– ҰҚК Шекара қызметіне 7 мыңнан аса, Қарулы Күштер сапына 13 мыңдай, Мемлекеттік күзет қызметіне шамамен 600-дей, Ұлттық гвардияға 13 мыңнан аса жас сарбаз қабылданады, – деді А.Кукатов.
Көктемгі шақыру науқаны қарсаңында Қорғаныс министрінің қатысуымен қорғаныс істері жөніндегі департаменттер және басқармалардың бастықтарымен семинар өткізіліп, өзекті мәселелер талқыланған.
–
Тың өзгерістерді ескере отырып, шақыру барысында заңнамалық деңгейде мерзімді әскери қызметті өткеруден жалтаруға тырысатын адамдар ерекше бақылауға алынады. Сондай-ақ олардың тарапынан шағымды болдырмай шақырылушылар және олардың ата-аналарымен сапалы ұйымдастырылған жұмысты өткізуге назар аударылды, – деп мәлімдеді Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы.
Қарулы Күштер өкілі шақырту алғанымен, әскери-медициналық тексеруге келмегендерге 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынатындығын да атап өтті. Сондай-ақ әскерден жалтаруға әрекеттенгендерді қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі де жүргізілуде.
Сонымен қатар мерзімді әскери қызметке азаматтарды шақыру кезінде сыбайлас жемқорлық заңнамасы мен мінез-құлық әдебін міндетті түрде сақтау жөнінде шаралар қарастырылған.
Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan»