Әлем • 01 Сәуір, 2019

Келісім жоқ жерде келеңсіздік туады

445 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Рейтер агенттігінің хабарлауына қарағанда, өткен аптада Венесуэланың астанасы Каракас қаласының әуежайына Ресей Қорғаныс министрлігінің Ил-62 және әлемдегі аса үлкен ұшақтардың бірі АН-124 қонған. Олар Венесуэлаға жүз шақты әскери және 35 тонна жүк әкелген.

Келісім жоқ жерде келеңсіздік туады

Әскерилердің арасында жаяу әскерлер Бас штабының бастығы да келгендігі хабарланды. Олардың нақты не мақсатпен жеткені туралы алдын ала хабар берілмеді. Бірақ журналистер келгендердің арасында арнаулы мақсаттағы күштердің өкілдері, соның ішінде киберқауіпсіздік мамандары бар екендігін анық­таған соң алаңдаушылық туындады. Әскерилердің ұшып келу мақ­саты туралы екі күн бойы біле алмай, дүдәмал болған жур­на­листерге тек 26 наурызда ғана Ресей сыртқы істер министр­лігінің арнаулы өкілі М.Захарова мәлімдеме жасап, мамандардың іс-әрекеті Мәскеу мен Каракас арасында 2001 жылы қол қойыл­ған әскери-техникалық ынты­мақтастық жөніндегі келісіммен реттелетінін айтты.

Венесуэлада әлі күнге сая­си дағдарыс жалғасуда. Елде қазір іс жүзінде қос өкімет болып тұр. Оның бірін Ресей заң­ды деп есептейтін Николас Мадуро бас­қарса, екіншісін АҚШ қолдай­тын Ұлттық ассамблея­ның (пар­ламенттің) көшбасшысы Хуан Гуайдо басқарады.

Осы оқиғадан кейін Хуан Гуайдоның жұбайы, белсенді сая­саткер Фабиано Росалес АҚШ-қа келіп, оны президент Дональд Трамп Ақ үйде қабылдады. Кездесуден кейін журналистер­мен болған брифингте Д.Трамп «Ресей Венесуэладан кетуі керек» деп нақты жарияла­ды. «Ресей­ді кетіру үшін АҚШ әс­кер жі­беруі мүмкін бе?» деген жур­на­листердің сұрағы­на ол «барлық шаралар қарас­ты­ры­­ла­­тын­ын» айтты. Сонымен бірге прези­дент Д.Трамп Мәскеу АҚШ-тың позициясын білетінін мәлімдеді.

Фабиано Росалес Трамппен кездескенге дейін АҚШ-тың вице-президенті Майк Пенстің де қабылдауында болған еді. Кездесудің қорытындысы бойынша журналистерге берген сұхбатында М.Пенс: «Ресейдің әскери ұшақтарының келуін Америка Құрама Штаттары арандату деп санайды. Біз бүгін Ресейден Мадуроның режімін қол­дауды тоқтатып, бүкіл әлем­нің үлкен бөлігі мен барлық жар­тышар елдерінің қатарына еніп, азаттық толық қалпына келгенше Хуан Гуайдоның жағына шығу­ды сұраймыз» деді.

Мұндай шақыруларды Ресей­дің місе тұтпасы белгілі, өйткені ол  Н.Мадуроны Венесуэланың заңды сайланған президенті деп таниды. Былтыр мамыр айында болған сайлауда  ол 67 пайыз дауыс жинап, президент сайланған. Бірақ Хуан Гуайдо бастаған оппозиция сайлаудың әділетсіз бол­ғанын айтып, оны президент деп танудан бас тарт­қан. Қоятын кінәлерінің қатарында оппозициялық көш­басшыларды күмәнді айыптармен түрмелерге жапқаны да айтылған. Осы себеппен елдегі демократиялық бірлік қозғалысы бұл сайлауға қатыспаған.

Д.Трамптың Ресей Вене­суэла­дан кетуін талап еткен мә­лім­демесіне Ресей сыртқы істер министрінің ресми өкілі М.Захарова ешқандай ымырасыз текетірестікпен жауап берді. Журналистердің Венесуэлаға әскерилердің не үшін барғаны және қанша уақыт болатынын білмек болған сұрағына орай ол: «Ресейдің әскерилері Вене­суэлада өздеріне және Вене­суэла өкіметіне қанша уақыт керек болса, сонша болады», дей келіп, өзінің мәлім­демесі екі­­жақты әскери-техника­лық ын­­ты­мақтастық жөнін­дегі келі­сімге сүйеніп жасалып отыр­­ғанын, екіжақты халық­ара­лық-құқықтық негіз болған соң, олар­дың әрекеттерін ешкім айыптай алмайтынын айтты.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Д.Песков осы мәселеге қатысты мәлімдемесінде өз елі­нің Венесуэланың ішкі істеріне ара­ласпайтынын және басқа да үшін­ші елдердің осылай істеге­нін қалайтынын айтып, жақауратты.

Оған дейін Мәскеудегі Венесуэ­ла елшілігінің әскери атта­шесі Хосе Рафаэль Торреаль­ба Перес те мәлім­деме жасап, Ресей әскерилерінің Венесуэлаға тек әскери-техникалық ынты­мақ­тастық мәселелерін талқылауға барғанын айтып, ешқандай бірлескен операция жасалмайтынын мәлімдеген.

Сонымен текетірес Вене­суэла­ның ішінде ғана емес, сыртында да жүріп жатыр. Алтыншы сәуірде Х.Гуайдо Мадуроны тақ­тан тайдыруға бағытталған белсенді әрекеттерге баратынын жариялап үлгерді. Оның қандай әрекеттер екендігі әзірге белгісіз. Елдегі экономикалық тығырық, соның ішінде электр қуатының жиі өшірілуі оған «жақтас» болып тұр. Ал Мадуро болса электр қуаттары жүйесін АҚШ қасақана істен шығаруда деп Американы айыптауда. Трамп Мадуроны АҚШ-тың қайырымдық көмек­терінен бас тартқаны үшін айып­та­ды. «Біз Венесуэланың азамат­тары үшін бірнеше миллион доллардың көмегін жинаған едік, содан Мадуро бас тартып отыр. Ол өз азаматтарының ашық­қа­нын қалайтын болса керек» деді Д.Трамп. Бұл көмектер Колум­бия арқылы жеткізілмек болған.

Ал АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Вашинг­тон НАТО-мен бірлесіп, алдағы аптада жаңа санкциялар жасайты­нын мәлімдеді. Олар негізі­нен Ресейдің Украина­дағы бел­сен­ділігіне қарсы шаралар бол­ғаны­мен, Венесуэладағы теке­тіресті де ескеріп жасағалы отыр.

Әлемнің екінші шетінде орналасса да осындай текетірес­тер үлкен оқиғаларға соқтыруы мүмкін екендігін ойлағанда, тек келісім үстеліндегі шешімдер ғана өркениетті жолдың жалғыз құралы екендігіне көз жет­кізе түсесің. Ал келісім болмаған жер­де заңсыздық күш алатынын көріп жүрміз.