Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Омашевтің айтуынша, биылғы егіс алқабының көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 25 мың гектарға немесе 4,9% артық екен. Нарықтағы сұранысқа және өндірістік тиімділігіне байланысты майлы дақылдар алқабы 18,2%-ға, картоп 2,4%-ға және көкөніс-бақша дақылдарының алқаптары 7,5%-ға ұлғаяды.
Жоба бойынша өңірдегі дәнді дақылдардың алқабы 265,0 мың га құрауы тиіс. Оның ішінде 76,6 мың гектар алқап күздік дақылды құрайды.
Егілетін дәнді дақылдың басым бөлігін құрайтыны – бидай мен арпа, бұлар барлық дақыл түрінің 90 пайызы. Одан бөлек 4,4 мың га тары да бар.
Майлы дақылдар алқабы да 2018 жылмен салыстырғанда 10 мың гектарға көбейіп, 64,8 мың га болмақ. Оның басым бөлігі күнбағыс 51,0 мың гектарға егіледі.
Бұдан бөлек 10 000 га алқапқа картоп және көкөніс-бақша дақылдарын егу жоспарланған.
Гидрометқызмет мамандары биыл Батыс Қазақстан облысында топырақтың жоғары қабатының ылғалы мол деп отыр. Оның үстіне егістік иелері де қарап жатпай, қыс бойы 35 мың гектар жерде қар тоқтату жұмыстарын жүргізген. Осының бәрі биылғы егін шығымы жақсы болады деген үмітті оятып отыр.
Өңірде көктемгі егісті жүргізуге қажетті тұқым қоры жеткілікті. Мысалы, дәнді дақылдар үшін тұқым қоры – 105%, майлы дақылдар үшін – 102, картоп тұқымы – 100% дайын. Бұл тұқымдық қордың сапасын «Қазагрэкс» АҚ және «Орал-Жер» ЖШС зертханалары тексеріп, «егуге жарамды» деген шешім шығарған.
Биылғы көктемгі далалық жұмыстарына Батыс Қазақстан облысында 4215 трактор, 4081 дәнсепкіш, 830 қопсытқыш және «Джон Дир», «Флексикойл», «Кейс», «Хорш» маркалы 47 жоғары өнімді егіс кешендерінің қатысады. Бүгінде тракторлардың 97%, дәнсепкіштердің 96%, қопсытқыштардың 97% жұмысқа дайын.
Көктемгі далалық жұмыстарды жүргізу үшін облысқа 12 мың тонна (сәуірге - 2 мың тонна, мамырға – 6 мың тонна, маусымға – 4 мың тонна) дизель отыны керек. Бұл көлем бөлінді, жеткізуші оператор болып «Батыс Арна» ЖШС анықталды. Дизель отынының бағасы литріне 165 теңгені құрайды.
- Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға «Кеңдала» бағдарламасы арқылы 291,5 млн. теңге қарастырылған, ол 7%-дық мөлшерлемемен беріледі. Қаржы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының аудандық несие серіктестіктері арқылы ауыл шаруашылық тауар өндіруші 15 ұйымға берілді. Бұдан бөлек «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 16%-дық мөлшерлемесі бар 559 млн. теңге қарастырылған, - дейді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ БҚО филиалының директоры Ерлан Нысанғалиев.
«Казагроқаржы» АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары Амангелді Иманов өңірде техника лизингісіне 2900 млн. теңге қаралғанын, қазіргі уақытта шаруашылықтар 1050 млн. теңгеге 80 бірлік техника сатып алғанын айтып отыр.
Батыс Қазақстан облысы