Президент • 01 Сәуір, 2019

Президент лауазымына кірісуімен құттықтады

524 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кірісуіне орай жеделхаттар мен құттықтау хаттары келіп түсуде, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

Президент лауазымына  кірісуімен құттықтады


Швейцария Конфедерация­сының Президенті Ули Маурер өзінің құттықтау жеделхатында Швейцарияның Қазақстанмен ынтымақтастықты, сондай-ақ Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк аясындағы өзара тиімді ықпалдастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін атап өткен.

Оман Сұлтаны Кабус бен Саид Қасым-Жомарт Тоқаевқа өзінің жылы лебізін білдіріп, Оманның Қазақстанмен жан-жақты серіктестікті одан әрі нығайтуға және достық байланыс­тарды дамытуға мүдделі екенін жеткізген.

Оман Сұлтандығы Ми­нистр­лер Кеңсесі Премьер-Министрінің орынбасары Оман Фахд Әл-Саид та өз құттықтау хатын жолдады. Ол Қазақстан халқының табысқа кенеліп, өсіп-өркендей беруіне тілектестігін жеткізген, сондай-ақ екі ел арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға сенім білдірген.

Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев Қасым-Жомарт Тоқаевты Президент лауа­зы­мына кірісуімен құттық­тап, екі елді достық пен ынтымақ­тастықтың көпғасырлық байланыстары жалғап жатқанын атап өткен. Әзербайжан көшбасшысы мемлекетаралық қатынастарды одан әрі дамытуға және кеңейтуге сенім білдірді.

Польша Республикасының Пре­зи­денті Анджей Дуда өз құт­тық­тау хатында елдеріміз ара­сын­дағы жақындық пен жемісті ынтымақтастықты атап өткен, сондай-ақ екіжақты байланыс­тарды толыққанды дамытуға сенім білдіре отырып, Қазақстан халқына бақ-береке тілеген.

Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведев Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мем­лекет басшысы лауазымы қыз­метіндегі ауқымды міндеттерді табысты шешетін мол тәжірибесі бар екенін атап өткен.

«Қазақстан мен Ресейдің дос­тық, серіктестік және одақтас­тық қарым-қатынастарын одан әрі тереңдету, сондай-ақ сауда-экономикалық, ғылыми-техни­калық, гуманитарлық және басқа да салалардағы ынтымақ­тастықты нығайту мақсатымен үкіметтер арасындағы бірлескен жұмысты жандандыруға дайын екендігі­міз­ді жеткізгім келеді», делінген жеделхатта.

БҰҰ-ның тұрақты үйлестіру­шісі Норимаса Шимомура өз жеделхатында Қазақстан халқына табыс пен бақ-береке тілеп, БҰҰ орнықты даму мақсаттарын ілгері­летіп келе жатқан Қазақ­станды өркендету ісіне жан-жақты қолдау көрсететінін атап өткен.

ЮНКТАД-ның Бас хатшысы Мухиса Китуйи өзінің құттық­тау хатында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент лауазы­мындағы қызметіне табыс тілеп, өзара тиімді ынтымақтастық­ты жал­ғас­тыруға дайын екенін жеткізген.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Пар­ламенттік Ассамблеясының Прези­денті Георгий Церетели және осы ұйымның Парламенттік Ассам­­блеясының Бас хатшысы Роберто Монтелла да өз құт­тықтауларын жолдап, Қазақ­станмен арадағы қарым-қатынастарды одан әрі ны­ғайтып, дамытуға ниетті екен­діктерін жеткізген.