген. Сөйтіп азаматтардың мұндай сыйпаттағы топтарына тұрғын үй сертификаттарын беру көзделген. Бұл үшін облыстық бюджеттен екі жүз миллион теңге қаражат бөлінген.

     Міне, өңірде қолға алынған, халықты әлеуметтік тұрғыдан қолдау шараларының кейбір мысалдары осындай.

АҚТӨБЕ