Биыл ақпан айында облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес жедел медициналық көмектің аудандық бөлімшелерін оңтайландыру ісі жүзеге асқан болатын. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, бұл ұсақ құрылымдар «Алғашқы көмек» ЖШС құрамына қосылған. Сонымен бірге Жол картасында қарастырылған шаралар кешеніне сәйкес қала емханаларының жанынан шұғыл медициналық көмек беру қосындары құрылған. Оның бәрі де тәулік бойы жұмыс істейді. Қосындардың қызметі жеделдіктің төртінші дәрежесіне сәйкес келеді.
Осы орайда жеделдіктің төртінші дәрежесі деген тіркеске түсініктеме бере кеткен жөн. Жедел жәрдем мамандарының мәлімдеуінше, шұғыл медициналық көмек көрсету жеделдіктің төрт дәрежесімен таңбаланады. Мысалы, инсульттің ауыр түрлері, жүрек талмасы, ауыр жарақат алу кезіндегі шақырулар бірінші дәреже қатарына кіреді екен. Мұндай жағдайда жедел жәрдемнің келу уақыты барынша тез болатыны айтпаса да түсінікті.
Бүгінде өңір тұрғындарына 67 жедел медициналық жәрдем бригадалары көмек көрсетеді. Соның ішінде облыс орталығында 52 дәрігерлік-фельдшерлік бригадалар тәулік бойы жұмыс істейді. Тұрғындарды аталған көмекпен қамту саны мен көлемі жыл басында облыс бойынша 870 мыңға жуық адамды құрады. Аталған көрсеткіш Ақтөбе қаласы бойынша 510 мың адамнан асып түседі. Ал бригадалар мен автокөліктердің санына келсек, бұл мөлшер алдын ала белгіленген талаптар мен нормативтерге сәйкес келеді.
Мұндағы басты өлшем әр 10 мың тұрғынға шаққанда 1 санитарлық автокөлік бригадасы қызмет көрсетуге есептелген. Жедел жәрдем бригадаларының қызмет көрсету радиусы Ақтөбе қаласында 35 шақырымды құрайды. Мұндағы мөлшерлі уақыт шегі, яғни шақырылған сырқатқа жедел жәрдем автокөлігінің жету уақыты 15 минуттан аспайды. Былтырғы көрсеткіштерге сәйкес медициналық көмек көрсету қызметкерлері бір жыл ішінде 300 мыңға жуық шақыруды қамтыған. Оның басым бөлігі Ақтөбе қаласы тұрғындарының үлесіне тиеді. Айталық, өткен жылы қала бойынша науқасқа келу көрсеткіші 5,7 минутты көрсетті. Бұдан кейінгі дәрежелер бойынша 9,2-11,3 және 15,9 минутта жедел жәрдемнің жетуі тіркелген.
Әрине өмір болған соң, жедел шақыруларға кешігіп бару көріністері кездеспей тұрмайды. Тұрғындардың өкпе-реніштері көбіне осындай жағдайда туындайтыны белгілі. Дегенмен, биыл мұндай көрсеткіштердің азайғаны айқын көрінеді. Сонымен бірге жедел медициналық көмек беру құрылымдарының материалдық-техникалық базасы жыл сайын жақсарып келеді. Шақырулар бойынша жолға шыққан дәрігерлік-фельдшерлік бригадалардың іс-қимылдарын бақылау тетіктері де тереңдей түсуде. Сондай-ақ облыста дәрігерлік-фельдшерлік және жүргізушілік құрамдардың біліктілігін көтеру ісі жүйелі жолға қойылған.
«Egemen Qazaqstan»
АҚТӨБЕ