Спорт • 01 Сәуір, 2019

Шағын футболдан қалалық турнир өтті

1110 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

30 наурызда елордасы Нұр-Сұлтандағы «Ынтымақ» спорт кешенінде Наурыз мейрамы аясында бұқаралық спорттың насихатталуына және қайырымдылыққа бағытталған шағын футболдан қалалық турнир өтті. Сенбі күні өткен турнирге әртүрлі салада қызметтегі ересектерден құралған «Тіл-Қазына», «ҚазКонтент», «Жалын, «Жайдарман», «Астанкино», «Дарабоздар», «Арқалық» және «Руханият» командалары қатысты.

Шағын футболдан қалалық турнир өтті

Спорттық әрі қайырымдылық шарасының өтуіне ұйытқы болған Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Руханият» КММ басшысы Ержан Еңсебай:

-    Бұл турнир бұқаралық спортты, салауатты өмір салтын насихаттау бағытында және қайырымдылық мақсатында ұлыстың ұлы күні Әз Наурыз мейрамы аясында ұйымдастырылып отыр. Қатысушы командалардан жиналған қаражат елордада тұратын әлеуметтік жағдайы төмен 3 отбасыға, дәлірек айтқанда, бірі 8 балалы мүгедек жан болса, екіншісі – темір вагонда күнелтіп жүрген көп балалы ана, сондай-ақ, жақында ғана елордада автобустар соқтығысқан жол көлік оқиғасында мүгедек болып қалған тұрғынның жолдасына берілді. Олардың әрқайсына 68 000 теңге және қосымша демеушілік жасаған «AFFORD» киім дүкенінің 30000 теңгелік сертификатын табыстадық. Шараға атсалысып, ойын көрігін қыздырған азаматтарға және спорт залымен қамтамасыз еткені үшін Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасына алғысымызды білдіреміз, дейді.

Екі топқа бөлініп ойнаған 8 команданың ішінде «Жайдарман» командасының әзілкеш жігіттерінің бағы мен бабы басым болып, бас жүлдені жеңіп алса, осы команданың ойыншысы Данияр Бекжанов «Үздік қорғаушы» атанды. Турнир басынан-ақ ерекше мінез бен өзгеше ойын өрнегін көрсеткен «Астанкино» командасының финалда ғана жолы болмай, жүлделі 2-орынды місе тұтты. Аталмыш команданың қақпасын күзеткен Қуаныш Қасеновтің «Үздік қақпашы» атанғанын айта кетейік. Ал, финалда жүздескен қос мықтыға жартылай финалда жол берген «Дарабоздар» мен «Жалын» командалары 3-орынды өзара сарапқа салған болатын. Нәтижесінде «Жалын» командасы қарсыластарынан басым түссе, осы команданың намысын қорғаған Марат Оразалиев «Үздік ойыншы» атанды. «Дарабоздар» сапындағы Марат Хавсемет «Үздік шабуылшы» атанса, ұйымдастырушылар осындай қайырымдылық турнирін алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр.