Сегіз айға созылған сергелдең
Сенбі, 7 қаңтар 2012 7:40
Бұл даудың басталғанына бір жылға жуық уақыт болып қалыпты. Бірақ нүктесі әлі қойылмаған. Әл-әзір сол нүкте қойылмайтын да сияқты. Өйткені арыз иесі «не бел кетеді, не белбеу үзіледі» деген қағидадан айнымақ емес. М.Жаңабаев өзін жаланың құрбаны сезінеді. Оның айтуынша, құқық қорғау саласында 10 жыл мінсіз қызмет атқарған аға лейтенант бір күнде жұмыссыз қалған. Содан бері арыз айтып, шағым жазбаған жері жоқ. Бірақ оның жанайқайын тыңдап жатқан жан адам табылмапты. Ең соңғы үміті ретінде «Егеменге» жазған арызы төмендегідей.
Сенбі, 7 қаңтар 2012 7:40
Бұл даудың басталғанына бір жылға жуық уақыт болып қалыпты. Бірақ нүктесі әлі қойылмаған. Әл-әзір сол нүкте қойылмайтын да сияқты. Өйткені арыз иесі «не бел кетеді, не белбеу үзіледі» деген қағидадан айнымақ емес. М.Жаңабаев өзін жаланың құрбаны сезінеді. Оның айтуынша, құқық қорғау саласында 10 жыл мінсіз қызмет атқарған аға лейтенант бір күнде жұмыссыз қалған. Содан бері арыз айтып, шағым жазбаған жері жоқ. Бірақ оның жанайқайын тыңдап жатқан жан адам табылмапты. Ең соңғы үміті ретінде «Егеменге» жазған арызы төмендегідей.
«Қымыз ішіп, қызметтен қуылдым»
«Мен Оңтүстік Қазақстан облысы мамандандырылған күзет басқармасы мемлекеттік мекемесінде 2001 жылдан 2010 жылдың наурызына дейін мінсіз қызмет атқардым. Сол 2010 жылғы наурыздың 8-нен 9-ына қараған түні жазықсыз жалаға ұшырадым. Сол түні мен Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің ғимаратындағы бекетте кезекшілікте тұрған едім. Таң алдында тексеруді сылтау етіп, мамандандырылған күзет басқармасы кадрлармен жұмыс бөлімінің бастығы Ж.Піртаев келді. Ол жай келген жоқ, қызмет бабында тұрған бізге тиісіп, қоқан-лоқы жасай келді. Оның айтқаны «арақ ішіп алыпсыңдар» деген жала сөз болды. Нәтижесінде мені наркологиялық диспансерге күштеп алып барып, сараптамадан өткізді. Бұл сараптама бойынша «жеңіл дәрежедегі масаңдығы» анықталған деген қорытынды шығарыпты. Нәтижесінде осы қорытындыға сүйеніп, басшылық мені қызметтен босатты.
«Жеңіл дәрежедегі масаңдықтың» анықталуы менің сол кезде қымыз ішкендігімнің себебінен деп ойлаймын. Сондықтан наркологиялық сараптаманың қорытындысына наразылық келтіріп, Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотына шағым түсірдім. 2010 жылғы шешімімен Еңбекші аудандық соты наркологиялық сараптама қорытындысын жарамсыз деп тапты. Осы соттың шешімі негізінде мені жұмысқа қайта орналастыру туралы Әл-Фараби аудандық сотына шағымдандым. Менің талап-арызым қаралып жатқан кезде, күзет басқармасы кадрлармен жұмыс бөлімінің бастығы Ж.Піртаевтың атынан жеке айыптау шағымы түскеніне байланысты судья О.Қадірсізовтің хатшысынан сотқа шақыру қағазын алдым. Алайда, сот тергеу барысында Ж.Піртаевтың маған қойған талабы қанағаттандырылған жоқ. Мен керісінше жала жапқаны үшін Ж.Піртаевты қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы Ішкі істер департаментіне арыз бердім. Бірақ аталған құзырлы орган оның үстінен қылмыстық іс қозғаудан бас тартты. Міне, күні бүгінге дейін арыз жазбаған жерім, шағым айтып бармаған есігім қалмады. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Ендігі үмітім «Егемен Қазақстанда» ғана. М.Жаңабаев».
Он жылға жақын Ішкі істер қызметінде еңбек еткен, бүгінгі күні үш баласын асырау үшін кез келген жұмысты істеп жүрген М.Жаңабаев өзінің қызметтен қуылуына мамандандырылған күзет басқармасы мемлекеттік мекемесінің кадрмен жұмыс бөлімінің бастығы Ж.Піртаевты кінәлайды.
«Жаңабаевтікі жала»
«Жаңабаев Мақсат Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 27 желтоқсандағы №1644 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының қатардағы және басшы құрамдағы адамдарының қызмет өткеруі туралы ережеге сәйкес 91-бап «к» тармақшасымен (әскери қызметтік тәртібін өрескел бұзғаны үшін) Оңтүстік Қазақстан облысы мамандандырылған күзет басқармасы мемлекеттік мекемесі бастығының 2010 жылғы 15 наурыздағы №34 бұйрығымен қызметтен босатылды. Себебі, полиция аға лейтенанты Жаңабаев өзінің қызметтік міндеттеріне салақ қарап, өзі тәртіп сақшысы бола тұра күшейтілген қызмет уақытында қызмет атқару кезінде спиртті ішімдік ішкен.
2010 жылдың 8 наурызында мен басқарма бойынша тексеруші болып кезекшілікке түстім. Кезекшілік барысында кезекші бөлімінің кезекшісі полиция аға лейтенанты Б.Көлбаев рация арқылы облыстық әкімдік бекетін мұқият тексеруді сұрады. Өйткені, кезекшілікке түскен қызметкерлер екі сағат көлемінде байланысқа шықпаған. Сондықтан мен бекетті таңғы сағат алтылардың кезінде тексеріп барғанымда кезекшілікте тұрған полиция аға лейтенанты М.Жаңабаевтың, аймақтық мұрағат бекетінде тұрған полиция аға сержанты Ш.Шекербековтің спиртті ішімдік ішкендерін байқадым. Сол жерден полиция аға лейтенанты Т.Оспанқұловты да іздеп тауып алдық. Оның да аузынан арақ иісі шығып тұрды. Мен тез арада дабыл белгісін беріп, сол күнгі полиция батальонының тексерушісі полиция лейтенанты Х.Нұралиевті, взвод командирі полиция майоры О.Сырайловты, батальон командирінің міндетін атқарушы полиция майоры Б.Мақұлбековті және жедел ден қою тобын шақырттым. Солардың көмегімен үш кезекші полиция қызметкерін наркологиялық диспансерге жібердік. Сол жылдың 9 наурызы күні облыстық наркологиялық диспансердің берген медициналық куәландыруында М.Жаңабаевқа «жеңіл» дәрежелі, Ш.Шекербековке «орта» дәрежелі, Т.Оспанқұловқа «орта» дәрежелі алькоголдік масаңдық көрсетілген. Болған жағдай бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп, полиция батальонының жеке құрамының шұғыл жиналысында қаралып, М.Жаңабаев, Т.Оспанқұлов, Ш.Шекербеков қызметтен босатылды.
М.Жаңабаев қызметке қайта орналасу мақсатында Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотына арызданды. 2010 жылдың 15 қазанында шығарылған сот шешімі оның арызын қанағаттандырусыз қалдырды. Одан әрі М.Жаңабаев Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының апелляциялық және кассациялық сот алқаларына шағымданды. Оның бұл шағымдары да қанағаттандырусыз қалдырылды. Дегенмен, арыз иесі күні бүгінге дейін әртүрлі орындарға шағымдануын тоқтатпай келеді. Мәселені сот шешеді дейтін болсақ, бұл органдар әділетті шешімдерін әлдеқашан шығарып қойған. Сонда арыз иесі енді қандай әділдік іздеп жүргенін өз басым түсіне алмадым. Жамалбек Піртаев».
Нүктесі қойылмаған дау
«Біріктіріп айтса, бидікі жөн, құрастырып айтса, құлдікі жөн» дейді халық мәтелі. Жаңабаевты тыңдасаң, «жаланың құрбанымын» десе, Піртаевты тыңдасаң, «Жаңабаевтікі жала» дейді. Өткен жылдың наурыз айында басталған даудың аяғы көрінер емес. Дәл осы мәселеге байланысты талай рет жиналыс өткен, бірнеше мәрте сот болған. Бірақ бұл шаралардың қай-қайсысы да дауды одан әрі өршітпесе, тоқтатуға шамасы келмепті. Сонда бұл дау қашанға дейін созылмақ, бұл дауға қашан нүкте қойылады. Бәлкім бұл сұрақтарға облыстық Ішкі істер департаментінің басшылығы жауап берер…
Шарафаддин ӘМІРОВ.