Қазақстан • 02 Сәуір, 2019

Атырауда әлеуметтік жобалар іске аса бастады

516 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атыраудағы шағын және орта бизнес субъектілерінің 50 пайыздан астамына әйелдер жетекшілік етеді. Соңғы жылдары мұнайлы аймақта жеңіл өнеркәсіп саласы қарқынды дамуда. Өңірлік Кәсіпкерлер палатасы мен жергілікті дизайнерлер Ассоциациясы арасында қол қойылған меморандум да осы бағыттағы жұмыстарға серпін бермек.

Атырауда әлеуметтік жобалар іске аса бастады

Аталған Ассоциация құрамында 6 кәсіпкер әйел бар. Жетекшісі - «ASU.KZ» сән үйінің басшысы Айсұлу Оразбаева 20 жылдан бері осы салада еңбек етеді.

- Бар білетінімді жастарға үйреткім келеді. Бүгінгі жастардың тігіншілік іске, дизайнерлікке деген қызығушылықтары жоғары. Талантты жастар көп, солардың бастарын қосып, шығармашылықтарын шыңдауға, өз істерін бастауларына қолдау көрсетуіміз керек, - дейді кәсіпкер.

Өңірлік Кәсіпкерлер палатасының басшысы Абдолла Идресов екіжақты меморандум аясында көпбалалы, жұмыссыз, әлеуметтік жағынан аз қамтылған әйелдерге арнайы семинарлар ұйымдастырылатынын айтады.

Аймақта бұдан басқа да әлеуметтік маңызды жобалар қолға алына бастады. Облыс әкімінің тапсырмасымен «Isker ana» жобасы аясында 300-ден астам атыраулық қыз-келіншек жаңа кәсіп түрін меңгеруде. Ақысыз шеберлік сағаттары да бар. Атырау сервис колледжінде өтетін кезекті курсқа көпбалалы, жалғызбасты, жұмыссыз әйелдер қатысады деп жоспарланып отыр. Қаладағы белгілі визажист Бақыт Мырзағалиева мен кондитер Динара Ахметова, тігінші Айзада Кенен сұлулық әлемінің қыр-сырын үйретіп, тәтті тағамдар пісіруді, әдемі көйлек тігуді үйретеді. Әлеуметтік осал топтағы әйелдердің қоғамнан қалыс қалмай, өздерін жетілдірулері үшін мұндай бастамалардың мәні зор.