Спорт • 01 Сәуір, 2019

«Тоғызқұмалақ – өмірімнің бір бөлшегі»

1678 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлттық спорт ойыны түрлерінің бірі – тоғызқұмалақ. Зерттеу­шілер оның төрт мың жылдық тарихы бар, өте пайдалы зияткерлік ойын дейді.

«Тоғызқұмалақ – өмірімнің бір бөлшегі»

Бұл спорт түрі қазір халықаралық деңгейге көтерілген. Жыл сайын әлем және құрлық чемпионаттары өтіп тұрады. Жеңімпаздарымыз да баршылық. Соның бірі – әлемнің 8, еліміздің 13 дүркін чемпионы Әсел Далиева. Тоғызқұмалақшы қарындасымыздың жеткен биігіне теңесер адам әлемде әзірге жоқ. Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитетінің жауапты қызметкері және «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Әсел Егізбайқызын ұлт мейрамы қарсаңында әңгімеге тарттық.

– Ұлттық ойнымыз то­ғыз­құмалаққа қалай келдіңіз?

– Тоғызқұмалақ ойнына ал­ғаш анам алып келді. Мен ол кез­де 9 жаста едім. Оған дейін ол кісі менің тоғызқұмалаққа қызы­ғу­шылығымды байқап, ойын тақта­сын сатып алып берген-тін. Тіпті, ойынның ережелерін де өзі үйретті.

 – Сізді қазір кәсіби тоғыз­құ­малақшы ретінде әлем таниды. Осындай дәрежеге жеткізген бапкеріңіз кім?

– Менің бағымды ашқан бап­керім – Еркетай Имамбаев. Осы кісі маған ойының алғашқы әліп­песімен қоса, адами болмыс, тұл­ғалық қасиеттерге тән көп дүние үйретті. Мені күніне 3 сағат, ал дем­алыс күндері 6 сағат және одан да көп уақыт жаттықтыратын. Мен бұлай үздіксіз еңбектенуден еш жалыққан емеспін. Өйткені менің бойымда аталған ойынға деген ұлы құштарлық оянды. Тіп­ті, тоғызқұмалақ өмірімнің бөлін­бес бір бөлшегі десем де болады. Кіш­кентай кезімде анам марқұм: «Әселдің жаттығып жүрген үйірме ор­талығына өзімен бірге төсегі мен көр­пе-жастығын апарып са­лың­дар», деп әзілдейтін. Себебі мен азан­да кеткеннен түн ортасында үйге сүрініп-жығылып жетуші едім.

 – Тоғызқұмалақ басқа спорт түрлері сияқты бәсеке ар­қы­лы дамитын қимыл-қозға­лыс жаттығуы емес. Яғни, жарыс­тарға дайындық барысын қалай жетілдірдіңіз?

 – Расында, тоғызқұмалақ ойны дене жаттығуын қажет етпейді. Мектеп қабыр­ға­сында оқып жүрген жылдары Қызылорда қаласындағы «Тоғызқұмалақ» клубына барып, тәжірибелі спорт шеберлерімен бірге жат­ты­ғатынмын. Қазіргі таң­да спар­ринг-қарсыласым бар. Ол тоғыз­құмалақтан ерлер ара­сында тұңғыш әлем чемпионы – Ғалым­жан Темірбаев. Екеу­міз үнемі бірге жаттығамыз. ­Жал­пы, мен жа­рыс біткен соң таңдау­лы ойын­дардың көшірмесін күнде­лігіме жазып алып, үйге келіп оны иі қанғанша зерттеймін. Сосын ке­лесі жарысқа сол ойындағы күр­делі партиялардың құрылуына қа­рай дайындық жұмыстарын жа­сай­мын. Негізі отырып ойнайтын, қозғалысы жоқ спорт түрлері қа­жырлылықты ерекше қажет етеді.

 – Әлемде тоғызқұмалаққа ұқсас тақта үстінде ойналатын зияткерлік ыңғайдағы 400-ден астам ойын түрі бар екен. Осылардан қандай ойын түр­лерін білесіз?

 – Дүние жүзінде тоғызұмалаққа ұқсас ойындар өте көп. Осылардың ішінде: мангала, овари, калах, т.б. түрлерін жақсы білемін. Ойнап та жүрмін. Бірақ маған қатты ұнайтыны – овари. Бұл ойыннан бірнеше турнирге қатысып та үлгердім. Швейцарияның Лятурдепе және Францияның Канн қаласында өткен халықаралық турнирлерде жүлделі орынға ие болдым. Тоғызқұмалақ ойнай біле­тін адам бұл ойындарды тез әрі оңай меңгере алады. Себебі бұл ойын­дар тоғызқұмалақ сияқты күр­делі емес, ойын ережелері де жеңіл.

– Тоғызқұмалақ ойынының жоғарыдағы «әріптестерінен» ерекшелігі қандай?

– Мен білетін ұлттық зияткерлік ойындардың ішінде ең күрделісі – тоғызқұмалақ. Себебі басқа ойын­дарда құмалақ немесе тас саны аз болады. Айталық, овари ойнын­да барлығы 48 тас, ал біздің тоғыз­құмалақта 162 құмалақ бар. Қар­сыласты жеңу үшін кем дегенде 82 құмалақ жинау қажет және басқа ойындардан негізгі ерекшелігі – «тұздық» ережесі. Бұл ереже басқа ойындарда мүлдем жоқ.

 – Шетелдерде тоғызқұмалақ тектес ойындарда ұл мен қыздар бір-біріне қарсылас бола алады. Ал бізде ұлдар жеке, қыздар жеке бақ сынасады. Сіздіңше, қайсысы дұрыс?

 – Иә, шетелдіктер солай ойнайды. Менің ойымша, ерлер жеке, әйелдер жеке ойнағаны дұрыс. Олай дейтінім, ерлер қай жа­ғынан алып қарасаңыз да қыздарға қарағанда қуатты. Қажырлылығы жағынан да, ойлау жүйесімен де ойын барысында бізден көшілгері. Сондықтан ер мен әйел жеке-жеке бір-біріне қарсылас болғаны дұрыс деп есептеймін.

 – Тоғызқұмалаққа әсіресе Еу­ропа елдері айрықша қызы­ғу­шылық танытып отыр деген ақпар бар...

– Себебі тоғызқұмалақ ойыны – адамға сабырлылықты, қайсар­лықты, тәуекелшілдікті, шыдам­ды­лықты, әрқашан да дұрыс шешім қабылдауды, сондай-ақ алға мақсат қоя білуді және сол мақ­­сатқа жетуді үйретеді. Осыны аңғар­ған еуропалықтар соңғы жыл­дары қатты қызығушылық танытуда.


       Әңгімелескен Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

       «Egemen Qazaqstan»