
Фотолар: Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі
Таудағы көмек
Алматыда ТЖМ қызметкерлері, «109» қызметінің құтқарушылары және таудан түсу кезінде ауыр жарақат алған адамға жедел көмек көрсеткен қала тұрғындары Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен грамотамен марапатталды.
Оқиға 1 ақпанда болған. Куәгерлер Руслан Шестаков, Әнуарбек Бейсенов, Асылжан Досжанов – зардап шеккен адамды бірінші болып байқап, оған алғашқы жәрдем көрсеткен. Көп ұзамай Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері Айбек Сағымжанов пен Гүлниса Анаятова және «109» қызметінің құтқарушылары Пархат Юнусов пен Жомарт Сауданбеков келген.
«Ұлым ауыр жарақат алды, оның омыртқасы сынды. Мен көмекке келген батыл адамдардың арқасында оның тірі қалғанына сенімдімін. Руслан Шестаков, Асылжан Досжанов, Әнуарбек Бейсенов ұлымның дәрігерлерді күтуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Қиын жағдайларға қарамастан, оны жедел түрде ауруханаға жеткізген құтқарушылар мен медициналық топқа ерекше алғыс айтамыз. Әр минут маңызды болды», деді ер адамның анасы Шынар Ізтілеуова.
Бір отбасын екі студент құтқарды
Сала министрі генерал-майор Шыңғыс Әріновтың бұйрығымен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенттері 20 жасар Ернар Тұрсын және 22 жасар Нұрасыл Әлімтаев «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медальдарымен марапатталды.
Естеріңізге салайық, 2 наурызда түнде Алматы қаласы, Жетісу ауданында жеке меншік тұрғын үйдің жанып жатқанын байқаған әрі көмек сұраған айқайларды естіген аталған 2 студент оқиға туралы 112-ші қызметке жедел хабарлаған. Қатты түтін мен жоғары тәуекелге қарамастан, жанып жатқан үйге жүгірген 2 студенттің шешуші әрекеттерінің арқасында 64 жастағы әйел, 17 жастағы және 6 жасар қыз құтқарылған еді.
Тараз тұрғыны жанып жатқан көліктен адамдарды құтқарған
Министрдің «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен Зауырбек Манапбай марапатталды.
Естеріңізге салайық, 8 қазанда Тараз қаласында техникалық қызмет көрсету станциясы жанында бірнеше автокөліктің қатысуымен жол көлік оқиғасы болған, көліктердің бірі өртеніп, келесі көлікте жүргізуші мен жолаушы қалып қойды. СТО қызметкері Зауырбек Манапбай еш ойланбастан өз өмірін қатерге тігіп, жанып жатқан көлікке кіріп, адамдарды қауіпсіз жерге эвакуациялау арқылы құтқарған. Ол сонымен қоса, зардап шеккендерге шұғыл қызметтер келгенге дейін қажетті көмек көрсеткен.